ҚАЗ РУС ENG

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:

Ерекше мүмкіндік

+ 100% -
Версия для слабовидящих

1999 ж. 16 қыркүйек

Елiмiздiң жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауiпсiздiгi

 

Қадiрмендi отандастарым!

Әрбiр буынның өзi өмiр сүрген уақытты өзектi кезең санайтыны бар. Дегенмен, мыңжылдықтар межесiнде ғұмыр кешудi тарих тек бiздiң буынның ғана маңдайына жазыпты. Бұл бүгiнгi буынның басына қонған бақ қана емес, сонымен қатар оның басына түскен уайымы да, бұл бiзге берiлген мүмкiндiк қана емес, сонымен бiрге бiзге төнген қатер де. Соңғы он жылдың iшiнде бiз бастан кешкен уақиғалардың шиыршық атып тұрғандығы, күнделiктi өмiрдiң уайым-қайғысы мен қауiп-қатерiнiң шығынға шыққандығы сондай, кей-кейде көне тарихтың бел-белестерi де, келешектiң көкжиегi де көмескiленiп кете бередi. Сонда да жүрiп өткен жолымызды еске алып, таяу болашаққа ой көзiмен үңiлетiн сәттерiмiз де болып тұруға тиiс. «Өзiңнiң өткенiңдi ұмытсаң, ол болашақта алдыңа келедi» деген ғибратты сөз бар.

  1. Тарих және тәуелсiздiк

      Осыдан мың жарым жылдай бұрын ұлан-байтақ Еуразия даласының нақ кiндiгiнде көне түрiктердiң ұлы империясы дүниеге келдi, ол империя кейiн мына шетi Қытайдан басталып, ана шетi Византияға тiрелiп жатқан алып кеңiстiктi бағындырып алған қуатты мемлекеттiк бiрлестiктерге айналды. Сол уақыттардан берi бiздiң бабаларымыз Солтүстiк Еуразияның төсiнде, тұрақ-мекенiн ауыстырмай ғұмыр кешiп келдi, қазiр бiз де тап сол өңiрде өмiр сүрiп жатырмыз.
Екiншi мыңжылдықтың бас жағында даламыз моңғол көшпендiлерiнiң шапқыншылығына ұшырап, аса жойқын апатқа тап болмағанда Қазақстанның тарихы басқаша түзiлер едi. Алайда, тарих болжам жасап, бал аша бергендi мойындай қоймайды, сондай-ақ ақ-қара деп қана айыра салғанды да құп көрмейдi. Моңғолдардың шағын қолы жергiлiктi халыққа араласып, сiңсiп кеттi, одан кейiнгi Алтын Орданың, Ақ Орданың, Көк Орданың тарихы, шынтуайтына келгенде, түрiк халықтарының тарихы болып табылады.
Он бесiншi ғасырда алғашқы қазақ хандығының құрылуы халықтың тарих төсiндегi, уақыт кеңiстiгiндегi өзiне тиiстi бөлекше орынды алып тынғанын тиянақтады. Ұлы хандарымыз Керей мен Жәнiбек оны саяси тұрғыдан бедерлеп бердi. Ұлттық тарихымыздың соңғы бес ғасыры халқымыздың өмiр сүретiн кеңiстiк үшiн арпалысының тарихы болып табылады. Бiз өзiмiздiң өткендегi өмiрiмiзге кiлең бiр кездейсоқ оқиғалар тiзбегi деп қарамауымыз керек. Шұғыл өркендеп кеткен еуропа мен дами түскен Қытай XVI-XVII ғасырлардың өзiнде көшпелi халықтардың мүмкiндiктерiн күрт кемiтiп, олардың бойындағы күш-қуатын бiр-бiрiн жойып жiберуге жұмсатып қойды. Қазақтар мен жоңғарлардың трагедиясы осылайша басталды. Ұлттың бойындағы қуат кернеуiнiң күштiлiгi сондай, бiз сол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» да төтеп бере алдық, сөйтiп жеңiп шықтық. Бiр болсақ бiздi алар жау жоқ деген қарапайым ғана, қарапайым да болса мәңгiлiк ақиқат ойға да сол тұста ден қойғанбыз. Елдi қос өкпеден қысқан құрсаудан халықтың басын қосқан айбынды ханымыз Абылайдың сөзi мен семсерi құтқарып қалатыны да сол тұста болатын. Алайда, ол жеңiстiң қызығын ұзақ көре алған жоқпыз. Бiз тарихи тұрғыдан көштен қалып қойған халыққа айнала бастадық.
Ресей империясының құрамында болған кезiмiз көшпелiктiң тарихтағы бағы баянды еместiгiне көз жеткiздi. Абылай ханның немересi Кенесарының қияпатты тұлғасы, тәуелсiздiк үшiн арпалысқан басқа да ерлердiң бейнесi бiздiң жадымызда жатталып қалады. Бұл трагедияның түйiнi ержүрек номадтардан уақыттың өзi бетiн бұрып алғанында болатын.
Жиырмасыншы ғасырдың бас жағында бiздiң сан ғасырлық тарихымызда тұңғыш рет халықты әлемдiк айдынға алып шығуға нақты мүмкiндiк туды. Ол мүмкiндiктi туғызғандар «Алаштың» ардақты азаматтары едi. Алайда, ендi басқа трагедия — тоталитаризм трагедиясы алдан шығып, тарихымыздың жүз жылға жуық белесiн жапты да тастады. Тiкелей немесе жанама шығындардың кесiрiнен тек қазақтардың өзi айналасы бiрнеше жылда халықтың 40 проценттейiнен айырылып шыға келдi. Ондаған миллион орыстар, украиндықтар, еврейлер опат болды… Тоталитаризм ұлтқа қарап жатпайды. Этностың басына түскен осынау ақырзаманда ешқандай ұлттың кiнәсi жоқ екенiн, мұның өзi сол жүйенiң табиғатынан туындағанын түсiнетiн шақ жеттi. Ол Жүйе тiптi тұяқ серпитiн сәтiнде де Алматының алаңында жiгiттер мен қыздардың қанына қол батырып қалудан шiмiрiккен жоқ…
Ұзақ жылдар бойы халықтың бойындағы қуат дамуға емес, өлместiң күнiн кешуге жұмсалып жатты. Бiз жаңа жүзжылдықтың табалдырығына қилы-қилы мұраны арқалап жеттiк, сонымен бiрге ұлттық тарихта бiзге дейiн ешқандай ұрпақтың қолына тимеген мүмкiндiктi де ала келдiк. Қияметтi де қияпатты соңғы онжылдықта бұған дейiнгi жүздеген ұрпақтардың қолы жетпегенге қол жеткiздiк: тәуелсiз мемлекет құра алдық. Бiздi ендi ешқандай тарих желi жер бетiнен жойып жiбермейтiндiгiнiң басты кепiлi мiне осы.

  2. XXI ғасырдың салар сынағы

      «Қатып-семiп қалған уақыттың» құшағына қайта түспес үшiн бiз нақтылы ойлай бiлуiмiз керек. Жиырма бiрiншi ғасырдағы Қазақстан — әлемдiк экономикалық және саяси кеңiстiктiң бiр бөлiгi.
Әлемнiң басқа аймақтарындағы дағдарыс Қазақстанды да шарпып, шалдықтырып кеткен шақта бiздiң бәрiмiз де алапат ауқымдылықтың салмақ-салдарын сезiне алдық. Әлемнiң бағыт-бағдары ұлттардың да бағыт-бағдары болып барады. Бүгiнде оқшауланушылық саясаты, әсiресе, Қазақстан үшiн жеңiлiспен тең. Ұлт пен мемлекеттiң аман қалуының жалғыз жолы — экономиканы ашық ұстау, әлемдегi қуатты экономикалық аймақтармен ықпалдаса араласып-құраласу.
Айрықша жолды ойлап табуға тырысушылық экономикада ғана емес, саясатта да жарға жықпай қоймайды. Қазақстан әлемдiк тенденцияларға қарсы тұра алмақ емес. Ашық қоғамды демократиясыз құруға болмайды. Бұл сапарда кiдiрiстер де кездесер, алайда, қандай саяси қажеттiлiк талап етсе де, Қазақстанда керi шегiнуге жол жоқ. Монархтардың, бас хатшылардың немесе президенттердiң белден баса беретiн кезi келмеске кеттi.
Алайда осынау мiндеттердiң бәрiнiң үдесiнен шығу елдiң қауiпсiздiгiне келiп тiреледi. Сонан да жиырма бiрiншi ғасыр бiздiң алдымызға ауыр сынақ тосқалы тұр. Екiншi дүние жүзiлiк соғыстан берi әлемде кем қойғанда 170 рет соғыс өртi тұтанды. Қазiр де төрт құрылықта 24 жерде соғыс сипатындағы қақтығыс орын алып отыр.
Көршiлес жатқан елдердегi қарулы қақтығыстар және олардың Қазақстанға ауысу қауiпiнiң бар екендiгi — таяудағы жылдарда бiздiң қауiпсiздiгiмiзге салынар басты сынақ. Бұл — құр теория емес, нақты қатер. Бұл қатер босқындардың баса-көктеп енiп кетуiнен де, Қазақстанды қарулы қақтығыстарға ұрындыру мақсатымен жасалатын арандатушылықтан да, ел территориясында террорлық әрекеттер жасаудан да, шекарадағы жағдайды ушықтырудан да көрiнiс табуы мүмкiн.
Жаңа ғасырдың басында саяси және дiни экстремизмнiң кеңiнен таралуының қаупi де мұнан кем емес. Экстремизмнiң неше атасы — өтiп бара жатқан ғасырдың қорқынышты «жаңалығы», оны ойда-жоқта шыға келген сұмдық деп қарауға болмайды. Оның бастау-бұлағы, себеп-салдары бар. Тек күш көрсетумен бұл мәселенi шеше алмайсың. Күш көрсету күш көрсетудi туғызатыны тағы бар.
Қазақстан есiрткi тоқтаусыз тасымалданатын белдеуде жатыр. Орналасқан жерiне байланысты Қазақстан есiрткi бизнесiнiң халықаралық құрылымдарының мүддесi үйлескен аймаққа айналған. Бұл мәселенiң географиялық, экономикалық тұрғыдан қарағандағы өлшемдерiнiң маңыздылығын ескерумен қатар, есiрткiге салынушылық пен есiрткi бизнесiмен күрестi қазақстандықтардың өздерiнiң қолдауынсыз жүргiзуге болмайтынын да түсiнуге тиiспiз. Проблеманың ауқымын мемлекет қана емес, тұтастай алғанда қоғамның өзi де шамалауға мiндеттi.
Өкiмет билiгiн Конституцияға жат әдiстермен тартып алуға шақыратын күштердiң iс-қимылын қырағылықпен қадағалап отыруға тиiспiз. Ия, бәлкiм, бiз қателiктер жiберетiн де шығармыз. Бiздiң уақытымызға әдiл бағаны тек болашақтың тарихшылары ғана бере алады. Алайда, осындай өтпелi кезеңдердiң бiрiнде айтылған «тозаққа барар жол да iзгi ниетпен төселген» деген ақиқат сөз де бар. Мемлекеттiң айналасындағы жағдай қазiргiдей өте нәзiк те тұрлаусыз күйде тұрған кезде iштен iрiп жату дегенiңiз дәп сол тозаққа барар жол болады да шығады. Осыны түсiнгiсi келген адам көршiлерiмiздiң қайғылы халiне көз салса жетiп жатыр. Немесе өткенiмiзге көз жiберсiн — ұлттың басы бiрiкпеген кездерiне мысал жетiп артылады. Мұндай қателiктердi бiз қайталамақ емеспiз. Өзiнiң мемлекеттiлiгiне қол жеткiзген халықтың тағдырын ешкiмнiң де, мейлi олар қандай ұранды бетперде етiп ұстаса да, тәлкегiне түсiрiп қоя алмаймыз.

  3. Ауытқымалы дүниедегi қауiпсiздiк

      Ғасыр соңында қауiпсiздiктiң бүкiл халықаралық жүйесiнiң тас-талқаны шығуға шақ қалды. Соғыста жеңiп шығу бейбiтшiлiк қол жеткiзуден жеңiлiрек деседi. Ұлттық егемендiктiң мызғымастығы принциптерiне арқа сүйейтiн халықаралық құқыққа негiзделiп құрылған бейбiтшiлiк «сыр бере» бастады. Таяудағы тарихтың «адамды адастырып жiберетiн сипаты» бiздi өзiмiздiң қауiпсiздiгiмiздiң мәселесiне айрықша ықылас қоюға мәжбүр етедi.
Тәуелсiздiк алғалы бергi Ресей бiз үшiн көп көршiнiң бiрi емес. Мына қарапайым жайды — алдағы ғасырда Ресеймен серiктестiк қарым-қатынастарымыз бiздiң елiмiздiң стратегиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мiндеттi шарттардың бiрi болатынын түсiнетiн, мойындайтын шақ жеттi.
Өзiнiң мыңжылдық тарихында Қазақстан тұңғыш рет Қытаймен заңды түрде бекiтiлген шекараға ие болды. Ол шекара достық шекарасына айналды. Қытаймен тұрақты қарым-қатынас жасаудың Қазақстан үшiн мән-маңызы ерекше. Осынау ұлы мемлекетпен қатынастарымызды «Шанхай бестiгi» шеңберiнде нығайта түсу планетаның осы бөлiгiндегi аймақтық қауiпсiздiктiң негiзi болмақ.
Қазiрдiң өзiнде Қазақстандағы инвестицияның үштен бiрi Америка Құрама Штаттарына тиесiлi, Американың экономикасы мен саясатының Қазақстанға қатысын кеңейте түсу, демократиясы дамыған елдермен сан салалы байланыс жасау да бiздiң ұлттық қауiпсiздiгiмiздiң iргелi мәселесi.
Орталық Азияның екiншi мыңжылдықтағы тарихи құрлықтың орталығында орналасқан, әлемдiк коммуникация жүйесiне шыға алмайтын халықтардың болашағы болмайтынын көрсетiп бердi. Орталық Азиядағы барлық халықтардың тарихы, егер жекелеген жайларды алып тастар болсақ, бiз әлемдiк маңызы бар транспорт арнасы бола аламыз ба, әлде тағы да жолдың бiр жиегiнде қалып қоямыз ба деген басты мәселенiң қалай шешiлетiнiне байланысты. Расында да, «әмiршiлер келедi, кетедi, ал халықтар қала бередi». Жаңа ғасырдың табалдырығында тұрғанда Орталық Азия мемлекеттерiнiң саяси ұмтылысы мәселесiнен гөрi, қауiп-қатерiн де, мүмкiндiктерiн де iшiне бүгiп жатқан мына әлемде ел болып қалудың стратегиясы мәселесi әлдеқайда маңызды. Орталық Азия халықтарының бiр-бiрiне сенiмi мен өзара жақындаса түсуi бiздiң ортақ қауiпсiздiгiмiздiң мүддесiне сай келедi.
Тағдырға мойынсұнған құл күйiнде өмiрден өтедi деген сөз бар. Тағдырымыз қаншама күрделi күйде қалыптасса да, белсене әрекет етпейiнше болашағымыздың баянды болмайтынын бiз бiлемiз. Бұл арада әңгiме игi жемiсiн қазiрдiң өзiнде көрiп отырған бiздiң дипломатиямыздың белсендiлiгi жөнiнде ғана емес. Бiз ұлттық қауiпсiздiктiң стратегиясын бекiтiп алдық. 2000 жылдың басында жаңа әскери доктрина қабылданбақ, онда әскердi жеткiлiктi деңгейде қаржыландыру көзделетiн болады. Ел басшылығы артық шу шығарып, дабыра жасамай-ақ саяси және дiни экстремизмнiң жолын кесудiң нақты шараларын жүзеге асырды. Бұл бiзге жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығына аспай-саспай қадам басуға мүмкiндiк жасайды. Жер көлемi жағынан әлемдегi тоғызыншы ел болып табылатын Қазақстанның шекаралары, қандай экономикалық қиындықтарға да қарамастан, таяудағы жылдардың өзiнде сенiмдi түрде бекiтiлетiн болады.
Дүниеде екi дүлей күш бар, оның бiрi — уақыт, ендi бiрi — жағдаят деген сөздiң осыдан екi ғасырдан бұрын айтылып жүргенi тегiн емес. Алда тұрған уақыт бiздiң тарихымыздағы онша оңай уақыт емес, жағдаят жақсы боп кетер деп үмiт етудiң де жөнi жоқ.
Уақыт деген зымиян, айтпай-ақ жетiп келедi. Жиырма бiрiншi ғасыр табалдырыққа тақап қалды деу аз, ол ғасыр бiздiң тереземiздi тықылдатып тұр. Бiз жаңа ғасырға өзiмiздi өзiмiз алдарқатпай, бiрақ сонда да барша қазақстандықтардың жағдайының тұрақтылығы мен қауiпсiздiгi қамтамасыз етiледi деген сенiммен қадам басқалы отырмыз.

  * * *

      Өткен тарихымыз бiзге талай-талай тағылым қалдырды. Халық өзектi өртер өкiнiштi сәттердi бастан кешудей кештi. Ал бүгiн қазақстандықтар өз тағдырына өздерi ие болып отыр. Жаңа ғасыр келiп қалды. Мен бұл ғасыр Қазақстанның тарихындағы ең ғажап ғасыр болады деп сенемiн. Бұл ғасыр бiздiң тарихымызға жасампаз iске толы, бейбiт өткен ғасыр болып енедi деп сенемiн.

Бөлісу:
  • Добавить ВКонтакте заметку об этой странице
  • Мой Мир
  • Facebook
  • Twitter
  • LiveJournal
  • LinkedIn
  • Одноклассники

Сұхбат

20160813033543

Данияр Елеусіновтің салмағында енді жастарға жол ашылады — Мырзағали Айтжанов

Янв 13 2017

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін БАҚ өкілдері Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің ресми түрде кәсіпқой боксқа ауысқанын жарыса жазып жатыр. Осыған орай таралған ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының Далее »