ҚАЗ РУС

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:

Ерекше мүмкіндік

+ 100% -
Версия для слабовидящих
|

Гүзел МАНЮРОВА, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері: «Алтынды Рио де-Жанейродан күтемін»

Гүзел Манюрова финалға шығар тұста ресейлік әріптесінен жеңілді. Жарыстан кейін айтады ғой, балуандар демалатын жерге барған соң кілемге бауырымды төсеп ботадай боздап жыладым деп. Күші, әдіс-айласы жетпесе бір сәрі. Татар ағайынымыздың перзенті болып келетін Гүзел Тагирқызында бір балуанға керектің бәрі бар.

Оның түскен тобын ешқандай балуан басына тілемейді. Бірінші кездесуін Бейжің Олимпиа­да­сының ашылу салтанатында жапон байрағын көтеріп шыққан әлемнің 5 дүркін жеңімпазы, атақ­ты Клоки Хамагутимен өткізді. Екі спортшысының бірі олимпиада жеңімпазы болып келетін күншығыс елі Клокиден басқа ту көтеретін спортшы таппай қалған жоқ. Оған қатты сенгені, құрамада құрметінің ерек болғанында. Оқырмандар үшін айта кетейік, 2008 жылы Бейжіңде Олим­пиа­даның ширек финалында ресей­лік балуан Елена Перепелкинаны жеңіп, ме­дальсіз қалдырған осы Хамагути болатын.

Гүзел Манюрова бұрын Ресей азаматшасы болған. Саранда татар отбасында туып, кейін әке-шешесімен Мәскеуде тұрған. Айкидомен айналысқан. 2004 жылы Афина Олимпиадасында күміс медальді жеңіп алды. Бейжіңге барамын деп армандап жүрген. Бірақ, бапкерлер Перепелкинаға көбірек үміт артты. Содан көңілі қалған Гүзел түбі бір туысқан ел ғой деп өзінің қазағын тапқан.

Гүзел Лондонда сол Перепелкинаны жеңген жапон қызы, Олим­пиада ойындарының екі мәрте жүлдегері Клоки Хама­гутиді үш кезеңге созылған ауыр жекпе-жекте жеңді. Одан кейін жолыққаны украиндық Катерина Бурмистрова – әлем чемпионы, соңғы Еуропа чемпионатының әлі үстіне шаң тимеген су жаңа жеңімпазы-тын. Оны да артта қалдырды.

Финалға өтерде болашақ Олим­­пиада жеңімпазы, ресейлік Наталья Воробьевамен жолы қиы­лысқан. Ұтса – финал. Кемін­де күміс. Ұтылса – қола медаль үшін төменнен келгендермен қым-қиғаш айқас.

Екеуі де белсеніп шықты. Ресейлік қыз тап-тап беріп, аяққа өткісі келеді. Ол емес біздің Гүзел өтті. Қос қара саннан қапсыра құшақтап тік көтеріп әкетті де кілемнің шетіне апарып жүк лақтырғандай гүрс еткізді. 3:0. Қарулы екен. Ішімізде үміт оянған.

Наталья да оңай жан бермек емес. Қайта-қайта аяққа ұмты­лады. Ақыры өтті. Гүзел бір жамбастай жығылды. Натальяның басын қос жауырынымен қосып, құшақтап алған. Ал, анау сүзеген бұқадай еңсеріп барады. Жауырын жерге тисе таза жеңіс. Күрес дереу тоқтатылады. Гүзелдің жаны мұрнының ұшында. Қара саны мен басынан қапсыра құ­шақтап, сүзіп жатқан Наталья­ның тас құрсауы босар емес, сығып барады. Гүзел аударылып түссе есе бермей кететінін ішіміз сезіп отыр, алайда, біз түгілі бапкерлерінде ақыл қосардай дәрмен жоқ. Болмады. Аударып кетті қос жауырынға. Ішіміз удай ашыды. Шіркін-ай, біздің қыз еркін жеңіп жатыр еді ғой.

Гүзелдің қола медалінің өзі белгісіз болып қалды. Қарсыласы қытай қызы Ванг Цзяю. Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы. Ол да финалға өте алмағанына ашулы. Жолында кім тұрса да түтіп жейтіндей түтігеді.

Үш сағаттан соң күрес аренасы сарайына қайта келдік. Ай, Гүзел-ай! Мықты екенсің! Алдымен қытай тап берген. Біздің қыз сытылып кетті. Ванг еңкейіп қалып лып етіп, аяққа өтті. Жамбастап отырған біздің қыз аш белден қаусыра ұстады да басынан асыра аударып тастады. Сосын тағы да артқа өтті. Бәрі ұпай. 4:1. Біздің пайдамызда.

Екінші кезең. Сырттан тамашалап отырған адамға екі қыз жай тіресіп жүрген сияқты көрі­неді. Шындығында, олай емес. Сәл қате жіберсеңіз, қарсы­ла­сыңыз пайдаланып кетеді. Сосын өмір бақи өкініп, бармағыңды тістеп өтесің. Бір минут өтті. Екеуі тіресіп жүр. Төреші ескерту жасады. Қытай қызы шыдамады. Гүзел аяққа өтіп, бір аударып тастады. Жай оғындай жарқ етіп артына өтті. 2: 0. Бұл кезде уақыт 1 минут 40 секунд еді. Белдесу бітуіне 20 секунд қалған. Ол да бітті. Біздің Гүзел аспанға се­кірді. Ал, бұрынғы Олимпиада жеңімпазында өң-түс жоқ. Бап­кері күрес кілемін дүрс еткізіп бір ұрды.

Гүзелмен сөйлестік. Ойымыз­дағыны айтып жатырмыз. Ресей қызын жеңуге күші жететіндігін көргенімізді айттық.

– Жеңіп жатып, жеңіліп қал­дым, – деді өзі. – Қайтем, қырсық шалды. Сәл босаңқыраған едім, аяғыма өтіп кетті. Қазіргі бап­керлерімнің көңіліне кел­ме­сін, мені дайындаған жаттықтырушы Олимпиадаға келе алмады ғой. Әйтпесе, ол қасымда болса Воро­бьеваға өлсем ұпай берем бе. Бапкерім туған ағам сияқты еді. Соның бір ауыз ақыл сөзі, кү­ресті бақылауы керек еді маған. Бойыма күш, санама сенімділік беретін.

– Қола медальдарға дейін үш сағат уақытың болды. Не істедің, не ойладың?

– Не ойлаймын. Іштегі ше­рімді көз жасыммен жуып, әбден жылап алдым. Олимпиада қала­шығына бармай, өз бөлмемде қалдым. Қасымда құрбым Елена Шалыгина ғана болды. Елена әбден басу айтты. Енді қола медальға күресуің керек, жақ­сылап дайындал, деді. Шым­кенттің осы балуаны да қатты өкініп жүр еді. Екі кезең ұтып жатып, сәл ғана қателіктен ұшып кетті. Әйтпесе, финалда күре­се­тін қыз болатын. Бәрін ақылға салып ойладым, Ванг – Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Бірақ, мен Лондонда бәрінен күшті болғанымды дәлелдеу үшін оны жақсы жеңуім керек болды. Мықтап жеңдім.

– Көрдік. Расында, оған таң­дау қалдырмадың. Көңілің тола ма?

– Толмағанда не істеймін. Төрт жылдық дайындығымыздың қоры­тындысы қолымызда. Олим­пиаданың кез келген медалі – үлкен жетістік. Азия мен әлем чемпионаттары жылда өтіп жат­қандықтан Олимпиадада үш­тік­ке кірген балуан тағдырына шү­кір­шілік етуі керек. Жан­күйер­лерге рахмет!

Менің көзімнің жеткені сырт ел мемлекетті Президенті және спортшылары арқылы таниды екен. Нұрсұлтан Әбішұлы бізге өте үлкен қолдау көрсетті. Біз де сенімді ақтадық-ау деймін. Дү­­ние жүзі осы жолы Қазақстанды шын мәнінде таныды.

– Лондон тарих болып артта қал­ды. Ендігі қаракетіне қандай болмақ?

– Олимпиада мен үшін аяқ­талмаған сияқты. Бойымда күш-жігер бар. Қыркүйекте әлем чемпионатына қатысамын. Сосын… Менде Олимпиаданың қола және күміс медалі бар. Алтын жоқ. Алла қолдаса, оны Рио де-Жаней­рода алуға күш саламын.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

Алматы.

Бөлісу:
  • Добавить ВКонтакте заметку об этой странице
  • Мой Мир
  • Facebook
  • Twitter
  • LiveJournal
  • LinkedIn
  • Одноклассники

Short URL: http://kk.sport.gov.kz/?p=3016

Сұхбат

20180705173502

Фируза Шарипованың 4 тамызға жоспарланған кездесуі кейінге шегерілді

Июл 27 2018

Екі салмақ дәрежесінде кәсіби бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипованың Мириам Гутьерасспен межелеген кездесуі өтпейтін болды. Бұл туралы қазақстандық спортшының баспасөз-қызметі хабарлайды. Бокс кеші Санкт-Петербургтегі М-1 Аренда 4 тамызда  өтуі тиіс Далее »