ҚАЗ РУС

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:

Ерекше мүмкіндік

+ 100% -
Версия для слабовидящих

2018 жылғы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметінің негізгі бағыттары бойынша талдамалық ақпарат

Дене шынықтыру және спорт саласы жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қоғамның берік әлеуметтік бірігуіне, болашағы бір ұлтты қалыптастыруға, патриотизмді жүйелі тәрбиелеуге ықпал ететін перспективалы алаңдардың бірі ретінде қызмет атқарады.

Қазіргі заманғы әлемде спорт пен саламатты өмір салты экономикалық дамумен бірге, азаматтардың өмір сүру сапасының негізгі көрсеткіштері қатарынан орын алады және халықтың әлеуметтік жұмыспен қамтылуының маңызды аспектісі ретінде қарастырылады әрі солай болып табылады.

Елімізде спорт жалпыұлттық бірліктің, ынтымақтың нышанына айналып, жаңа қазақстандық патриотизмнің, мақтаныш сезімнің және өз елімен ынтымақтастықтың негіздерін қалыптастырудың маңызды аспектілерінің бірі болып отыр.

Дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану халықты сауықтыру, олардың өзін-өзі танытуы мен дамуының неғұрлым қолжетімді және тиімді тетігі, бейәлеуметтік құбылыстарға қарсы күрес құралы болып табылады.

Қоғамдық дамудың жаңа міндеттерінің пайда болуы спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін басым бағыттар спектрін айқындайды, мұндай бағыттардың ең маңыздылары — жетекші әлемдік тәжірибеге сүйену, саланы басқару мен дамытуға ғылыми тәсілдер мен қағидаттарды, инновацияларды кеңінен енгізу және т.б.

Спорт пен дене шынықтыру саласындағы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзіне тән ерекшелігі дәстүрлі түрде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамытудың теңгерімді тәсілдерін іске асыру болып табылады.

Бұқаралық спортты дамыту.

Бұқаралық спорт саласында ел халқының дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтуды ұлғайту басым бағыт болып отыр.

Бұл ретте, салауатты өмір салтын дәріптеу және бұқаралық спортты дамыту аясында бұқаралық спорттық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу қамтамасыз етілген (спартакиадалар, турнирлер, отбасылық спорттық жарыстар, жүгіруден бұқарлық жарыстар). 2017 жылы жалпы саны 5,6 млн. адамды қамтитын 44 мың іс-шара, 2016 жылы жалпы саны 5,6 млн. адамды қамтитын 43 мың іс-шара, 2015 жылы жалпы саны 4,6 млн. адамды қамтитын 33 мың іс-шара өткізілді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша тестілерді тапсыру халық арасында қызмет дәрежесіне қарамастан еңбек ұжымдары, банк қызметкерлері, ардагерлер, мемлекеттік және мекемке қызметшілері, сонымен қатар, жоғары оқу орындарында және жалпы білім беру мектептерінде тұрғылықты мекен-жайына байланысты спорт түрлерінен спартакиадалар өткізу тұрақты негізде қамтамасыз етілген. 2017 жылы 5,1 млн. адам қатысты, оның ішінде 126,3 мың. адам Президенттік деңгейдегі нормативті орындады, сонымен қатар ауылда –  42,5 мың адам қатысса, 274,6 мың адам ұлттық деңгейдегі нормативті орындады, және де ауылда – 107,3 мың адам (1-диаграмма).

ҚР МСМ ведомстволық статистикалық деректері

(1-диаграмма) Президенттік деңгейдегі нормативті орындағандар саны

Елімізде дене шынықтыру және спортпен айналысушылар санының тұрақты өсу үрдісі байқалады (2015 жылы – 26,3%, 2016 жылы – 27,4%, 2017 жылы – 28,7%).

2017 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысушылардың саны 5,2 млн. астам адамды құрады. Сондай-ақ, спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің саны    451,2 мың оқушыны немесе барлық оқып жатқандардың 15,4%-ын құрады, 2015 жылы – 415,4 мың адам, 2016 жылы – 427,3 мың адам болған (2-диаграмма).

ҚР МСМ ведомстволық статистикалық деректері

2-диаграмма. Дене шынықтыру және спортпен айналысушылар санының өсу динамикасы

Мектеп жасындағы балаларды тұрғылықты жерлері бойынша дене-шынықтыру-сауықтыру жұмыстарымен қамтамасыз ету мақсатында қосымша білім беру ұйымдары қызмет көрсетуде, олардың ішінде, 2017 жылы 537 балалар-жасөспірімдер клубтары (БЖК) жұмыс істеді, балалар-жасөспірімдер дене дайындығы клубтарының (БЖДДК) саны 96 бірлікті құрады.

Сонымен қатар, балалардың дене шынықтыру жүйесін жетілдіру бойынша қабылданған шаралар арқасында оқушылардың спорт секцияларында шұғылдануға қызығушылықтары байқалады. 2017 жылдың қорытындылары бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдерді қамту 2016 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға өсіп, мектептерде оқитын барлығы 2,9 млн. оқушыдан 451,2 мың оқушыны немесе 15,4% құрады (2016 жылы -15,3%).

2017 жылы балалар-жасөспірімдер клубтары және балалар-жасөспірімдер дене дайындығы клубтарында 124,4 мыңнан астам балалар мен жасөпірімдер дене шынықтыру және спортпен шұғылданумен қамтылды, 2016 жылмен салыстырғанда 8,5% немесе 9,8 мың балаға ұлғайды (2016 жылы – 114,6 мың бала).

Студенттік спорт саласы белсенді дамып келеді. Республикада 128 жоғары оқу орнында 414,5 мың студент оқиды, олардың ішінде 324,0 мың студент 1-2 курстардың міндетті пәндер бағдарламасының және 3-4 курстардың оқу жоспарының өзгермелі бөлімінің аясында дене шынықтыру және спортпен айналысумен қамтылған, бұл студенттердің жалпы санының 78,1%-ын құрайды.

Дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тартылған денсаулық мүмкіндіктері шектеулі жандар санының өсу қарқыны сақталғанын атап өткен жөн. Еліміздегі жалпы халықтың 3,6%-ын құрайтын 644,2 мың мүмкіндігі шектеулі жанның ішінде 277,7 мың адамға спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілім жоқ. 2016 жылғы олардың саны 27 421 адам (10,2%) болса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 29 729 адамды (10,7%) құрады (3-диаграмма).

ҚР МСМ ведомстволық статистикалық деректері

3-диаграмма. Спортпен шұғылданатын денсаулық

мүмкіндіктері шектеулі жандар санының өсу динамикасы

Республикада денсаулық мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған 12 спорт клубы (Астана және Алматы қалалары, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары) және осы бағыттағы спорт түріне арналған 2 мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мамандандырылған спорт мектебі (Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстары), сондай-ақ 1 бөлімше «Мұз айдыны» МҚК Қызылорда қ., 1 ойын спорты түрлері және мүгедектер спорты бойынша БЖСМ Павлодар облысында жұмыс істейді, ол жерде 5 129 адам спортпен шұғылданады.

Сонымен қатар, елде Қазақстанның Ұлттық Паралимпиялық комитеті, «Спешиал Олимпикс» Қоғамдық Бірлестігі және Сурдлимпиялық Федерациясы қызмет атқарады.

Жыл сайын 5 мыңнан астам мүгедек спортшылардың қатысуымен түрлі санаттағы мүгедектерге арналған 40-тан астам халықаралық және республикалық чемпионат пен турнирлер өткізіледі. 2017 жылдың қорытындысы бойынша 47 республикалық жарыс ұйымдастырылды, 37 халықаралық сайысқа қатысу қамтамасыз етілді.

Қазақстанда ұлттық спорт түрлері спорттың және дене тәрбиесінің ажырамайтын бөлігі, ұлттық патриотизмге және ұлттық тарих пен дәстүрлерге құрмет көрсетуге тәрбиелеу арқылы жастарды спортқа тартатын және халықтың денсаулығын нығайтатын фактор болып табылады.

Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде 20-дан астам ұлттық спорт түрі жанданып дамыды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша қарқынды түрде дамыған ұлттық спорт түрлерімен 343,3 мыңнан астам адам шұғылданады немесе дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындардың жалпы санынан 6,1%-ын құрады (2015 жылы — 299,7 адам, 2016 жылы — 278,2 адам) (4-диаграмма).

Ұлттық ат спорты жарыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізуге жағдай жасалуда. Барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында стандартты ипподромдар салынды.

Қазақстанда ұлттық спорт түрлері бойынша 7 мамандандырылған клуб және 9 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді.

2016 жылы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі комитеттің шешіміне сәйкес «Қазақ күресі» және «Саятшылық» ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген.

2017 жылы ұлттық спорт түрлері бойынша 18 оқу-жаттығу жиындары, 55 республикалық сайыс өткізілді, сонымен қатар 18 халықаралық жарысқа қатысу қамтамасыз етілді.

ҚР МСМ ведомстволық статистикалық деректер

4-диаграмма. Ұлттық спорт түрлерімен айналысушылардың санының динамикасы

Халықты дене шынықтырумен қамтуды көп жағдайда саланың қолданыстағы инфрақұрылымы айқындайды.

Ведомстволық статистикалық есепке сәйкес 2017 жылы елімізде 11,3 мың спорт нысаны қызмет етеді және 2016 жылмен салыстырғанда олардың саны 1,8%-ға өскен (11,1 мың спорт нысаны).

Соның ішінде: 9,3 мыңы — спорт мектептерін қоса алғанда, білім беру мекемесі объектілеріне, 2,0 мыңы — дене шынықтыру-спорт мақсатындағы объектілерге жатады.

Бүгінгі таңда Азиада мен Универсиадаға арнап салынған спорт объектілері (Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі мен «Алау» мұз сарайы) және Алматы қаласындағы «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондар халықаралық кешені) еліміздің ұлттық құрама командалары үшін оқу-жаттығу, тәрбиелеудің даярлық базасы, әлемдік спорттық сахнадағы шетелдік спортшылармен бәсекеге қабілетті халықаралық дәрежедегі спортшыларды өсіру үшін, сондай-ақ бұқаралық спорт түрлерін дамытуға арналған ұйымдар ретінде қызмет етуде.

2017 жылы ел өңірлерінде жергілікті бюджет есебінен және демеушілік қаражатты тарту арқылы 29 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. 2018 жылдың басынан бері еліміздің өңірлерінде 30 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр, оларды қаржыландырудың көзі жергілікті бюджеттер мен бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, Алматы облысындағы Республикалық олимпиадалық даярлау базасы мен Астана қаласындағы «Олимпиадалық даярлау орталығы» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар жалғасуда.

Өткен жылдың желтоқсанында Ақмола облысының Щучье қаласындағы республикалық шаңғы базасы құрылысының Бірінші кезегі пайдалануға берілді. Бұл құрамында жыл бойы қолдануға болатын салқындату жүйесі мен жасанды жапқышы бар шаңғы трамплинін қамтитын, спортшыларды әлемдік деңгейде даярлаудың бірегей кешені. Мұнда 20-дан астам биатлон трассасы, ұзындығы 6 км болатын шаңғы сырғанау трассасы, 200 орынға арналған қонақ үйі, дәрігерлік-оңалту орталығы орналасқан. Нысанның екінші кезегі биыл аяқталатын болады.

Спорт пен дене шынықтыру саласын дамытудың әлемдік тәжірибесі бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысын тиімді дамытудың нәтижесінде спортшылар Олимпиада ойындары мен халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізетінін көрсетеді.

Жоғары жетістіктер спортын дамыту.

Отандық жоғары жетістіктер спорты да нақты міндеттер мен даму бағыттарын іске асыруға бағдарланған.

Тәуелсіздік кезеңінде республикада кәсіби спортшыларды дайындаудың бастапқы кезеңінен жоғары спорттық шеберлікке дейінгі жүйесі қалыптасты.

Қазақстанда спорт түрлерінен 109 республикалық федерация, оның ішінде олимпиадалық спорт түрлерінен — 40, ұлттық спорт түрінен — 7 федерация, мүгедектер спорты түрлерінен — 3 федерация және олимпиадалық емес спорт түрлерінен 59 федерация жұмыс істейді.

Біліктілікті арттыру мақсатында 2013 жылдан бері жетекші спортшылар мен жаттықтырушылар Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде жақын және алыс шет елдерде оқуға мүмкіндік алды.

Отандық спортшылар жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалуы ең маңызды нәтиже болып табылады.

Қазақстанда 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының өткізілуі жалпыұлттық спортты зор салтанатқа бөледі, онда ел құрамасы бұдан бұрынғы Азия ойындарының бәріне қарағанда, жеңіп алған медальдар бойынша рекорд орнатып, бірінші орынға ие болды.

2012 жылы Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан спортындағы елеулі оқиға болды, мұнда Қазақстан командасы өз тарихында тұңғыш рет әлемнің 205 елі ішінде бейресми командалық есепте 12-орынға табан тіреді.

2014 жылы Инчхон қаласында (Корея Республикасы) өткен жазғы Азия ойындарында ұлттық құрама команда 84 медаль (28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль) жеңіп алып, 4-орынды иеленді.

2014 жылы Сочи қаласындағы қысқы Олимпиадада қазақстандық 15 спортшы 6 спорт түрінен ғаламның 10 үздік спортшысы қатарынан орын алды.

2016 жылдың басты оқиғасы – Рио-де-Жанейро қаласында (Федеративтік Бразилия Республикасы) 41 спорт түрінен әлемнің 207 елінен 10 мың спортшының қатысуымен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары болды. Аталған жарыстарда Қазақстан құрамасы түрлі деңгейдегі 17 медаль: 3 алтын, 5 күміс,  9 қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 22 орынға ие болды.

Алматы қаласында өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада-2017 табысты өткізу Қазақстанның маңызды халықаралық имидждік жобаларының бірі болды. Еліміздің тарихында алғаш рет Қазақстан жалпы командалық есепте 2-ші орынға ие болды. Ұлттық құрама команда 36 медаль — 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медаль жеңіп алды.

Төртжылдықтың соңғы жарыстарының нәтижелеріне келетін болсақ — Пхенчхан қаласында қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан фристайл могулдан алғаш рет қола жеңіп, Сочи Олимпиадасындағы жетістігін қайталады. Қазақстан ТМД мен балтық жағалауы елдері арасында 57 лицензия жеңіп алып Ресейден кейін екінші орында болды (Латвия — 34 лицензия, 1 медаль, 28-орын; Украина — 33 лицензия,1 медаль, 21-орын; Белоруссия — 32 лицензия, 3 медаль, 15-орын; Өзбекстан мен Қырғызстан 2 лицензиядан). Oлимпиада-2018 нәтижесі бойынша Қазақстан командасы командалық есепте 28-ші орынға ие болды.

Үстіміздегі жылғы 5-19 наурыз аралығында Пхенчхан қаласында (Корея Республикасы) XІІ қысқы Паралимпиада ойындары өтті. Аталған қысқы Ойындардың қорытындысына сәйкес, біздің спортшымыз Колядин Александр спринт 1,5 км шаңғы жарысында 24 қатысушыны артта қалдырып, тәуелсіз Қазақстанның тарихында қысқы паралимпиададан тұңғыш алтын медальді жеңіп алды.

2017 жылы 58 олимпиадалық, 22 ұлттық, 190 олимпиадалық емес спорт түрлері, оның ішінде техникалық спорт түрлері мен мүгедектер спорты дамытылды. Сонымен қатар, олимпиадалық спорт түрлерінің қатарында тректегі велосипед спорты, гольф, академиялық есу, желкенді спорт, мәнерлеп жүзу, суға секіру, қазіргі бесайыс, триатлон, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл және сноуборд сияқты республиканың төрт өңірінен азырақ аймақта жергілікті сипатта дамыған спорт түрлері бар.

Қазақстандық жоғары жетістіктер спортының имиджін және бәсекеге қабілетін арттыру мақсатында 2017 жылы республикада бірқатар халықаралық және республикалық іс-шаралар мен жарыстар өткізілді, сонда-ақ спорт түрлерінен ұлттық құрама команданың шетелдегі халықаралық жарыстарға қатысуы қамтамасыз етілді.

Оларға қатысу үшін 2017 жылға арналған спорттық-бұқаралық, негізгі республикалық және халықаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбелік жоспарына сәйкес спортшылардың кәсібилігін және жоғары кәсіби шеберлік дайындықтарының сапасын арттыру үшін спорт түрлері бойынша 556 оқу-жаттығу жиыны, оның ішінде республикадан тыс 473 оқу-жаттығу жиындары өткізілді (жазғы спорт түрлері бойынша – 315, қысқы спорт түрлері бойынша – 619, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша – 72). Спорт түрлерінен құрама командалардаң спортшылары әртүрлі санаттағы 429 халықаралық жарыстарға қатысты, соның ішінде 58 халықаралық жарыс репсублика аумағында өткізілді. Сондай-ақ 472 республикалық жарыс өткізілді.

Елімізде спортшыларды үздіксіз даярлау үшін 459 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (5-диаграмма) және 320 989 бала мен жасөспірімді қамтитын мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектептері қызмет етеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша республикада 16 олимпиадалық резервті даярлау орталығы, 3674 баланы қамтитын 13 облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, 23 облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, ішінде 2 062 бала айналысатын 5 республикалық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, 2 Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі, 1 Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы, 1 Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы, 9 Олимпиадалық даярлау орталығы бар.

ҚР МСМ ведомстволық статистикалық деректер

5-диаграмма. балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің саны

Республикада 42 жоғары оқу орны (ЖОО) дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша жыл сайын 5 мың оқытушы даярлайды, соның ішінде бөлінген грант негізінде (2016 жылы – 500 грант, 2017 жылы – 715 грант бөлінді).

Аталған ЖОО-лардың ішінде бір жекеменшік ЖОО – Қазақ туризм және спорт академиясы дене шынықтыру оқытушыларымен қатар, жаттықтырушы-оқытушы мамандарын оқытып шығарады.

Бұдан басқа, 24 колледжде және 5 республикалық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде «дене шынықтыру оқытушысы» және «спорттан жаттықтырушы-оқытушы» мамандықтары бойынша 15 мың оқушы тәлім алады, олар жыл сайын 3,5 мың маманмен қамтамасыз етеді.

Елімізде барлығы 11,9 мың жаттықтырушы жұмыс істейді (3,4 мың адам ауылды жерде), оның ішінде жоғары білімді 10,0 мың адам (2,7 мың адам ауылды жерде), орта кәсіптік білімді 1,5 мың адам (589 адам ауылды жерде), 343-і дене шынықтыру бойынша жоғары не орта білімі жоқ, бұл жалпы санының 2,8% құрайды. 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылардың саны 872 адамға ұлғайды.

2017 жылы дене шынықтыру ұжымдарының саны 20 207 бірлікті құрады, оның ішінде ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 12 042 бірлікті құрады. Бұл   2016 жылмен салыстырғанда 325 бірлікке артық.

Спорттық медицина емдеу-профилактикалық медицинаның құрамдас бөлігі, сонымен қатар спорттық резервтегі спортшыларға медициналық қызмет көрсетудің ажырамас бөлігі, дене тәрбиесі тиімділігінің негізгі шарттарының бірі, спортшылардың денсаулығы мүдделеріне және оның физикалық жетілуінде дене шынықтыру және спорт құралдарын ұтымды пайдалану болып табылады.

Спорттық резервтегі спортшылардың денсаулығы жағдайының төмендеуінің ерте кездегі белгілерін табу және ескерту үшін спорттық медицина және оңалту орталығында, емдеу-профилактикалық мемкемелердің дәрігерлік бақылау кабинеттерінде диспансерлеу жүргізіледі.

2017 жылы спортшылардың 68%-ы немесе 7,4 мың адам диспансерлеумен қамтылды, 2016 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8%-ға немесе 834 адамға ұлғайды.

Ұлттық құрама командалар спортшыларының нәтижелері жыл сайын өсіп келеді, оның дәлелі әртүрлі санаттағы жарыстарда жеңіп алынған медалдар. Еліміздің  ұлттық құрамасы әртүрлі жарыстардағы спорттың түрлері бойынша – 760 медаль (206 – алтын, 242 – күміс, 312 – қола), 248 жазғы олимпиадалық спорт түрлері, 150 қысқы олимпиадалық спорт түрлері, 362 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жеңіп алды.

Бүгінгі таңда мемлекетімізде допингке қарсы қызметті жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Допинг қолдануға жазалау шараларын қатаңдату бойынша Қазақстан Республикасында қолдануға болатын әлемдік тәжірибелер зерделенді.

Допингті қолдануға қарсы тақырыптар бойынша лекциялар, 720 жаттықтырушының қатысуымен 36 семинар, 1 118 спортшының қатысуымен – 48 лекция, спорт дәрігерлерінің қатысуымен (180 адам) 10 семинар, допинг-бақылаупроцедуралары бойынша препараттарды қолдану жөніндегі консультациялар өткізілді.

Жалпы, 2017 жылы допингке қарсы ережелерді бұзудың 21 оқиғасы анықталды. 20 тәртіптік шешім қабылданды. Қалғаны қазіргі кезде тергеу барысында.

2017 жылы спортта тыйым салынған субстанциялар мен әдістерді терапиялық мақсатта қолдануға рұқсат алуға 2  сұраныс келіп түсті. Күнделікті спортшылар және олардың сынамалары туралы ақпарат ДДҚА сайтында АДАМС жүйесінде тіркеліп, онлайн тәртібінде талданады. ДДҚА сайтында онлайн тәртібін барлық жазбалар қаралады. Нәтижелері спорт түрлері бойынша федерацияларға (халықаралық және ұлттық) жолданады.

Қазіргі кезде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленді.

Заңжобаның негізгі бағыттары мыналар болып табылады: допингке қарсы ережелерді бұзушыларға қылмыстық және әкімшілік жазаларды қатаңдату; Ұлттық допингке қарсы ұйымдардың мәртебелерін күшейту, Сурдлимпиада комитетінің мәртебесін күшейту болып табылады.

Негізгі проблемаларды талдау

Бірінші. Өңірлерде спорт инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы, бұл ең алдымен  ауылдық мекендерде материалдық-техникалық базаның төмен деңгейі. Бүгінгі күні елімізде 11 126 спорт құрылымдарының тек қана 1 939 мамандандырылған спорт объектілеріне жатады.

Өңірлерде олардың саны негізімен ашық спорт құрылыстары (спорт алаңдары, алаңдар, тренажерлар,  Street Workout тренажер қондырғылары) есебінен өсуде.

2017 жылы олардың саны 22 479 бірлікті құрады, алдыңғы жылмен салыстырғанда 791 бірлікке артты.

Ал жабық спорттық құрылымдар, әсіресе ауылды жерлерде жеткіліксіз.

Мысалы, мектептердегі спорттық залдар республика бойынша тек оқу сабақтарын өткізу үшін пайдаланылады (8469 спорт залдардың 6822 бірлігі жалпы білім беру мектептеріне жатады.

Еліміздің өңірлеріндегі дене шынықтыру-сауықтыру залдардың қажеттілігі 1,4 млн. ш.м. немесе 46,7% құрайды, ал нақты 53,3% (немесе 768,9 мың ш.м.) қажеттілік қамтамасыз етілген.

Екінші. Ауылдық жерлерде спорт әдіскерлерінің жоқтығы. Облыстардағы әкімдіктердің мәліметтеріне сәйкес, 2017 жылы республикада тұрғылықты жері бойынша жұмысты 3,6 мың спорт әдіскерлері атқарады (2016 жылы – 3,1 мың бірл.), оның ішінде ауылдық жерлерде 1,8 мың бірлік (2016 жылы – 1,7 мың бірл.).

Бүгінгі күні елімізде 2,3 мың ауылдық округ бар, оның 1,7 мыңында нұсқаушы-әдіскерлер жұмыс жасауда. Нұсқаушы-әдіскерлерге деген қажеттілік 511 (2016 жылы – 771) округте немесе 33,3 % құрайды (2016 жылы 33,5%).

Алайда, ең аз спорт әдіскерлерімен қамтылған Қарағанды (12,8%), Атырау (12,7%), Шығыс Қазақстан (34,4%) облыстарында.

Нұсқаушы-әдіскерлердің санының ұлғайуы Ақмола (+11), Қостанай (+23) облыстарында байқалады.

Спорт әдіскерлердің санының қысқаруы, әсіресе ауылдық жерлерде бұқаралық дене шынықтыруды ұйымдастырғанда кері әсер етеді, спорттық-бұқаралық жарыстарды өткізу деңгейінің сандық және сапалық көрсеткіштерін төмендетеді.

Үшінші. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі спортсмендердің көптеген спорттық объектілерге қолжетімдігінің жоқтығы.

2015 жылы Қазақстан Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары туралы конвенцияны ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты халықаралық стандарттарды қолдануды өз міндетіне алды.

Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес 2017 жылы Қазақстанда 27,8 мың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді болуы үшін төлқұжаттау өткізілді, оның ішінде 17,5 мың объект бейімделуге тиіс, ал               11,2 мың объект бейімделіп болды.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі спортсмендерді спорт объектілерге қолжетімдігін қамту оларды қайта қалпына келтіру кешенді, кезең-кезеңімен шешуді талап етеді және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында спорт объектілерінің халықтың әлжуаз санаттарына қолжетімдігін қамтамасыз ету және мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз орта құру қажет.

Төртінші. Материалдық-техникалық жарақтандырудың төмен деңгейі және спорт инфрақұрылымының жеткіліксіз болуы, республикалық олимпиадалық даярлау орталығы және олимпиадалық резерв даярлау орталығы, сонымен қатар өңір орталықтарында олимпиадалық резерв даярлауында меншікті материалдық-техникалық базаның жоқ болуына негізделген.

Көптеген қолданыстағы спорттық ғимараттар жетілдірілген нормативтерге, халықаралық регламенттерге, оқу-жаттығу процестері мен жарыстарды өткізу қағидаларына сәйкес емес. Сонымен қатар, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар мен жоғары спорт шеберлігі мектептерінің спорттық базалары талаптарға сәйкес емес.

Бесінші. Заманауи талаптарға сәйкес спортта ғылыми базаның болмауы, және білікті мамандардың жетістпеушілігі. Аталған мәселелерді шешу бойынша алғашқы шара ретінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша «Ресей Халықаралық Олимпиада университетінде» (Сочи қ., Ресей) «Спорт әкімшілендірудің шебері», «Спорттық менеджмент» бағдарламалары бойынша оқыту бағытындағы жұмысты жалғастыру жоспарлануда.

Алтыншы. Балалар-жасөспірімдіер спорт мектептер (БЖСМ) желісінің дамуы жеткіліксіздігі. Жоғары жетістіктер спортын дамытудағы және қалалық, облыстық және ұлттық құрамаларға спорттық резервті дайындаудағы негізгі компонент болып табылатын балалар-жасөспірімдіер спорт мектебінің (БЖСМ) саны жеткіліксіз болып отыр. 2011-2015 жылдар аралығында БЖСМ-дің саны 20 бірлікке ғана көбейгенің осының дәлелі. Республикадағы кейбір өңірлерде БЖСМ-нің санының көрсеткіштері 2011 жылдан бері өзгерген жоқ. Мысалы, Ақмола облысында 21 БЖСМ болса, Қарағанды облысында – 40, Қостанай облысында – 28, Қызылорда облысында – 21, ал Солтүстік Қазақстан облысында – 26 бірлік.

Барлық жерде спортпен шұғылдануды қамтамасыз ету мақсатында, БЖСМ-дің саны көтеру сол өңірдің демографиялық көрсеткіштеріне сәйкес болу қажет.

Сонымен қатар, БЖСМ-нің оқу-жаттығу процессін ұйымдастырудың негізі тегін болуы көптеген материалдық жағдайы төмен жанұялардың спортта дарынды балаларына спортпен шұғылдануға жол беретіні маңызды фактор болып табылып отыр.

БЖСМ барлық өңірлерде болғанына қарамастан, оларда оқу-жаттығу үдірісін өткізетін спорттық базалардың барын айту әзірше мүмкін емес. Бүгінгі күні 459 БЖСМ-нің 133-і жекеменшік спорттық базаларының болмағандығынан оларды жалға алуға мәжбүр. Бұл сондай-ақ, қаржыландырудың жетіспеушілігімен байланысты.

Жетінші. Білікті жаттықтырушы саны жеткіліксіз.

Қазіргі таңда өңірлерде жоғарғы спортта жаттықтырушылардың саны жеткіліксіз. Бүгін Қазақстанда жазғы спорт түрлері бойынша 42, қысқы спорт түрлерінен 13 қысқы олимпиадалық спорт түрлері жұмыс істейді, спорт түрлерімен шұғылданатындар саны 2 196,5 мың адамды құрайды. Жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен жаттықтырушылар саны 26,6 мың адам, қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен жаттықтырушылар саны 3,9 мың адамды құрайды. Орташа мөлшермен жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен бір жаттықтырушы 78, қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен 30 спортшыны жаттықтырады, оқу-жаттығу процесін тиімді ұйымдастыру үшін бұл олардың саны жеткіліксіз.

Оқытушы-жаттықтырушыларды дайындайтын Қазақтың туризм және спорт академиясынан басқа, Қазақстанның ЖОО-да дене шынықтыру және спорт оқытушыларын дайындайды. Келесі орта мерзімдік жоспарда спорт түрлері бойынша жаттықтырушыларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін жағдайларын жасау қажеттігі туындап отыр. Сонымен қатар, спорт саласындағы мамандарды даярлап, оның негізінде жаттықтырушылар дайындайтын жетекші жалпыұлттық орталық – Спорт академиясын ашу үшін де жағдай жасау қажет.

Бөлісу:
  • Добавить ВКонтакте заметку об этой странице
  • Мой Мир
  • Facebook
  • Twitter
  • LiveJournal
  • LinkedIn
  • Одноклассники

Сұхбат

IMG_4529

Фируза Шарипова Әлемдік рейтингте көтерілді

Июн 19 2018

Қазақстандық екі салмақ дәрежесі бойынша Әлем чемпионы Фируза Шарипова, әлемдік рейтингте едәуір өсті деп, спортшының баспасөз қызметі хабарлайды. Мәселен, Шарипова тоғызыншы орынды иеленіп, BoxRec-тің ТОП-10 қатарына кірді. Ал, WBС рейтингінде Далее »