ҚАЗ РУС

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:

Ерекше мүмкіндік

+ 100% -
Версия для слабовидящих
|

Ақжүрек

Алға, Қаз-ақ-стан! Алға, Қаз-ақ-стан! Алға, Қаз-ақ-стан!

Ақ-жүрек! Ақ-жүрек! Ақ-жүрек!

Электронды техниканың құдіретті күші арқылы сонау тұманды Альбиондағы жан алып, жан беріскен белдесуді үйде отырып тамашалаған біздің жүрек лүпіліміз де осылай деп дүрс-дүрс соғады. Өйткені, Олимпиада басталғалы бері кәрі құрлық төріне жолы түскен жерлестеріміздің құлақ тұндырған осы тақылеттес ұраны Қазақ еліне, оның бір пұшпағы – Жамбыл өңірі тұрғындарының да арқасын қоздырып жіберген еді. Сондықтан «Ел арнаға» үңілген ел (бұл кезде «Хабар» телеарнасы бокс өнерінің финалдық жекпе-жектерін көрсетіп жатқан) – миллиондаған жанкүйерлердің арасында біздің де болуымыз заңдылық еді.

Жамбылдық жампоз Ақжүрек Достықұлы – Лондон Олимпида­сының жолдамасына үстіміздегі жылғы сәуірде қол жеткізді. Атап айтсақ, Астанада өткен Азия ел­дерінің лицензиялық турнирінде Жамбыл күрес мек­тебінің та­лант­ты түлегі бірінші белде­суін­де Қытай елінің балуаны Катая Юрланбикені қапы қалдырған. Жартылай финалда үндістандық Сушил Кумарды ұтты. Ал финалда өзбек Ихтиор Наврузовқа жол берді. Сөйтіп, жамбылдық бапкерлер мен жанкүйерлер үшін арман болған жолдама саны әрең дегенде екі деген санға жеткен.

Қазақта «арық айтып, семіз шық» деген қанатты сөз бар. Нәти­женің санмен емес, сапамен өлшенетінін, сондықтан еншіміз­ге бұйырған (бұйырмағаны қан­шама!) екі жолдамамен-ақ жұрт­тың назарын аударатын жетіс­тіктерге жетуге болатынын түсін­ген облыс әкімі Қанат Бозымбаев Ақжүректің жолдама­сының қуа­ны­шынан шет қалмай, балуанды арнайы қабылдап тұрып: «Олимпиада күрес кіле­мінде жақсы өнер көрсету үшін спортшыға не қажеттің бәрін жасаймын», деп уәде берген.

Сонымен екі көзіміз төрт болып «Ел арнаға» үңілдік. Белдесуге шыққан сәттегі Ақжүректің жүзі сынықтау көрінді. Бұл сөз жоқ, үндістандық балуанда кеткен ыза мен кектің табы екені дау­сыз еді. Ал үнді болса Астана­да­ғы «кегін» қайтарудың сәті бұдан кейін түсе бермес деп ойлады ма, біздің жігіттен айласын асыра алмаған соң ең лас әдіс-әрекет­терге барып, қарсы­ласының құ­ла­ғын «шайнауға» кірісті.

Мұндай сорақылықты жан­күйер­лер бұрын-соңды көрмесе де тарихтан естіп, білуші еді. Біріншісі, «жапон балуаны Қа­жы­­мұқан атамыздың құлағын тістеп алыпты» дегенді оқыға­ны­мыз бар-ды кітаптан. Ал екін­шісі, атақты былғары қолғап ше­бері Майк Тайсонның ызаға булығып қарсыласының құла­ғы­на ауыз салғанына теледидар ар­қы­лы куә болғанбыз. Үндіс­тан­дық балуан Сушил Кумар да сол лас әдісті «дұрыс» деп тауыпты. Бұл көргенсіздікке Ақжүректің бапкерлері де, жанкүйерлер де шыдамай, айғайға басқан. Үйде отырып біз де жерді тоқпақтап жатырмыз. Бірақ… бірақ… біздің бапкерлер айғайға басқанымен, төрешілер қарсылықтарын білді­ре­тін белгіні күрес кілеміне лақ­тырмады. Егер осы белгіні лақ­тырып, бейнежазба арқылы әлгі ос­падарлықты жайлап қайта көр­сет­кенде, әділдік жеңіп, Ақжүре­гі­міз алтын үшін күрес жолына шығуға бір табан жақын тұр еді-ау шіркін дейміз. Өкінішке қарай, тарих доңғалағын енді кері қарай айналдыра алмайсыз.

Дегенмен, «Ел арнадан» ес­тіл­ген атақты балуан Ислам Бай­ра­муковтың құлаққа жағымды таныс үні ашу-ызаны басып, сабамызды орнына түсіргендей болды. Ол Ақжүректің әлі де болса қола медаль алуға мүмкіндігі бар екенін айтып, жанкүйерлердің үмітін оятқан. Оған толықтай сендірген. Сидней Олимпиа­дасы­ның күміс жүлдегері, күрес өне­рінің білікті маманы көңілімізді жұбатқан соң, біздің де «ар­қа­мыз» қайта қозып, сеніміміз қай­тадан нығая түскен.

Иә, ендігі үміт Лондон Олим­пидасының қола медалі үшін болатын белдесу еді. Ақжүректің күрес кілеміне шығуын тағат­сыз­дана күткен жанкүйерлер ә, дегенде оның түрінен іш жиып қал­ды. Өйткені, өте шаршаңқы кө­рін­ген. Белдесу басындағы қи­мы­лы да сылбырлау сияқты болды ма, қалай? Бірақ уақыт өте келе Ақжүрек өзінің ата жолын қуған азамат, жілік майы бүтін қойдан қалжа жеген анадан туған арда ұл екенін дәлелдеп, қарсыласынан үстемдік ала бас­тады. Түрік балуаны Рамазан Шахин Рамазан айында қазақ жігітінен тізе бүкті. Бапкерлері де ешқандай қарсы­лық жасай алмады.

1986 жылдың 3 қыркүйегінде өмірге келген Ақжүрек Достық­ұлы Таңатаров бүгінде 26 жаста. Үйленген, отбасында Аида атты сұлу жары бар. Бір ұл, бір қыздың әкесі. Еркін күрес бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Еліміздің 4 дүркін чемпионы, ҚР Кубогының иегері, үстіміздегі жылы Иран елінде өткен «Тахти» деп аталатын халықаралық турнирдің жүлде­гері.

Азырақ болса да балуанның арғы тегіне шегініс жасап, ата-баба шежіресіне үңілсек, Ақжү­рек­тің атасы Таңатар ауыл-айма­ғына танымал батыр болыпты. Алысқанды жыққан, атысқанды құлатқан оның осы әбжіл қимы­лы Әулиеата өңірінен шыққан атақты Ақкөз батырдың қолымен бірге Ресей отаршылдарына қар­сы көтеріліске қатысуына түрткі болған. Ақкөз батыр деген кім десек, ол, яғни Ақкөз батыр Қосанұлы (1859-1921 ж.ж.) 1916 жылғы Меркі (Әулиеата уезі) қазақтары ұлт-азаттық көтері­лі­сінің жетекшісі болған адам. Ол кезінде Меркі, Құлан ауыл­дары­ның 7 болысының қазақтарын ұлт-азаттық көтерілісіне бас­та­ған. Міне, осы батыр баба­мыз­дың найза, шоқпар, айбалта, сойылмен қаруланған және қара күш­теріне сенген қалың қолының ішінде Ақжүректің ар­ғы атасы Таңатар батыр да атойлап жауға шапқан. Олар сөйтіп, жазалаушы отрядтардың көп­те­ген жасақтарын жусатып салған. Таңатардан туған Ақырапбай да кезінде ат құлағында ойнап, көкпар десе ішкен асын жерге қойған асыл азамат екен. Жиын-тойда күреске түсіп, балуандық өнерімен де танылған. Міне, сол Ақырапбайдан Ақжүректің әкесі Достық туады.

Достық та жастайынан спорт­қа үйір болып өсті. Мектептегі күрес үйірмесіне қатысып, ба­луан­дықтың әліппесімен ерте танысқан ол аудандағы спорт саласына аянбай еңбек сіңіре бас­тады. Мектепте дене шынық­тырудан дәріс беріп, күрес секциясын басқарды. Бастауыш сыныпта оқып жүрген Ақжүректі де күрес өнеріне жастай баулыды.

– Тоқсаныншы жылдардың қиындығы қос өкпеден қысқан кезде Тұрар Рысқұлов атындағы ауданнан көшіп, отбасыммен облыс орталығына келдім. Мұнда еркін күрестің білікті бапкері әрі қайнағам Шоқан Нәдірбекұлы­мен жақсы сыйлас едім. Соның арқасында нан тауып жейтін жұмысқа тұрып, баламның да күрестен хабары бар екенін айттым. Шоқан баламды көрген бетте жаттығуға алып, алғашқы аптада-ақ облыстық жарысқа салып, сынап көріп еді, ол бірден облыс чемпионы атанды. Одан кейін Бішкекте өткен халық­аралық жарысқа апарып еді, ол жақтан да жеңіспен оралды. Не керек, сөйтіп, бір айдың ішінде бірнеше жеңісімен көрінді. Содан бастап Шоқан ағасы Ақжүректің тәлім-тәрбиесімен шындап айналыса бастады. Бірақ «өмір – жалған» деген, осыдан біраз жыл бұрын ақкөңіл азамат­тың жүрегі тоқтап, ұлымның болашағын қазіргі бапкері Әділет Сарыбаев өз қолына алды. Шындығын айту керек, Әділеттің де жолы жеңіл болды. Баламыз бәсі үлкен талай жарыс­тарда оза шауып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Міне, бүгін қалың еліміз соның нәтижесін көріп отыр, – деді әкесі.

Біз қолға кеп қонған «қола» құсқа тәубе айтып, жүлдегердің үйіне барып, балуанның ата-анасын қуаныштарымен құттықтай отырып Ақжүректің ұлының аты Есугей, қызының аты Айзере екенін естіп:

– Аттары жақсы екен, кім қойды? – деп қалғанбыз.

– Мен қойдым, – деді Ақ­жү­ректің әкесі Достық немер­е­ле­ріне сүйсіне қарап. – Есугей баҺадүр – Шыңғыс­ханның әкесі емес пе? Одан туған ұл әлемді тітіреткен жоқ па?!. Мен де Ақжүректің өзі де, ұлы да әлемді аузына қарат­сын деп ырым еттім. Міне, сол арманым орындалып отыр.

– Ақжүрек те некен-саяқ есім­­дердің бірі. Оны да сіз қойдыңыз ба?

– Иә, баламның атын да өзім қойдым. Ол кезде Тұрар Рыс­құ­лов ауданындағы Мәдениет үйін­де спорт саласының қызметкері болатынмын. Белгілі композитор Мэльс Өзбеков ағамыз екеуміз күнде бас қосамыз. Бір күні менің келіншегімнің босанғанын естіп, «жу» деп, үйде күтіп отыр екен. Түнімен «дүрілдеттік». Сол отырыста мына атты қоясың деп бір парақ қағазға бірнеше аттарды жазып берген. Бірақ ертесіне ауылдық кеңеске барған кезде әлгі қағазды таба алмай, ондағы хатшы қыз да: «болыңыз ағай, менің уақытым тығыз» деп қой­маған соң тұңғыш ұлым Ақ­ниет­тің атына ұйқастырып Ақжүрек деп қойып жібердім. Кейін Мэльс ағайым бұл атты естіп, «жақсы екен», деп қатты риза болды.

Ақжүректің әкесі Достық бүгінде құрылысшы, ал анасы Гүл­жанат Тойбекова үй шаруа­сын­дағы әйел. Төменгі Талас бо­йын­дағы Аққұм ауылының аруы. Ақжүректің келіншегі Аида болса Бауыржан Момышұлы ата­сы­ның ауылынан болады. Ол Аста­на­дағы Еуразиялық универ­ситет­ті жақсы деген бағаға бітіріп, туризм және менеджмент маман­ды­ғын алып келіп отыр екен.

Жанкүйерлер спортшыларды Әлем және Олимпиада ойындарында ғана танып, біліп, қошемет көрсетіп жатады. Ал олардың былайғы күндердегі өмірлерінің әр сағаты, әр күні және әр айы сынға толы екенін біле бермейді. Мысалы, Олимпиа­да алдында Польша елінде «Циолковский мемориалы» деген атпен ересектер арасында еркін күрестен ХХІ халықаралық турнир болып өтті. Міне, осы дүбірлі додада қазақ елінің балуандары бір ғана қола медальға қол жеткізді. Ол ме­даль­дың иесі біздің Ақжүрек Таңа­таров болатын. Ақжүрек сол жарыс­та ел иесі Андре Сокальс­кийді 3:1, 4:0 есебімен айқын ұтса, жартылай финалда түрік балуаны Сахин Рамазаннан 4:1, 0:3, 0:2 есебімен жеңілген болатын. Біз, жанкүйерлер, бұл есептен қандай ой түйеміз? Ол ой – спорт жолының ұдайы жеңістерден тұр­майтынын, онда жеңіс пен жеңіліс алма-кезек болып тұра­ты­нын ұқтырады. Оның анық дә­ле­лін Лондон Олимпиадасы көр­сетті. Осы түрік балуанын, яғни Бейжің Олимпиадасының чемпионы, Әлем және Еуропа чемпиондары Сахин Рамазанды біздің Ақжүрек емін-еркін ұтып кетті. Сондай-ақ, кейіпкеріміз жастар арасындағы Азия чемпио­наты­ның қола жүлдегері.

Жамбыл өңірі күресінің өзін­дік дәстүрлі мектебі бар. Оның басында Қазақ елінен шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, КСРО бірін­шілігінің, КСРО халықтарының VІ жазғы спартакиадасының жеңім­пазы, Еуропа чемпиона­ты­ның күміс жүлдегері, Әлем кубо­гының иегері, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР-і еңбек сіңірген жаттық­ты­ру­шысы, «Құрмет белгісі» орде­ні­нің иегері Жақсылық Үшкем­пі­ров тұр. Еуропа чемпионы, Әлем кубогының иегері Алмас Мұса­бе­ков те бар. Әлем кубогының тағы бір иегері, Азия құрлы­ғының чем­пионы Сәлкен Жартыбаев та Жамбыл өңірі күрес мек­тебінің түлегі. Сидней Олим­пиадасының күміс жүлдегері Ислам Бай­ра­му­ков­тың жеңістері өз алдына бір төбе.

Айта берсек, атақты балуандар Жамбыл облысында өте көп. Міне, Ақжүрек сол белі мығым, білегі күшті, тізесі темірдей, әдіс-айласы мол әбжіл ағалары­ның жеңісті жолын одан әрі жалғастырып, Лондон Олипи­ада­сының қола жүлдесімен оралып отыр.

Жеңіс құтты болсын, Ақ-жүрек! Алға, Қаз-ақ-стан!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

P.S. Бет қатталып жат­қан­да Лондон Олимпидасы қола меда­лінің иесі Ақжүрек Таңа­та­ров қасиетті Әулиеата же­рі­не табан тіреп, облыс жұрт­шы­лы­ғының керемет қоше­ме­тіне бөленді. Спорт­шылардың жан­ашыры атанған Қанат Бозымбаев Олимпиадаға өзі ат­тан­дырған ұланды шын жүрек­тен құттықтап, еркін күрес­тің ерін лайықты сый-сия­пат­пен марапаттады.

Бөлісу:
  • Добавить ВКонтакте заметку об этой странице
  • Мой Мир
  • Facebook
  • Twitter
  • LiveJournal
  • LinkedIn
  • Одноклассники

Short URL: http://kk.sport.gov.kz/?p=3023

Сұхбат

20180705173502

Фируза Шарипованың 4 тамызға жоспарланған кездесуі кейінге шегерілді

Июл 27 2018

Екі салмақ дәрежесінде кәсіби бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипованың Мириам Гутьерасспен межелеген кездесуі өтпейтін болды. Бұл туралы қазақстандық спортшының баспасөз-қызметі хабарлайды. Бокс кеші Санкт-Петербургтегі М-1 Аренда 4 тамызда  өтуі тиіс Далее »