ҚАЗ РУС ENG

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:

Ерекше мүмкіндік

+ 100% -
Версия для слабовидящих

2000 ж. 16 қазан

Еркiн де еңселi әрi қауiпсiз қоғамға

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2000 жылғы 16 қазан

 


 

Тарихта өткендi еске алу үшiн ғана емес, сонымен қатар келешегiмiздi бағамдау үшiн де ерiксiзден кешегiмiзге көз тiккiзетiн тұстар бар. Осыдан тура он жыл бұрын өзiмiздiң тәуелсiздiкке бағыт алуымыздың заң жүзiндегi бастауы болған Мемлекеттiк егемендiгiмiз туралы Декларация қабылдаған едi.
Өткендi өзгерту Құдайдың да қолынан келмейдi дейтiн сөз бар. Сондықтан да, қысқа ғана уақыттың — небәрi он жылдың iшiнде өзiмiз өткен ұлан-ғайыр жолда, ендi қайтiп ешнәрсенi өзгерте алмайтынымызды мойындағанымыз мақұл. Бұл жолдағы бiздiң жаңсақтығымыз бен жетiстiгiмiз де, жеңiсiмiз бен жеңiлiсiмiз де тарихтың еншiсiне айналып отыр.
Егер тарихқа қарапайым деректердiң жиынтығы ретiнде қарамай, оны терең мәндi етене байланыстағы оқиғалардың сабақтастық ретiнде екшейтiн болсақ, онда осы он жылдың ауқымы мен тегеурiнi келер ғасырдағы келешегiмiздi айқындайтындай жаңа қырынан ашыла түседi.
Бiздiң жас елiмiздiң кешегiсi мен келешегiнiң арасындағы бұл байланысты мынадай қарапайым тұжырым бейнелей алады: тиiмдi экономика, либералдық қоғам, ұлттық қауiпсiздiк.
Келесi 2001 жыл — бiздiң тәуелсiздiгiмiздiң 10 жылдығы. Ұлттық тарихтың бiрде-бiр он жылы өткен оқиғаларының шиеленiсi мен шамырқанысы жағынан, жасампаздық iстерiнiң маңызы жағынан дәл мұндай ширықпалы болған емес, мұның бағасын бiз емес, келер ұрпақ беруi керек. 2001 жылғы күллi ахуал осы мезеттiң мән-мағынасын пайымдауға арналса ләзiм.

1. Елдiң экономикалық дамуының келешегi

      Германияның соғыстан кейiнгi канцлерiнiң бiрi нарық дегенiмiз ашық болған жағдайда ғана аман алып қалатын парашют сияқты деген екен. Бұл осыдан он жыл бұрын бiз бiлмеген ақиқат, онда бiздiң экономикадағы қозғалысымыз қараңғыда қарманған адамның халiне ұқсайтын. Ол кезде ашық нарық жайлы әңгiме қозғаудың өзi мүмкiн емес едi. Бiз кеңестiк экономиканың орасан зор сыртқы қарызынан қарманып, құрдымға кетiп бара жаттық. Сөрелердi бос қалдырған экономика қаңыраған сөрелер экономикасына айналды. Ақша дегенiңiз әдiптi қағазға айналып кеттi. Мыңдаған кәсiпорындар тоқтап, жүздеген мың адам жылы орындарын суытуға мәжбүр болды. 1990 жылғы қазанда жан сақтаудың өзi қиын түйiнге айналды. Адам жады жамандықты ұмытуға бейiл, сол кездегi жансыз қалған экономика бүгiн бiзге бағзы бiреудiң басынан өткен ертегiдей елестейдi.
Шұғыл әрекет жасау керек болды. Бiз жекешелендiру жүргiздiк, мүлде өзге салық жүйесiн қолға алып, отандық кәсiпкерлiктi жасақтай бастадық. Осы заманғы банк жүйесiн құруды да жоқтан бастауымызға тура келдi. Бiз өте қатал бәсекешiл сыртқы нарықта табан тiрер тауашамызды таба бiлдiк. Ауылдағы экономикалық қатынастарды қайта құрдық. Сонымен бiр мезгiлде ұлттық Қарулы Күштерiмiздi жасақтаудан бастап, әлемнiң ондаған елдерiнде елшiлiктерiмiздi құруға дейiн дербес мемлекет орнатудың аса қиын мiндеттерiн шеше бастадық. Бiз жанға бататын реформаларға баруға мәжбүр болдық. Реформалардың әлеуметтiк салмағы, әсiресе, оның бастапқы кезеңiнде тым ауыр соқты. Мiндеттiң ауыр болғаны соншалық: тәуелсiз Қазақстан бола ма, жоқ па деген сауалдың өзi қабырғасынан қойылды.
Алайда, соңғы тоғыз жылда жүргiзiлген сол реформалардың есебiнен ғана бiз тұрақтылығымызды сақтап, ТМД-ның барлық елдерiндегi деңгейге қарағанда, ең жоғары экономикалық өрлеуге қажеттi қарқын алдық.
Бұл бос сөздер емес. Бұл дау туғызбайтын дәйектер. Биылғы тоғыз айдың iшiнде өнеркәсiп өнiмiн өндiрудiң өсiмi 15 пайыз артып отыр. Сыртқы сауда айналымы 30 пайызға жуық, ал экспортымыз 80 пайыз өстi. Негiзгi капиталға деген инвестициялар 13 пайыз, халықтың банктердегi салымдары 83 пайыз, ал нақты секторды несиелеу көлемi 60 пайыз артты.
Сегiз айдың iшiнде сауда теңгерiмiнiң 2,6 миллиард доллар оң өзгерiмiне қолымыз жеттi, төлем теңгерiмiнiң пайдалылығы да өсе түстi.
Халықтың жан басына шаққандағы атаулы ақшалай кiрiсi 21 пайызға жуық, ал орташа жылдық ақшалай шығысы 22 пайыздан астам артып отыр.
Экономикалық тiршiлiгiмiздiң мiндеттерiн шеше отырып, бiз бiр сәтте келешегiмiздi естен шығарғамыз жоқ. Сондықтан да мен осыдан үш жыл бұрын  «Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi дамуының Стратегиясында»  келешекке деген көзқарасымды баян еткен едiм.
Бiздiң экономикамызға тiке салқынын тигiзген 1997-1998 жылдардағы бiрқатар аймақтық дағдарыстарға қарамастан, стратегиямызға өрiлген барлық экономикалық өлшемдерiмiз iске асырылды.
Елiмiз бүгiн жаңа астанадан басқарылады. Жекелеген сенiмсiздiктерге қарамастан, астана берiк iрге тептi. Басқару жүйесi күйрейдi дейтiн күйкi сәуегейлiкке қасақана бiз күллi әлемге, бәрiнен бұрын өзiмiзге алға қойған ұзақ мерзiмдi мақсатымызға жете алатынымызды дәлелдедiк.
Бiз өз стратегиямызда басымдықтарды рет-ретiмен дұрыс қоя бiлдiк. Ұлттық қауiпсiздiк және елiмiздiң аумақтық тұтастығы, шекарамызды сенiмдi қорғау және саяси тұрақтылықты сақтау бағыттарында тындырылған iстер аз емес. Осыдан үш жыл бұрын дағдарыс кезiнде өмiрден алшақ емес сияқты елестеген экономикалық өрлеу мен халықтың тұрмыс деңгейiнiң жақсаруы бүгiнгi таңда бiртiндеп нақты шындыққа айналып келе жатыр. Бiз еңбекақының деңгейi жөнiнен ТМД-да бiрiншi орын аламыз. Бiз бiрiншi болып жинақтаушы зейнетақы қорын құрдық. Бүгiнгi күнi зейнетақы қорларындағы салымдар 80 миллиард теңгенi құрап отыр.
Стратегияда белгiленгендей, бiз өзiмiздiң энергия ресурсымыздың әлеуетiн дәйектi түрде дамытып келемiз. Бүгiнгi таңда Қазақстан 32 миллион тонна мұнай өндiрсе, ендi он жылдан кейiн 100 миллион тонна мұнай шығаруға жетемiз.
Осы қиын-қыстау жылдардың iшiнде ең жоғары халықаралық өлшемдерге сай келетiндей етiп, Ақтау портын жаңғырттық. Соңғы үш жылда жаңадан салынған көпiрлер, жолдар, әуежайлар аз емес, ал жаңаланғандары одан да көп. Бұл ретте осы жуырда ғана Семейде ашылған Ертiстегi тамаша көпiрдi атасақ та жеткiлiктi. Мұның бәрi де, сайып келгенде, стратегиялық инфрақұрылымға қосылған үлес, ал онсыз бiрде бiр елдiң болашағы жоқ.
Бiздiң ең басты инвестицияларымыз — адамдарға жұмсалған инвестициялар. «Халық денсаулығы»  бағдарламасы  емдеу мекемелерiн вакциналармен қамтамасыз ету проблемасын толығымен шешiп бердi. Бiз 1990 жылдары белең ала бастаған қатерлi нышанның бетiн қайтардық, өкпе ауруымен науқастану азая бастады. Әлеуметтiк бағдарламалардың ең бiр тиiмдiсi мектептердi компьютерлендiру болып отыр. Бiз таяу уақытта бүкiл бiлiм жүйесiн 100 пайыз компьютерлендiруге жетемiз.
Күнi кеше бiз Түркiстаннан оралдық. Онда түркi мәдениетiнiң осынау бiрегей орталығының мыңжарым жылдық мерекесi өткiзiлген едi. Осы мерекенiң Мәдениеттi қолдау жылы өткiзiлiп отырғаны ерекше мәндi. Бұл ғажайып мекенде «бәрi ұмытылса да, мәдениеттiң ұмытылмай қалатын дүние» екенiн пайымдайсың. Бiздiң өз мәдениетiмiздi ұмытуға қақымыз жоқ.
Тегiнде, не iсi жоқ, не сөзi жоқ пәтуасыздар ғана сын тезiне түспейдi дейтiн түсiнiк бар. Әлбетте, бiз мәдениетiмiзге қарыздармыз, алайда ештеңе iстелмедi десек, мұнымыз шындыққа кереғар келер едi. Қазақстанда биылдың өзiнде 468 кiтапхана, 238 клуб, 5 театр, 5 мұражай ашылды. Барлығы мыңнан астам мәдениет объектiлерi жаңадан ашылады немесе бұрын жабылғандары қалпына келтiрiледi. Бiз мәдениет ошақтарын жаңарту мен жөндеуге үшжарым миллиард теңгеден астам қаржы жұмсадық. Биылғы жылы ғана Астанада Мемлекеттiк мұражай мен опера театры, Петропавлда музыкалық драма театры, Оралда музыкалық театр ашылды. Алматыда опера театрын жаңарту жұмысы аяқталады. Осы орайда елеусiз көрiнгенмен, маңызы зор бiр санды да атай кетейiк: елiмiздiң ауылдық кiтапханаларына жарты миллионнан астам жаңа кiтаптар берiледi. Бюджеттiң жобасында 2001 жылы мәдениеттi дамытуға 600 миллион теңге артық жоспарланып отыр.
Бiз мемлекеттiк қызметшiлердi iрiктеу жүйесiн түбегейлi өзгерттiк. Басқа елдер ондаған жылдарын сарп еткен жұмысты бiз соңғы екi жылдың iшiнде iске асырдық. Тоғыз мыңға жуық мемлекеттiк қызметшi ашық конкурстың нәтижесiнде 2000 жылдың iшiнде қызметке қабылданды. Ал мұның өзi мемлекеттiк лауазымға конкурстық қабылдау жүйесiн өткен-кеткен тарихында бiлмеген, мәселенi үнемi телефон мен сыбайластық арқылы немесе саяси сенiмдiлiгi деген негiзде шешiп келген елде iске асырылып отыр.
Ұзақ мерзiмдi стратегиямызда белгiленген реформалардың бiрiншi кезеңi аяқталды, ал алғашқы үш жылға алдымызға қойылған басты мiндеттер орындалды.
«Жақсы жоспарларды жобалаушылардың желi оңынан тұрады, ал жаман жоспарларды орындаушылардың жұлдызы оңынан туады» дейтiн нақыл бар. Өз стратегиямыздың осындай күйге ұшырамауы үшiн оны әлеуметтiк-экономикалық дамудың бесжылдық индикативтiк және онжылдық стратегиялық жоспарына жiктеп, бiрсыпыра қысқа мерзiмдiк құжаттар мен қамту арқылы нақтылай түсу қажет. Бұл жоспарлардың қисыны экономикалық өрлеудiң ұзақ мерзiмдiк басымдығына негiзделуге тиiс. Бiздiң таяу жылдардың өзiнде бiрсыпыра мiндеттердi шешуiмiз керек.
Бiрiншi.  Үкiмет пен Ұлттық Банк макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтаудың негiзгi тұтқасы ретiнде бюджет тапшылығының жедел қысқартылуын қамтамасыз етуге тиiс.
Бюджеттiң 2001-2003 жылдарға арналған жобасында Үкiмет мұндай мiндеттердi қойып отыр. 2002 жылдың бюджетiнен бастап, бюджет тапшылығы ЖIӨ-нiң бiржарым пайызынан аспауға тиiс.
Үкiмет шикiзат нарығында iстейтiн компаниялардың астан кiрiстерiн алудың тетiктерiн табуға тиiс.
Акциздер мен басқа да бiрқатар салықтар бойынша алымдардың деңгейi төмен, көңiл көншiтпейдi. Әкiмдердiң қолдау қаржы мен алымдар алуды ғана көздеп кетпей, жергiлiктi жерлерде кiрiстi шоғырландырумен көбiрек шұғылданғаны жөн. Бұған қажет заң жобалары мен бюджет қаражаты әзiр. Ендiгi жерде осы заңдарды қабылдап, кiрiстiң негiзiн кеңейту керек. Биылғы жылдың соңына дейiн 1 қыркүйекте мен ұсынған заңдар дестесi, ең алдымен Салық кодексi қабылданады деген үмiттемiн.
Әсiресе жергiлiктi жерлерде басқару буындарын қысқартып, оларды дәйектi түрде жеке секторға көшiру қажет.
Борыштар мен қарыз алудың iс-тәжiрибесi де қанағаттанарлық емес. Қарыз алғанда қандайда қысқа мерзiмдi, қымбатқа түсетiн қарыздардан бас тартып, ұзақ мерзiмдi жеңiлдiктi қаражатқа ден қою қажет.
2002 жылы мемлекеттiк бюджеттiң Республика, облыстар мен аудандар арасындағы кiрiс пен шығыс бөлiктерiнiң бөлiнiсiн аяқтаған жөн.
Икемдi ауқымды саясат жүргiзу мен дағдарысты жағдайда бюджет үшiн резерв жасақтау мiндетiн iске асыру ұлттық қорда тиiмдi жинақтаулар жасау мен оның активтерiн басқарудың жақсартылуын талап етедi.
Сақтандыру нарығын, құнды қағаздар нарығын жаңа деңгейге көтерiп, зейнетақылық жинақтауларды пайдалану қажет.
Бiздiң бизнесшiлерiмiздiң шет елдерде сақталатын, өзiмiздi емес, бөтен экономиканы асырап отырған немесе жамбастарында жатқан жинақтарының бәрiн iске қосатын уақыт жеттi. Оларға кеңшiлiк беру арқылы өз экономикамыздың мұқтажына жұмсау керек.
Екiншi.  Бiздiң нақтылы сектордың тым кейiндеп қалғаны өкiнiштi. Ол инвесторлар үшiн бұлыңғыр, осы заманғы есеп пен есептiлiк жоқ, меншiк иелерi мен менеджерлерi арасындағы қатынастарда жаңылысулар бар. Бiз экономикамызда банктер мен инвесторларға ашық қуатты жеке сектор құруға тиiспiз. Бұл үшiн, менiң Жарлығымда көзделгендей, Үкiмет 2001-2002 жылдары барлық тиiстi жерлерде жекешелендiрудi аяқтауы керек.
Үшiншi.  Әлеуметтiк қорғау мен еңбек қатынастары саласында әлi де ақтаңдақтар көп. Бiзге керегi — жеке сипаттағы бiрсәттiк ұмтылыстар емес, дәл қазiргi әлеуметтiк саясаттың толық тұжырымдамасы. Бұл жерде кәсiподақтар да, жұмыс берушiлер де талап етiп қана қоймай, бiлек сыбанып iс тындыруға тиiс.
Дағдарыс бiздiң адамдардың әл-ауқатын көтеру мәселесiмен ден қойып шұғылдануға мұрша бермедi. Ендi соның уақыты келдi. Сондықтан да мен Үкiметке 2001 жылы: бюджет ұйымдары қызметкерлерiнiң (мемқызметшiлерден басқасының) жалақысын 30 пайыз; әлеуеттi құрылымдар қызметшiлерiнiң жалақысын 30-40 пайыз; судьялар корпусының жалақысын арттыруды; ең төменгi зейнетақыны 4000 теңгеге дейiн өсiрудi тапсырамын. Халық алдындағы 5 миллиард теңге шамасында қордаланған берешектi өтеу қолға алынсын, барлық борыш 2004 жылы өтелсiн.
Барлық деңгейдегi бюджеттерден келетiн ақшалай кiрiстiң бүкiл өсiмi 30 миллиард теңгеден асып түседi. Осы орайда Үкiмет пен Ұлттық Банктiң инфляцияға жол бермеуi, ал әкiмдердiң, ауылшаруашылығының, шағын және орта бизнес пен халық тұтынатын товарлар саласының өндiрiстi кеңейте отырып, осынау ақша нөпiрiн бағаны көтермей «бойына сiңiре» бiлуi ерекше маңызды.
Үкiмет 2002 жылы зейнетақыға, мемқызметшiлердiң жалақысын өсiруге, сондай-ақ халықтың алдындағы борышты өтеуге ғана жұмылуы керек.
Мен жеке секторды жалдамалы еңбеккерлердiң жалақысын көтеруге шақырамын. Адамдар өз жағдайының шындап жақсарғанын сезiнетiн, реформалардың жемiсiн көретiн уақыт туды.
Төртiншi.  Биыл ауыл шаруашылығы борышының салмағын едәуiр жеңiлдеттiк. Ендi жер мәселесiн бiр жағына шығаратын кез келдi. Шаруалар жер пайдалану құқығын нарық айналысына салатын тетiктердi қолына алуы, сол арқылы ақша қаражатына жол табуы керек. Таяудағы жылдары оларға лизинг компанияларына нақтылы жол ашылуын қамтамасыз ету қажет.
Бесiншi.  Даму үшiн ең бастысы — модерлендiру мен құрылысқа арналған iшкi және сыртқы инвестициялар.
Бұл — iшкi қор түзу мен жинақтар жасауға қажеттi жағдай туғызу деген сөз. Бұл мiндет шешiлiп те жатыр.
Бiзге болашаққа және нақты өткеру нарығына бағдарланған айқын да түсiнiктi индустриялық саясат керек. Бүгiн бiз оның жалпы сұлбасы жайлы ғана айта аламыз.
Таяудағы он жылда Каспий аймағы мен кен-металлургия кешенiнiң нарығы ең негiзгi iшкi нарық болары өзiнен-өзi түсiнiктi. Мұнай-газ машиналарын жасау саласының, химия мен мұнай химиясы, құрылыс материалдары өнеркәсiбiнiң келешегi осында.
Отандық және шет ел капиталын, тiкелей инвестицияларды нақ осында бағыттау қажет.
Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсiбi де өзiнiң iшкi, сондай-ақ сыртқы нарықтағы тауашасын тауып отыр. Ендiгi жерде оны кеңейте, батылырақ игере беру қажет.
Осыған орай бiздiң ұзақ жылдар бойы жолдар салып, модерлендiруiмiз керек болады, демек жол құрылысын қамтамасыз ететiн салалар технологиялық жағынан жарақтаулы әрi бәсекеге қабiлеттi болуға тиiс.
Дегенмен, көкейтестi стратегиялық бағытымыз — ең алдымен экспортқа бағдарланған жоғары технологиялық өндiрiстер жайлы да ойлануымыз қажет.
Сайып келгенде, даму мiндеттерi қуатты көлiк — коммуникациялар желiсiн салып, модерлендiрудi талап етедi.
Мiне, сондықтан да 2001 жыл экономикалық жағынан Үкiмет пен барлық әкiмдер үшiн автомобиль жолдарын салу мен жаңарту жылы болуға тиiс.
Тереңге бойламай-ақ айтатын болсам, таяудағы жылдары бiздiң: халықаралық нарықтарға жаңа көлiк схемаларын тартуымыз; стратегиялық транзиттiк даңғылдарды модерлендiруiмiз; «Шығыс — Батыс» және «Оңтүстiк — Солтүстiк» бағыттарындағы схемаларды белсендi құруымыз; Каспий инфрақұрылымын жоғары қарқын мен iлгерiлетуiмiз, Алматы — Астана автожолын жаңартуды белсене жүргiзу керек болады.
Биыл елiмiздiң экономикалық дамуының бiрiншi бесжылдық индикативтiк жоспары бекiтiледi.
Цифрлар тiлi мен айтқанда, бiз ендi бес жылдан кейiн қандай белеске шығуды жоспарлап отырмыз? Болжам жасау дегенiмiз әрдайым тәуекелi көп iс, дегенмен бiз есептерге сүйенiп, елiмiз бен халқымыздың алдына жаңа мiндеттер қоямыз, әрi бесжылдықтың соңына дейiн:
- нақтылы жалпы iшкi өнiмнiң 30 пайыз өсетiнiне;
- нақтылы жалақының өсiмi 25-30 пайыздан кем болмайтынына;
- инфляцияның жылына 4-5 пайыздан аспайтынына;
- мемлекеттiк бюджетке салық түсiмi жалпы iшкi өнiмнiң 25 пайызына жететiнiне;
- бюджет дефицитi ЖIӨ-нiң 1,5 пайызынан артық болмайтын мөлшерге жететiнiне сенiмдiмiз.
Алыс болашақ әсем көрiнер деген сөз бар. Мұның алысты меңзеген барлық жоспарларға қатысы бар сияқты. Дегенмен, өзiмiздiң таяу экономикалық болашағымыз жайлы, оның тұлғалы болары жайлы сенiммен айта аламыз. Үкiметтiң бүкiл қызметi, барлық шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жұмысы осы мақсатқа жетуге бағдарланатын болады.

2. Қоғамды демократияландыру — уақыт талабы

      Жиырмасыншы ғасырдың саяси тарихы күнтiзбелiк уақытынан бұрын, ескi қоғамның шаңырағы ортасына түскен 1991 жылғы тамызда тәмәм болды. Жадымыз жақсы-ақ сияқты, бiрақ кейде келтелiк жасап жатады. Осы он жылдың iшiнде өзiмiз де өзгердiк, дегенмен қандай қоғамнан шыққанымызды ұмытып қала беретiн тәрiздiмiз.
Бiз тарих әлемiнде бұрын-соңды кездеспеген түрлi ұлттардан кескiнсiз ұлтсыз дүбәрә өсiруге шынымен-ақ әрекет жасалған қоғамнан шықтық. Бiз мемлекеттiк емес ақпарат құралдары деген ұғым халық жауы деген ұғымға барабар саналатын қоғамнан шықтық. Бiз өкiметтi сынаудың ақыры, айналып келгенде, абақтымен немесе ақылы ауысқандар үйiмен аяқталатын қоғамнан шықтық. Бiз ақиқатқа бiр өзiнiң дара құқығы бар жалғыз ғана партия билiк жүргiзетiн қоғамнан шықтық.
Өткен 10 жыл iшiнде бiз еркiн сайлау өткiзiлетiн, 16 саяси партия жұмыс iстеп жатқан, оның төртеуi Парламентте өкiлдiк ететiн қоғам құрдық. Екiжарым мыңнан астам үкiметтiк емес ұйымдары бар қоғам құрдық. Газеттердiң, журналдардың, телерадиоарналарының сексен пайызы мемлекеттiк емес қоғам құрдық. Жүздеген түрлi дiни қауымдастықтар өзара байланыста қатар қалыпты өмiр сүрiп жатқан қоғам құрдық. Кәсiпқой екi палаталы парламентi мен тәуелсiз сот жүйесi бар қоғам құрдық. Осыдан 10 жыл бұрын мұның бiрде-бiрi бiзде болған емес. Ал кәзiр үнемi болған сияқты көрiнiп тұрады. Ең бастысы, осы шырғалаңды жылдардың iшiнде өткен онжылдықтың соңын ала арамызға алдағы қанды алауыздықтарға бастауды көздейтiн араздық қоламтасы тасталса да, бiзде ұлтаралық қақтығыстар болған жоқ, бiрде бiр адам ұлтаралық тайталас дегеннен опатқа ұшыраған жоқ.
Бiздiң саяси тарихымыздағы соңғы он жылға қатысты қандай құйтырқы лаққан сөздер айтылса да, бiздiң осы уақыттың iшiнде ғасырға бара-бар жолдан өткенiмiз анық, ендеше ертеңгi күнi, дәннiң қауызынан аршылып алынатынына еш күмән жоқ.
Әлемнiң ондаған елдерi осындай жолдан өттi. Бiздiң бiр ерекшелiгiмiз сол: бiз бұл жолдан, қантөгiссiз, қару кезенусiз, мыңдаған құрбандарсыз, азамат соғысынсыз, аумағымыздың тұтастығын сақтап, қоғамымыздың ұлтына немесе дiнiне қарай жiктелуiне жол бермей өттiк. Дегенмен, демократиялану үрдiсiнiң жалпы мазмұны ортақ.
Жиырмасыншы ғасырдың соңындағы басты саяси тағылым демократияландыру қағидасының ортақтығында жатыр. Демократияның ерекше үлгiсi жайындағы әңгiмелердiң бәрi де демократиялық принциптерден қалайда алшақтау әрекеттерi ғана. Сондықтан да бiздiң демократияландыру принциптерiнен алшақтау жалпы әлемдiк үрдiстен алшақтау екенiн, тұйыққа тiрейтiн жол екенiн айқын пайымдап алуымыз керек. Қозғалыстың бұл бағыты демократиялық қоғамдардың сан ғасырлық тарихының барысында түзiлген едi.
Тегiнде демократиялану — қоғамның өзiнiң қалауы. Жиырмасыншы ғасырдың соңындағы либерализмдi сыртқа тарату әрекетi де, сондай-ақ саясатқа толық осынау жүзжылдықтың бiрiншi жартысындағыдай төңкерiстi сыртқа тарату қарекетi де еш нәтиже берген емес. БҰҰ-ның мыңжылдыққа арналған 2000 жылғы 8 қыркүйектегi басқосуында қабылданған Декларациясында: «Қоғамның өз iшiндегi және қоғамдар арасындағы айырмашылық үрей туғызбауға, қудалаудың себебi болмауға тиiс, қайта адамзаттың қымбат игiлiгi ретiнде шыңдалып сомдалуға тиiс. Әлемдiк мәдениет пен барлық өркениеттер арасындағы үндестiктi белсендi түрде қолдап отыру мiндет», делiнгенi кездейсоқ емес. Адамның халықаралық тұрғыдан танылған барлық құқықтары мен бостандықтары жайлы айта келе, Әлемдiк қоғамдастық өзiнiң Декларациясында «демократияны көтермелеу мен құқық тәртiбiн нығайту» үшiн күш-жiгер жұмсау қажеттiгiн ерекше атап көрсетедi.
Демократияландыру проблемасының нақ осы мәдени және өркениеттiк қыры қоғамымыздағы ахуалды саралаған кезде мүлде назардан тыс қалдырып жүр. Ендеше дәл бiздегiдей жағдайда он жылдың iшiнде қай құрлықта, қай ғасырда демократиялық қоғам орнатылған екен?
Бiрiншiден,  азаматтарының бойына дәл осындай құқықтық нигилизм жүз жыл бойы қай елде сiңiрiлген екен?  Екiншiден,  мемлекеттiң ыдырауы салдарынан экономикасы мүлде құлдырап, тұралаған осындай ел бар ма екен? Үшiншiден, ұлттық, дiни және нәсiлдiк белгiлерi жағынан сан алуан, ондаған ұлттардан құралған басқа осындай ел бар ма екен? Төртiншiден, осындай жағдайда өзiнiң мемлекеттiгiн құрған ел бар ма екен? Жоқ, мұндай мемлекет iс жүзiнде де, саяси теорияда да болған емес.
Демократия жолында, шынында да бiршама iлгерi кеткен Шығыс Европа, Балтық бойы мемлекеттерiн немесе Шығыс Азияның кейбiр мемлекеттерiн мысалға алғанда, осы елдердiң айта қаларлық мәдени, ұлттық, дiни бiртектiлiгi, әрi осы елдердiң бәрiнде үстiмiздегi ғасырдың өзiнде-ақ осы заманғы мемлекеттiлiк тәжiрибесi болғаны, еске аларлық демократиялық дәстүрлерi бар екенi, басқасын былай қойғанда, жағрапиялық жағдайына дейiн, неге екенi белгiсiз, оп-оңай ұмытылып кетедi.
Сондықтан да, бiздiң демократияға беттеген қозғалысымыз әмбебап заңдылықтарға бағына отырып, бiрнеше мәселелердi шешуi керек. Бiрiншi — барлығы заңдарға сүйенiп өмiр сүретiн нақты құқықтық мемлекет құру. Әрине, ең алдымен, мемлекеттiк құрылымдардың өздерi заңда белгiленген ережелер бойынша қимыл жасауы керек. Саяси процестiң басқа да субъектiлерiне қойылатын талаптар да осындай. Барлық азаматтар заңға сәйкес өмiр сүрудi үйренуге тиiс. Бұл толыққанды демократияға көшудiң сара жолы. Өйткенi заң өзiң мен өкiметтiң арасындағы шарт. Жалған демократиялық ұрандар құқықтық мемлекетте құқық ауқымынан асып кетпеуi керек, ал асып кетсе, жанжалға, бөлшектелуге, қантөгiске әкелiп тiрейдi. Екiншi — демократия дегенiмiз, қанша маңызды әрi бағалы екенiне қарамастан, саяси бостандық қана емес. Бұл лайықты экономикалық өмiр шарты мен қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн басқа да бiрсыпыра iргелi құқықтардың iске асырылуы деген сөз. Үшiншi — саяси жүйенi ырықтандырған кезде бiз аймақтағы халықаралық экстремизм қысымының ұлғайып келе жатқанын, халықтың аса күрделi ұлттық және мәдени-дiни құрамын ұдайы есте ұстауымыз қажет. Бұл жағдайды ескермесек, жерiмiз әлдеқашан отқа оранған болар едi. Бұл бiздiң сыншыларымыздың оңды-солды ой сабақтауына оңды болар едi, алайда бiз оларға мұндай мүмкiндiк бере қоймаймыз.
Алайда бiздiң бүгiн қоғамымыздағы саяси реформаның қарқыны экономикалық өзгерiстерiмiздiң ауқымынан бiршама кейiндеп қалғанын мойындауымыз керек. «Iлгерi жүрмеген — керi кетер» деген көнеден қалған сөз бар.
Саяси жүйенi демократияландыру бiрнеше негiзгi бағыттар бойынша жүргiзiледi.
Бiрiншi.  Сот жүйесiнiң тәуелсiздiгiн нығайту, құқықтық реформа.
2000 жылғы 1 қыркүйекте «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесiнiң тәуелсiздiгiн күшейту шаралары туралы»  Жарлыққа  қол қойылды. Жоғарғы Соттың жанынан Сот әкiмдiгiн жүргiзу жөнiндегi комитет құрылды. Сөйтiп, соттардың қызметiн қамтамасыз ету мiндетi Әдiлет министрлiгiнiң құзырынан алынып, елiмiздiң жоғары сот органына берiлдi. Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың құқықтық жағдайын айқындайтын жаңа конституциялық заңның қабылдануы сот жүйесiнiң дербестiгiн қамтамасыз етудегi келесi қадам болды.
Сонымен қатар құқықтық реформаның аясында еңбекпен түзеу мекемелерiнiң жүйесi Iшкiiсминiнiң қарауынан Әдiлет министрлiгiнiң құрамына берiлетiн болады.
Екiншi.  Өкiлдi өкiмет органдарының өкiлеттiгiн кеңейту.
«Жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы» жаңа  Заң  жергiлiктi өкiметтiң өкiлдi және атқарушы органдары өкiлеттiгiнiң ара-жiгiн айқын ажыратып беруге тиiс. Атап айтқанда, әкiмдердiң қызметi мен жергiлiктi бюджеттiң атқарылуын бақылау мәселелерiнде маслихаттардың өкiлеттiгiн кеңейту қажет.
Бүгiн Парламенттiң қолында Конституцияны өзгертуге, Премьер-министрдi шеттету тетiгiне дейiн кез келген министрдi қызметiнен алуға жетерлiк нақтылы билiк бар; Есеп комитетiн де негiзiнен Парламент жасақтайды.
Дегенмен турасын айтсақ, Есеп комитетiнiң белсендiлiгi жетiмсiз. Парламенттiң Есеп комитетiн кадрлармен нығайта отырып, осы институт арқылы мемлекеттiк бюджеттiң атқарылуын нақтылы бақылауға барлық мүмкiндiгi бар.
Үшiншi.  Сайланбалылықты кеңейту және сайлау заңнамасын жетiлдiру.
Таяу уақытта әкiмдердiң сайланбалылығын кезең-кезеңiмен енгiзудiң мемлекеттiк бағдарламасы әзiрленедi. Бұл бағдарламада 2002 жылдан бастап ауылдық округтар әкiмдерiнiң сайлауын өткiзу көзделедi. Осы сайлаулар аяқталғаннан кейiн аудандар мен қалалар әкiмдерiнiң сайланбалылығына көшемiз. 2001 жылдан бастап республикада жергiлiктi жерлерде тиiстi маслихаттардың сайлау комиссияларын жасақтауына көшу бiртiндеп жүзеге асырыла бастайды.
Төртiншi.  Азаматтық қоғам институттарын нығайту.
«Жергiлiктi өзiн-өзi басқару туралы» Заң қабылдау қажет. Осы заңға сәйкес қалалардың шағын аудандарында, ауылдар мен селоларда, сондай-ақ, қала үлгiсiндегi кенттерде қолында жергiлiктi проблемаларды шеше алатын нақты өкiлеттiктерi бар қоғамдық өзiн-өзi басқару құрылымдары жасақталады.
Үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдар қазiрдiң өзiнде Қазақстанда құқық қорғау қызметiн де, халық топтарының айрықша мүдделерiн жүзеге асыруда да, қоғамды әлеуметтiк тұрақтандыруда да үлкен роль атқарып отыр. Атап айтқанда, әлеуметтiк мәндi жобаларды жүзеге асыру үшiн кепiлдiктер жүйесi арқылы елеулi мемлекеттiк қолдау керек. Осы саладағы ауқымды жұмыстарды қолға алатын уақыт жеттi.
Бүгiн бiз үшiн әлеуметтiк қайшылықтарды құқықтық құралдармен шешудiң, әлеуметтiк шиеленiстiң саяси арнаға өтiп кетуiне жол бермейтiн тетiктер жасаудың өмiрлiк маңызы бар. Сондықтан бұл саладағы басымдық «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтiк әрiптестiк туралы» Заң жобасы деп бiлемiн.
Маңызды заң жобаларын Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессияларында, қоғамдық күштердiң басқа да форумдарында Үкiметтiң қатысуымен талқылау тәжiрибесi енгiзiлетiн болады. Бұл ретте олар түрлi әлеуметтiк және этникалық топтардың мүдделерiн ескере отырып, Мемлекет басшысына да, Парламентке де, Үкiметке де өздерiнiң ұсыныстарын енгiзу құқығына ие болады.
Қазақстан азаматтарының шет елге шығу тәртiбiн оңайлату керек. Осыған байланысты шет елге шығу үшiн IIМ-нiң арнайы рұқсатын ресiмдеу сияқты тәртiптiң күшiн жойған жөн. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қоғамдық-саяси бiрлестiктердiң жабық шараларына мiндеттi түрде қатысуының да күшi жойылатын болады.

3. Ұлттық қауiпсiздiк — мемлекеттiк саясаттың негiзi

      Бiр тарихи заңдылық бар, ғасырлар тоғысындағы бетбұрыс кезеңде әрдайым қантөгiс қақтығыстардың белең алатыны бiлiнiп жүр. Бiрақ бүгiн мұның бiр айырмашылығы сонда, соғыс лаңына әдетте әлемдегi шағын және орта мемлекеттер килiгедi. Осы бiр кереғарлықтан бiздiң ұлттық қауiпсiздiгiмiзге тiкелей қатысты мәселе қылаң берiп отыр.
Ғаламдық тайталас соңғы он жылдың iшiнде келмеске кетiп, есесiне миллиондаған адамдардың өмiрiн қиған оқшау соғыс ошақтары пайда бола бастады. Негiзiнен алғанда, бұлар жас тәуелсiз мемлекеттердегi iшкi дiни және этникалық қақтығыстар. Ең қорқыныштысы да сол. Орталық Азия әлемнiң жарылыс қатерi күштi бес-алты аудандарының қатарына жатады, егер әрекет жасамай қарап қалатын болсақ, бiздiң халықтарымыздың болашақтағы тыныштығына ешкiм де кепiлдiк бере алмайды.
Бiз бұдан 10 жыл бұрын болған қауiпсiздiк жүйесiнiң келмеске кеткенiн айқын түсiнуге тиiспiз. Өкiнiштiсi сол, қауiпсiздiк тұрғысынан алғанда аймақтағы жағдай осы он жылдың iшiнде күрт нашарлап кеттi. Бiз жаңа қауiптiң бетiн қайтаратын ұлттық қауiпсiздiктiң жаңа тетiктерiнiң жасалуы қажет екенiн барынша пайымдауымыз қажет.
Әңгiме қандай қатер туралы болып отыр?
Әңгiме, ең алдымен, халықаралық терроризм мен экстремизм қатерi туралы болып отыр. Бұл нақтылы күш және осы заманғы дүниедегi ең қуатты деген мемлекеттердiң өзi де экстремистер тарапынан жойқын соққыға ұшырап отыр. Адендегi американдық әскери-теңiз күштерiне осыдан бiрнеше апта бұрын жасалған қатаң соққыны еске алсақ та жеткiлiктi. Бүгiнгi экстремизм — бұл мол ақша, ұрыс қимылдарын жете меңгерген әрi әбден жаттыққан мыңдаған қарулы адамдар, бұл тығыз халықаралық байланыстар мен қатынастар, бұл жақсы жолға қойылған идеологиялық тұғырнама. Халықаралық терроризм мен экстремизм күшiнiң таяу арада Орталық Азияға қарай кезелетiнiне еш күмән келтiруге болмайды. Мұның бiрнеше себептерi бар. Ал ең бастысы — бұрынғы қауiпсiздiк жүйесiнiң күйреуi.
Аймақтың айрықша проблемасы Ауғанстан болып отыр. Осы ел экстремистер шоғырланған аумақ қана емес, әрi есiрткi мен есiрткi бизнесiнiң де ошағына айналып отыр. Орталық Азия бiртiндеп есiрткi өтетiн өлкеге ғана емес, ең зардапты есiрткiнi жаппай қолданатын аймаққа да айналып келедi. Ауған есiрткi бизнесi Орталық Азия халықтарының ұлттық тек-тамырына да қатерлi зардабын тигiзiп отыр. 2000 жыл әлi аяқталған жоқ, ал Қазақстан аумағында ғана Ауғанстаннан әкелiнген 200 килограмға жуық героин қолға түстi.
Соңғы жылдары осы елдiң айналысындағы дау-дамай мен сырқынды алыпсатарлық белең алып барады. Қазақстан ешқашан өзiнiң нық және нақты тұғырынан тайған емес. Бiздiң тұғырымыз ауғандықтардың өз iшiнде ұлттық ымыраға келуiнiң, ал оның барлық көршiлерi мен халықаралық ұйымдардың тiл табысу мүмкiндiктерiн iздестiруге саяды. Ауған тауларында тiптi Британ империясының не әскери қуатты держава Кеңестер Одағының армиялары да жеңiске жете алмағаны да белгiлi. Ауған мәселесiн бәз бiреудiң сырттан күшпен шешiп беретiнiне үмiт арту дегенiмiз тарихты бiлместiк болып шығар едi.
Осымен тiкелей байланысты келесi қатер — ол босқындардың жаппай қоныс аудару қатерi, мұның өзi Орталық Азияға нағыз гуманитарлық апат төндiретiн қатер. Бүгiнгi күннiң өзiнде, қыс түсер кезде 100 мыңнан астам босқынның Ауғанстаннан бiздiң елдерiмiзге қарай жөңкiлуi ықтимал. Егер осылай бола қалса, аймақтағы тұрақтылық жайлы көпке дейiн ұмытуға тура келедi, өйткенi, әңгiме қарттар, әйелдер мен балалар жайлы ғана емес, қару асынған мыңдаған адамдар жайлы да болып отыр.
Көзге ұрып тұрған экстремизм, террорлық әрекеттер, есiрткiлер, босқындардың шұбыруы қатерiнен өзге, көзге көрiнбейтiн басқа қауiп те бар. Соғыс алдымен адамдардың санасында басталады деген сөз рас. Күн сайын, сағат сайын бiздiң адамдарымыздың санасы үшiн де күрес жүрiп жатыр. Дiни экстремизмнiң Қазақстанға қатысы жоқ, бiздiң тарихи дәстүрiмiз басқа, бiзде ешқашан фанатизм болған емес деген оймен өзiмiздi алдаусырату ретсiз. Солай екенi де рас, бiрақ уақыт өз өзгерiстерiн енгiзетiнiн ұмытпаған жөн.
Осындай көрiнiп тұрған және көрiнбейтiн қатерге қайтаратын бiздiң жауабымыз қандай?
Күрделi сауалдардың оңай жауабын iздейтiн алдамшы пиғылдың болмай қалмайтыны да емес. Бiздiң қарапайым жауап емес, дәл жауап табуымыз қажет. Бiздiң iс-қимылымыздың бағдарламасы елiмiздiң Қауiпсiздiк Кеңесiнiң өткен жылдың аяғында қабылданған Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiнiң Стратегиясында айқын тұжырымдалған.
Бiрiншiден,  ұлттық қауiпсiздiгiмiз және өзiмiз ұшырасып отырған орта мерзiмдiк қатерлер тұрғысынан алғанда, қазiргi ең маңыздысы, аймақтық қауiпсiздiктiң сөз жүзiнде емес, iс жүзiнде нақты жүйесiн жасақтау. Мiне нақ осы үшiн де бiзге Ұжымдық қауiпсiздiк туралы келiсiм мен Шанхай бестiгi аса қажет. 2000 жылы Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiмi аясында айқын және нақты шешiмдер қабылданды. Дәл осы айдың өзiнде Бiшкекте аймақтық коалициялық әскери топтар құру жөнiнде шешiм қабылданды. Бұл аймақтық қауiпсiздiктiң жаңа жүйесiнiң iргесiн қалайды.
Бұл шешiмге ұзақ жүрiп жеттiк. Бұл жауапты таңдау және мұнда ұпай алуды көздейтiн саясат жоқ. Мемлекет қауiпсiздiгi өте-мөте маңызды мәселе және оны алдын-ала қамтамасыз ету қажет. Ұжымдық қауiпсiздiк туралы келiсiмнiң   айналасындағы айла-шарғы жетiп жатыр.
Қазақстан бұл келiсiмнен iс жүзiнде нәтиже шығаруды көздейдi. Бiздiң ешкiмге шабуыл жасау ниетiмiз де жоқ немесе әлдекiмдердiң геосаяси әпербақандығын күйттемек ойымыз да жоқ. Бiздiң жалғыз ғана қарапайым мақсатымыз — таяу және орта кезеңде елiмiздiң дамуына қажет қауiпсiз жағдай туғызу. Қазiргi кезеңде Ұжымдық қауiпсiздiк туралы келiсiм осы мiндеттi жүзеге асыру құралы болып отыр.
Мұның артығы да жоқ, кемi де жоқ. Осы мүдделердiң шегiнен асатын нәрсенiң бәрi, былайша айтқанда, қулыққа салу болар едi. ҰҚК-ға қоса бiз Шанхай бестiгiнiң қуатын еселеуге күш салып, Орталық Азия елдерi арасындағы терроризмге, саяси және дiни экстремизмге қарсы бiрлескен күрес туралы шарттың мүмкiндiгiн арттыруға жұмылатын боламыз. Депутаттардың жаңа халықаралық келiсiмдердiң тұтас бiр шоғырын бекiту тұрғысында қолдаулары да керек.
Екiншiден,  көршiлерiң қанша жақсы болса да, әдетте, әркiм әлдi көршiлерiн сыйлауға бейiл. Бұл ақиқат алғашқы мемлекеттер пайда болғаннан бергi мыңдаған жылдардың iшiнде айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Бiз осы заманғы қуатты әскер жасақтауымыз керек. Бұл ретте бiз өткен соғысқа әзiрлiк жасауға бейiм генералдарға ұқсамауымыз қажет. Бiздiң әскердiң алдында тұрған бүгiнгi мiндет бұдан он жыл бұрынғы мiндеттен мүлде басқа.
2000 жылы соңғы онжылдықтың iшiнде тұңғыш рет әскердi нақтылы қаржыландыру молайып отыр. Бiз Қазақстан аумағында әскери округтер, ең алдымен Оңтүстiк және Шығыс әскери округтерiн жасақтай бастадық. Қазiргi кезде оқшау ұрыс жүргiзуге бейiмделген жаңа арнаулы бөлiмшелер даярлау қолға алынды. Бiз шекарамызды анағұрлым нығайттық. Айналасы бiр жылдың iшiнде бұрын пәрмендi шекаралық бақылау болмай келген бағыттарда жаңа шекаралық отрядтар құрылды. Кедендiк желiлерде де осындай жұмыстар жүргiзiлдi. Биыл көшi-қон бақылау әжептәуiр күшейтiлдi. Бiздiң арнаулы қызметтер Қазақстан аумағында экстремистiк топтардың әрекетiнiң алдын алу мен тыйып тастауға бағытталған жөнiнде ұтымды шаралар жүзеге асырды.
Кейде баршаға мәлiм ақиқатты қайталап жатуға тура келедi, яғни нағыз шындық мынаған саяды, Қазақстан аймақтағы ең тұрақты және ең қауiпсiз мемлекет болып келдi және алдағы уақытта да болып қала бередi, өйткенi бiз жағдайдың тамырын тап басып, танып отырмыз.
Қауiпсiздiк саласындағы проблемалардың күрделiлiгi сонда, ол мемлекет тарапынан әрдайым алдын ала iс-қимыл жасалуын талап етедi. Мен Қауiпсiздiк Кеңесiне және әлеуеттi құрылымдарға терроризм мен экстремизмге қарсы күрестiң 2001-2003 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасын жасауды тапсырдым. Әлеуеттi құрылымдар жұмысы көп реттерде олардың осы бағыттағы жұмыстарының пәрмендiлiгiне қарай бағаланады. Қарулы күштердiң ахуалды да айрықша назар аударуды талап етедi. Елiмiздiң Үкiметi үш мiндеттi шешуге:
жыл сайын жалпы iшкi өнiмнiң кемiнде 1 пайызын Қорғаныс министрлiгiнiң қажетi үшiн бөлiп отыруға;
осы заманғы аумақтық қорғаныс жүйесiн қалыптастыруға;
жұмылдыру даярлығының толымды жүйесiн қайтадан қалпына келтiруге тиiс.
Үшiншiден,  есiрткi дертiне ұшыраған қоғам қауiпсiз қоғам бола алмайды. Бұл жөнiнде мен өткен жылғы Жолдауымда да айтқан едiм. Иә, биыл есiрткi құмарлық пен есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң бесжылдық стратегиясы мен екi жылдық мемлекеттiк бағдарламасы қабылданды. Алайда, қандай да бiр алға басушылық байқалар емес, ал деректер ахуалдың қайта нашарлап бара жатқанын көрсетiп отыр. Бiз орасан зор есiрткi арнасының бойында отырып, өзiмiздiң iшкi күш-қимылымызбен ғана мәселенi шеше алмайтынымызды да түсiнемiз. Дегенмен, мұның өзi, қол қусырып қарап отыру керек деген сөз емес.
Дереу бiрқатар қатал және нақты шаралар қолдану керек. Мен Үкiметке әр облыста есiрткi құмарлық пен есiрткi бизнесiне қарсы бағдарлама әзiрлеу мен енгiзудi және әр аймақтың бюджетiнде осы бағдарламаны қаржыландыруға қажеттi қаражат қарастыруды тапсырамын. Елiмiздiң әрбiр облысында есiрткi диспансерлерiн ашу немесе жұмыс iстеп тұрған диспансерлер мен медициналық әлеуметтiк оңалту орталықтарын нығайту керек. Есiрткi таратқаны үшiн және есiрткi бизнесiне тiкелей қатысты экстремистiк әрекет үшiн жауапкершiлiктi күшейту жөнiнде ұсыныстар берiлсiн. Мен бұл мәселенi шешуде депутаттық корпустың қолдауына үмiт артамын. Елiмiздiң Қауiпсiздiк Кеңесi есiрткiнi анықтау жөнiндегi кедендiк және шекаралық бақылауға нақты талдау жасап, осыған байланысты түскен ұсыныстар мен тұжырымдарды 2001 жылдың басында қарауға тиiс.
Төртiншiден,  2001 жылдан бастап, менiң тапсырмам бойынша әзiрленген елiмiздiң Экономикалық қауiпсiздiгiнiң стратегиясы жүзеге асырыла бастайды.
Таяу уақытта ол Қауiпсiздiк Кеңесiнде талқыланатын болады. Әлемдiк тәжiрибенi, сондай-ақ осындай өзгерiстердi басынан кешкен елдердiң тәжiрибелерiн зерделеу экономикалық қауiпсiздiктiң негiзгi төрт элементiн — құрылымдық, технологиялық, институционалдық және қаржылық элементiн қарастыратын үлгiсiн құруға мүмкiндiк бердi. Осы стратегияның негiзiнде үкiметтiң iс-шараларының нақты жоспары жасалатын болады.
Егер бiз, бiздiң ұрпақ, құқықтық негiздерiнiң бiрi осындай күз күндерiнiң бiрiнде осыдан он жыл бұрын қабылданған Елiмiздiң мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларациясынан арна тартатын стратегиялық мiндеттi - азаматтардың, қоғамның және мемлекеттiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ете алмасақ, онда бiздiң экономикалық және саяси жоспарларымыздың бәрi де тарих үшiн және бiздiң ұрпақтарымыз үшiн су бетiндегi үйiрiлген майда толқындай ғана болып қала бередi.

Бөлісу:
  • Добавить ВКонтакте заметку об этой странице
  • Мой Мир
  • Facebook
  • Twitter
  • LiveJournal
  • LinkedIn
  • Одноклассники

Сұхбат

20160813033543

Данияр Елеусіновтің салмағында енді жастарға жол ашылады — Мырзағали Айтжанов

Янв 13 2017

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін БАҚ өкілдері Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің ресми түрде кәсіпқой боксқа ауысқанын жарыса жазып жатыр. Осыған орай таралған ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының Далее »