ҚАЗ РУС

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:

Ерекше мүмкіндік

+ 100% -
Версия для слабовидящих
|

Валентина Алексеева, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың анасы: «Қызым әлем рекордын жаңартқысы келеді»

– Оляның үлкен спортқа қадамы тіпті қоларбада жатқан кезде басталды десем, артық айтқандық емес, – деп бастады жұлдызды қыздың анасы әңгімесін. – Оның әкесі біздің үйдің жанындағы «Восток» стадионында қызмет ететіндіктен баламды арбаға салып алып, жаттығуға баратынбыз. Уақыт зымырап өтіп жатты. Мектептен шыға салысымен Оля әкеме барамын деп стадионға қарай зымырайтын. Ақыры әуестік қызымыздың жеңіл атлетикаға деген құштарлығын оятып, спортпен жеті жастан бастап шұғылдана бастады.

Оляның алғашқы бапкері Татьяна Назарова болды. Сөз реті келгенде айта кету керек,ол да Оляның әкесі Сергей Алексеевтің шәкірті болатын. Алғашқы кезде ауыр жаттығулар мен бапкердің тапсырмасын орындау қиын болған кезде Оля қиналып, жеңіл атлетикадан кетсем бе деп сұрайтын. «Қызым сені спорттың ауыр түріне итерген ешкім жоқ, бастаған ісіңді аяқсыз қалдырма, шыда» дейтінмін. Ақыры бірер жылдан кейін Оляның әрекетін үнемі бақылап жүретін әкесі оған жеке бапкер болуды шешті.

Кейде жаттығудан қызымыз шаршап, ертеңінде көз жасын бұлап отырып, барғысы келмейтінін сездіретін. Бірақ намысы бар емес пе, әкесі көзін алартып қараған кезде артынан томпаңдап ере жөнелетін. Шынын айту керек, Оляның үлкен спортты тас­тап кетпеуіне әкесі Сергей Алек­сеевтің үлесі бар. Ол үнемі қызына басқаларға қарағанда қатаң талап қоятын, құрбылары оны сезіп қалып, Оляны оңашада жұбататын.

Бертін келе Оляның бойы тез өсіп, бұлшық еттері сүйекпен тез қабыспай қызымыз қатты қиналды. Тіпті табаны мен тізесі, денесі ауырып, ұзақ уақыт емделуге тура келді. Түрлі жа­рыс­тарға қатысу, алыста жүрген кезде дұрыс ұйықтай алмай, мезгілімен тамақтанбау да Оляның жүйкесіне әсер еткені сөзсіз. Бала кезінен табанды, алған бетінен қайтпайтын өжет мінезі қызымыздың алға қарай жылжып, тамаша көрсеткіштерге жетуіне септігін тигізді. Жеңіл атлетиканың ұзындыққа секіру, жеті сайысшы,тіпті үш қарғып секіру түрлерін меңгерген Оля республикалық, халықаралық жарыстарда нәтижесін үнемі жақсартып отырды. Азия біріншілігінде жеті­сайыстан чемпион атанды. Осы екі аралықта небәрі 19 жасында қызы Настя дүниеге келді. Ольганың күйеуі жүгіруден республика чемпионы Денис Рыпаков зайыбының қасынан табылып, оған үнемі қамқор болып келеді. ­

Бейжіңдегі сәтсіздіктен кейін қы­зым біраз уақыт жаттығуын тас­тап, көңілсіз жүрді. Төртінші орын Олимпиада ойындарында жаман нәтиже емес «Лондонда есеңді қайтарасың, бәріне шыда», деп Ольгаға үлкен қолдау көрсеттік. Қызы Настяны бағып-қақтық, анасын жоқтатпадық.

Лондонда қызымның Олимп шы­ңына көтерілген кездегі бақытты шағы мәңгілік есте қалатын шығар. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі Оляны құт­тықтаған кезде ерекше толғандық. Өңір басшысы Б.Сапарбаев Оляны Алматыдан қарсы алып, Өскеменде қала көшелерін аралатып, оқушы­лар­мен кездестірді. Оляның есімімен спорт манежі аталатын болды. Бола­шақта қызымның жолын басқаларға берсін деп тілеймін. Лондонда Қазақ елінің сайыпқырандары ғаламат өнер көрсетті. Қазақстанды бүкіл әлем мойындайтын болды. Қызымның ендігі арманы – әлем рекордын жаңарту. Оған күш-қуаты, қабілеті жетеді.

– Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына дейін төрт жыл бар. Оған Оля қатыса ма, жоқ па дегенге келсек, біраз демалып, өзіне келгеннен кейін айта жатар. Қызым­ның шаршағаны рас, – деп әңгімесін тоқтатты жұлдызды қызды дүниеге әкелген анасы Валентина Юрьевна.

Жазып алған

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Бөлісу:
  • Добавить ВКонтакте заметку об этой странице
  • Мой Мир
  • Facebook
  • Twitter
  • LiveJournal
  • LinkedIn
  • Одноклассники

Short URL: http://kk.sport.gov.kz/?p=3013

Сұхбат

20180705173502

Фируза Шарипованың 4 тамызға жоспарланған кездесуі кейінге шегерілді

Июл 27 2018

Екі салмақ дәрежесінде кәсіби бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипованың Мириам Гутьерасспен межелеген кездесуі өтпейтін болды. Бұл туралы қазақстандық спортшының баспасөз-қызметі хабарлайды. Бокс кеші Санкт-Петербургтегі М-1 Аренда 4 тамызда  өтуі тиіс Далее »