ҚАЗ РУС

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:

Ерекше мүмкіндік

+ 100% -
Версия для слабовидящих
|

16 күндік аламан

Міне, Қазақ халқын, Қазақстанды дүние жүзіне мәшһүр еткен Лондон олимпиадасы да артта қалды. Еліміз тәуелсіздік алып, көк байрағымызды желбіретіп барып, желкілдетіп алып қайтқан Олимпия ойындарында несібесіз емес едік. Шырқағанда үш алтын, алмадық дегенде, бір алтын бастаған медальдарымызды қоржынымызға теңдеп салып, бөркіміз қоқырайып қайтар едік. Оған да себеп бар. Азия ойындары мен Азия чемпионаттарында алдына сары құрылықтағы Қытай, мұхит тербеткен Жапон, Корей мемлекеттерін ғана салатын Қазақстанның Азияда шоқтығы биік, көршілерінің алдында келісті көшті бастап қайтатын.

Бұл жолы… Әбден айтылды-ау деймін. Олимпиада шу деп тізгін қақ­қан күні-ақ алтын жіптермен әдіптеп тіккен қоржынымызға алтын түсті.
Лондонның осы ойындарға деп соққан, Олимпиада тарихындағы кө­лемі жағынан ең үлкен медальдер жиынтығының шеті сөгілген. Ішінен сом алтынды тісімен жұлып алған­дай етіп, еліне ұсынған өзі­міздің алтын шашты сары баламыз Саша, Александр Винокуров. Шыны керек, “Ви­ноның” соңғы жылдары жолы оңғарыла қойған жоқ. Халықаралық үлкен жарыста қап­талдасып келе жатқандармен қақ­ты­ғысып, терең сайға құлап, жамбасын жарақаттап алды, операциядан өтті. Енді спорт­ты қойдым деген. Әшейінде, ер­шігіне қонған шаңды аузымен үрлеп, велосипедін алдына тосатын спорт функцио­­­нерлері үлкен спорттан кеткен соң сені қарық қыламыз деген уәдесін жартылай жұтып үлгеріпті. Былқ-сылқ. Кө­ре­міз, уа­қыт бар ғой деп жүре сөй­леседі. Әрқайсына көз сатып, жылы сөз, қолтықтан демеу дәметіп жүргенде “Астана” вело­клубының жағдайы­ның мүшкілге айналғаны мәлім болған. Қыруар миллионда­ған еуроларды қалтаға басқан испан шабандозы Альберто Кантодор “Сохабанктің” намысын жыртып жүр. Көшбасшы болады деген чех Роман Кройцигер тізгінге ие бола алар емес. “Астананың” рей­тингі төмендеген. Осылай бола берсе мил­лиардтаған қаржы құ­йыл­ған жоба тұйыққа тіреледі. Ті­релгені сол, жарыстан шығып қа­лады. Ви­но­куровқа қолқа салын­ған. Көңілі жүдеп жүрген жігіт келіскен. Атақты “Тур де Франс” көпкүндік велошабандоздар бәйге­сінде олжа салып, содан соң үлкен спортпен қош­тасуды ойға алып еді. Ойлаға­нындай болмады. Бірінен-бірі өт­кен қасқыр жігіттер теңдік берер емес. Әрине, табыссыз да емес еді. Жарыс бітуге бір апта қалғанда жігіттер сыр тартты. “Вино, не қыласың, соңғы күн­дерге барыңды саласың ба?” Салды не, салмады не, пойыз кетіп қалған. Сол кезде ойына Лондон Олимпиадасы тағы да сарт етіп оралған. Бі­раздан бері ойында еді. “Қалған күшімді текке рәсуа етпей, Лон­донға сақтасам қайтеді”. Команда­ның сер­кесі бол­ған соң Олимпиада алдында өзіне сауал салынды. “Қалай ойлай­сың, Олимпиадада бағыңды сынап көресің бе?”.
“Онда қалай болады. Жастарға орнымды берсем бе екен. Орын ала алмай қалсам тағы да әжуаға қал­маймын ба?!” Шешті. Күшін үнем­деді. Бұл кезде Англияның көп­күндіктегі велошабандоздары “Тур де Франстың” алтын, күмісін қоса­рымен алып, марқайып жатқан.
Әрі қарай белгілі ғой… Олимпиадада Винокуров өзінің күшін әрбір шақырымға келілеп бөлді. Артық көзге түскен жоқ. Ұрымтал тұсты күтті. Содан соң желден жүй­рік велошабандозымыз бар күшін қайыс­тай қатқан қос аяққа салып заулаған.
“Біреулер Уран артқа қарағыш­тады. Сонысы өзіне сор болды, уа­қытынан ұтылды, дейді. Ал, мен межеден басқа ештеңе көргем жоқ. Бұрын-соңды қусам жеткізбей жүр­ген финиш көз алдымда тұр. Уақытымның келгенін жан-тәнім­мен түсініп барымды салдым. Ойымда бір-ақ арман қылаң берді. Олимпиада чемпионы болу, еліме алғашқы алтынды сыйлау. Ал, қазір ертегінің ішінде жүргендей­мін. Елімнің, туған Қазақстаным­ның даңқын аспандатуға үлес қос­қаным жүрегімді жылытады”.
Ер жігіт осылай деген. Одан соң алтындар салынған қаптың ауызы Қазақстан үшін ашылып кетті.

Алексей Ни – ұлы стратег
Зүлфия Чиншанлоға әу бастан сенгенбіз. Олимпиада алдындағы болжам мақаламызда осы қара қызымыз даусыз алтын алады де­генбіз. Жұдырықтай қара қыздың қайраты әлемді таң қалдырды. Әлем рекордтары ол үшін түк болмай қалды. Жеңімпаздарды марапаттайтын мінбеде тұрып, көзі жалын атып, қуанғанын-ай. Әлгінде ғана зілтемірді аспанға қанкөбелек ойнатып көтерген қолымен жей­десінің өңіріндегі Қазақстан елтаң­басын қайта-қайта көрсетеді. Түсі­ніп тұрмыз. Кішкентай қыз осы ымымен үлкен ой айтқан. Сарай­дағы жиналған дүйім елге, теледидар алдындағы тамашалаған мил­лион­даған, мүмкін миллиардтаған жұртқа. “Менің елім – Қазақстан, мен осы елдің азаматшасымын. Жеңісімді мені осы биікке көтер­ген сүйікті Отаныма арнаймын”.
Солай екендігі рас. Бас бапкер Алексей Ни мен Энвер Түркелери Қытайға барып, жасөспірімдердің жарысын көргенде осы Зүлфия 13 жастағы қыз екен. Өзінің қалжасы 42 кило. Көтергені 50 кило. Қы­тай­дың құрамасы түгілі өзі тұратын қаланың командасында орны жоқ екі қызды, Зүлфия мен Мая Манезаны Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Қытай жағымен келі­сім-шартқа отырып, келісіп, ақша­сын тө­леп Қазақстанға әкелді. Кеше ғана шағын қаланың мыңға тарта ауыр атлеттерінің ішінде аяғы аяғына шалынысып жүрген қос қыз білікті бапкерлердің қажырлы ең­бегінің арқасында әлемдік биік­терді бағындыра бастаған. Қытай­да 50 кило көтерген Зүлфия араға екі жыл салып, әлем чемпионы атанды. Ал, Лондонда серпе кө­теру­ден 131 кило көтеріп, әлем рекордын тағы бір рет жаңартып тастады.
Ал, бір емес екі спортшысын қойып, біздің Светлана Подобедова мен Илья Ильиннен бой асырмақ болған Ресей ауыр атлеттер феде­рациясының дегені осы жолы да іске аспай қалғаны таңды таңға ұрып айтсаңыз да мейірді қандыр­майтын қызық хикая, әлемдік ұлы оқиға.
Біздің Алексей Ни – ұлы стратег. Әлемде теңдесі жоқ. Жігітте­ріне, қыздарына сенген соң шах­мат­тағы гроссмейстердің ойынын ойнайды. Ресей бір емес екі қызын қойғанда да Светлана Подобедо­ваға жеңісті жұлып әперген осы біздің қолтоқ­пақтай Алексейдің тактикасы.
– Бұл Ресей ауыр атлет құра­масы бапкерлерімен төрт-бес жылдан бері келе жатқан іштей егес, принциптік бәсеке еді, – деді Алексей Ни. – Осы жолы Светлана Подобедовадан жеңісті алу үшін олар үлкен құрбандыққа барды. 69 кило салмақтағы Олимпия ойындары­ның чемпионы болған қызын жа­рысқа жібергенде ол сөзсіз алтын медаль алатын. Бірақ, олар оның орнына 75 кило салмаққа екі атле­тін тағы қойды. Наталья Заболотная жұлқа көтеруден әлем рекордшысы. Оның тіркегені 135 кило. Ал, Евстюхина жұлқа көтеруден әлем рекордшысы. Тіркегені 164 кило. Екі жақтап тұншықтыруды ойлаған. Олардың Светаға жасаған қиянаты көп. Үш қыздың арасын­дағы егес жасөспірімдер арасында­ғы жарыстардан келе жатыр. Светлана Подобедова ересектер арасында әлем рекордшысы болғанда Афина Олимпиадасына оны емес Заболотнаяны әкетті. Ал, Бейжіңге Евстюхинаны апаратыны белгілі болғанда көңілі қалған бапкері Светаны бізге ұсынды. Талантты қыздың бағы байланбасын деп. Біз Бейжіңге жақсы дайындықпен апардық. Бірақ, Светлананың ашық айқасқа тас-түйін дайын екенін байқаған ресейліктер қарсылық хат жазды. Сондағы Светаның жылаға­ны-ай. Ол сол жолы Олимпиаданы сөзсіз жеңіп алатынына сенімді еді. Спорттан жеңіспен кеткісі келген. Мен сонда Бейжіңде Светаға ант бердім. Лондонда осы қорлықтың бәрін қайтарып, алтын аласың деп. Содан бері қаншама жұмыс жаса­дық. Света екі рет әлем чемпионатын, Азиаданы ұтты. Мұның бәрі Олимпиадаға дайын­дық болатын. 3 тамызды мен өмірбақи ұмыт­паймын. Мен бұл күні түні бойы көз ілгем жоқ. Олим­пиада ауылында таң атқанша ой үстінде жүрдім. Тактикалық дайындықтар­ды пы­сық­тадым. Ой­ла­ған ойымыз жемі­сін берді. Жұлқа көтеруде әлсіздеу Евстюхи­наның жүйкесінде ойнап, мінбеге алдымен шығару міндеті қойылды. Ол 125 килоға еріксіз барды. Жат­тығуда байқадым өте абыржулы, ашулы екен. Сол жерде-ақ жоспа­рымыздың іске асатынын түсіндім. Бізге Евстюхинаны жұлқа көтеруде қалдырып кетудің оңтайы келді. Ол екі рет шығып көтере алмай кетті. Үшіншісіне демалдырмай шығару үшін өзімізге салмақ қостыруға дайын едік. Жүйкесі жүн­дей түтіл­ген Евстюхина «құр­алақан» болды. Ал Света 130 кило көтеріп Заболотнаядан 1 кило­ға ұтылды. Бұл бізге ешқандай қор­қыныш емес. Оның серпе көтеруде Светамен шендесе алмайтынын білеміз. Сол жерде-ақ алтын біздікі деп бір бірімізді ешкімге сездірмей құт­тық­тадық. Бірақ, Натальяға да құр­мет, ол 147 килодан бастағаны­мен жаны қысылған соң 160 килоға тапсырыс берді. Ресейлік бапкерлер осылайша Подобедовадан же­ңісті аламыз деп ойлады. Ал біздің жоспарымыз басқа болатын. Же­ңіске қажетті салмақты алған­нан кейін 165 кило көтеріп, қазақ ауыр атлетикасының даңқын әлемге кеңінен жаю еді. Күтпеген жерден Заболотная 160 кило көтергеннен кейін кеңесе келе әлем рекордынан олимпиада алтынын қолай көрдік. Әйтпесе, 165 кило Светаның жат­тығуда көтеріп жүрген салмағы болатын. Біз бұл жеңіске жалғыз жеткен жоқпыз. Мемлекет тарапынан керемет жағдай жасалды. Ештеңе­ден қағажу көрген жоқпыз. Жатты­ғуға да, басқа керектерімізге жағ­дай жасалынды. Елбасымызға ерек­ше рахмет, біздің атлеттерге өзі телефон шалып қатты жігер­лендірді. Мен қазір өзіме өзім келе алмай жүрмін, былай айтқанда бақыттан басым шалқып жүр. Мен 15 әлем чемпионаты, 5 олимпиа­даға құрама апарып жүріп, дәл осылай толқы­ған жоқпын. Бұл же­ңістің бәріміз үшін орны бөлек. Мемлекетіміздің даңқын дүние жү­зіне асырудан артық бақыт жоқ екен.
Біз бір салмақтағы ғана бапкерлер тактикасын бердік. Қазақстан ауыр атлетикадан 4 алтын алса, онда Алексей Ни бастаған біздің бап­керлеріміздің еңбегі орасан. Олар тактикалық ше­бер­лік жөнінен әлем­де көш бастап тұрғандығын анық аңғартты.

Мылтықсыз майданның майталмандары
Жарысқа барам. Күрес кілемін­де қым-қуыт айқас. Теледидардан қара­ғанда қалай сезілетінін қай­дам, мыналар күресіп жүр деме­сеңіз мыл­тықсыз майдан ғой апыр-ау. Мұнда гүрс етіп бомба жарылмайды, үйдей танк таптап кетпейді, құлағының түбінен ысқырып оқ өтпейді.
Бірақ, Махамбет ақын айтқан­дай, қу толағай бастанбай ерлердің ісі бітпейтін майдан.
Қолтоқпақтай Дәулет Ниязбеков бір емес екі балуанды, соңғысы жастар арасынан әлем чемпионы түрік, жеңді. Алда финалға өтуге бір белес қалған.
– Жүріңдер, құттықтап қайта­йық, – дейді Ұлттық Олимпиада ко­митетінің президенті Темірхан Досмұхамедов. Жолын тосамыз. Өн бойынан аққан тер балақтан сорға­лаған, өңі қатты шаршаулы Дәулет келеді. Кермек дәм татыған маңда­йынан сүйесің. Өз ұлыңның. Өзі үшін де, елі үшін де әлемдегі бар мық­тымен айқас салып жатқан еріңнің. Бұл саған – интернеттен көшірінді емес. Зүлфияны, Мая қызды өпкен­біз. Батыр ұл Ильяны бауырға тартқанбыз. Светлананы арқадан қа­ғып, маңдайынан сүй­генбіз. Иықта­рына Қазақстанның көк туын жауып. Олар жарысты аяқтаған соң жеңіс тұғырына шы­ғады. Содан соң аккре­дитациясы бар журналистер ғана жіберілетін ай­мақта сұхбат береді. Тері кеппей, ойы жарыстағы тартыс­тан әлі шық­пай тұрып.
Одан Лондондағы қазақ бас­пасөз үйіне барып бапкерді тың­дайсың. Тегі, қызуқанды жан­күйер­лер болсақ керек.
– Бақтияр сияқты үш-төрт жан­күйер болса өзгенің керегі жоқ,-дейді “Қазақстан” деген айқайы­мыздан құлағы тұнған Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігі төр­ағасының орынбасары Елсияр Қа­нағатов күліп.
Жалпы, Олимпиадаға Қазақ­стан­нан жан­күйер­лер көп келді. Арасында Англияда, сол маңай­дағы елдерде оқып жатқан студенттер де бар. Кей күндері Лондонда емес, Қа­зақстанда жүргендей әсер алғаны­мыз шындық. Қалың қазақ жарыс­тан соң шұрқырасып табысып, “Менің Қазақстанымға” бас­қанда дүниенің төрт бұрышынан келген жанкүйерлер қызыға қарап қалады. Жапырлап келіп суретке түседі. Қаумалап келіп қолыңды алады. “Қазақстан!” деп бас бар­мақ­тарын шошайтады.
Сол кезде көңілің аспандап, қанат біткендей болады. Алла та­ғала, орасан жер бергенімен халқы­ның саны бар-жоғы 16 млн. ғана. Көршіміздің өзі сендерден көппіз дегенде екпіні тас жарардай. Хал­қы­ның саны 1,3 млрд.-тан астам Үн­дістан сияқты елдер “бұл қазақ­тар не деген керемет халық” дегендей сүйсінеді. Кешегі одақтас он бес республиканың ішінде өзіңнен озғаны ұлы держава Ресей ғана. Қалғаны қозыкөш жерде. Алтын, күміс медаль түгілі қолаға қолы жетпей қалғаны бар.
Ал, жүрегің бар болса елің үшін қуанбай гөр. Небір сабырлы, салмақты деген азаматтардың өзі ас­панға ұшып кетердей халде жүреді. Өйткені, Отан сенікі, жеңіс сенікі, батыр ұл-қыздар сенікі…

Олимпиаданың соңғы үш күні
Жұма күні қазақ боксшылары үшін шын мәнінде құтты күн болды. Дүние жүзінің гүрзі жұдырық бар мықтысы шаршы алаңға шы­ғып, қай елдің жұдырығының мық­ты екенін таразының безбеніне салғанда он миллион қазақтың сесі миллиардтаған халқы бар елдерден бір де кем еместігі көзге ұрып тұр­ды. Екі қазақ финалға өтті. Бұл дегеніңіз Иван Дычко мен Марина Вольнованың қола медальдарын қосқанда табаны күректей төрт медаль деген сөз.
Таңертеңгілік жарысты жеңіл атлеттеріміз бастаған. Шама-ша­рық­­тарынша жоғары орынға күре­сіп бақты. Жүлдеден қозыкөш алыстау жатса да лайықты орындарын алды. 67 кило салмақта даянға шыққан таэквондошымыз Гүлна­фис Айтмұха­медова жартылай фи­налға өте алмады. Ал, қызылор­далық жас балуанымыз, әлем чем­пионатының қола жүл­дегері Дәу­лет Ниязбековтің фи­налға өтіп кете жаздауына сәл сәт­тілік жетпей қалды. 55 кило сал­мақта кілемге шыққан Дәулет ал­ғашқы белдесуін АҚШ балуаны Самуэл Хазевинкимен өткізді.
Біздің балуан Олимпиадаға аңдысу үшін келмегенін аңғартып бірден шабуылға көшкен. Самуэлді төмен қарай қатты сілкіп қалып, ол теңсіздігінен айырылғанда лып етіп артқа өтіп кетті. Бізге бір ұпай. Белден қапсыра құшақтаған күйі кілем шетінде жапырақтай жұлып алып екі рет аударып жіберді. Тө­ре­ші екі саусағын көтерген. «Апыр-ау, төрт ұпай ғой» дейді ту сыртымызда отырған Мәулен Мамыров. Еркін күрестен осы Мәулен Атлантада қола медаль әпергелі қазақ балуандары қанша олимпиа­даға қатысса да жүлдеге қолдары жеткен емес. Сол Мәулен енді бауырларына көтермеші болып келіп отыр. Бірінші кезеңді 3:1 есебімен өз пайдасына жазған Дәулет екінші кезеңде де мүмкіндігін жібермеді. Екеуі де ұпай ала алмағандықтан қызыл күрес киімімен шыққан америкалық балуан шар суырды. Көк. Дәулет аяғынан салақтата көтерген күйі кілем сыртына бұрқ еткізді. Енді қарсыластарының күре­сін бағып отырмыз. Түрік балуаны Рекер ересектер сынына енді өткенімен жастар арасынан әлем чемпионы. Аяққа жақсы тұрады дейді жерлесіне жақ тартып келген, күреске ертең түсетін Дәулет Жұмағазиев. Айтқандай, түрік канадалық қарсыласын ұтып келесі кезеңге өтті. 74 кило сал­мақтағы балуанымыз Абдулхаким Шәпиев те тунистен келген ба­луанның жеңіске деген үмітін үзді. Бірақ, келесі кездесуінде өзі де жеңіліп жарыстан шығып қалды. Дәулет түрік балуанымен кілемге шақырылды. Жастар арасында алмаған жүлдесі, бағындырмаған биігі жоқ түріктің жас перісі расында мықты. Екеуі бір біріне ұпай бермейді. Екі кезекте де есеп ашылған жоқ. Алғашқы Дәулет суырған шар түрік Рекердің пайдасына шықты. Екіншісінде Рекер суырған шар біздің жігіттің пайдасына шықты. Соңғы кезең. Не белбеу, не бел кететін сын. Дәулет кездесудің соңына бір тарпып тү­рік­ті етпетінен түсірді де сілеу­сіндей ырғып ту сыртына шығып кетті. Алып сарай дүр ете қалды. Бір ұпай еншілеген Дәулет Рекер­дің екі аяғын буып байлап шыр айналдыруға әрекет жасаған. Мін­сіз орындалмағандықтан төреші та­ғы бір ұпай берді. Өзінің Олим­пиададағы соңғы белдесуін өткізіп жатқанын сезінген түрік ышқынға­нымен күші, өнері асқан қазаққа ештеңе істей алмады. Енді Дәулет бір кездесуін ұтса екі аяғымен ақ­тық сында нық тұрады. Бірақ, осал­дау балуандардың барлығы төменде қалып кеткен. Кілең қасқырдың абадандары келсең кел дейді. Грек-рим мен еркін күресте қай балуан болмасын тобында Иран және орыс балуаны болғанын қаламайды. Дәулетке енді ресейлік Отарсұлтановпен күресу керек. Қап тауының жігіті қарсыластарын шетінен омырып келеді. Батылдау болжам жасай алмай отырғанымыз содан. Солай болды. Алдында Сол­түстік Корея балуанын қамырдай илеген Отарсұлтанов Дәулетпен де жойқын ұрыс салды. Дәулеттің басынан қапсыра құшақтап, тұқырта басқан ол лып етіп артқа өтті де белден алып екі айналдырып жі­берді. Міне, осы кезде біздің жігіт­тің әбжілдігі көрінген. Қайырыла беріп Отарсұлтановтың үстіне қона кетті. Қайран-ай, күші кемдік қыл­ды. Жауырынын кілемге жапсырса таза жеңіс. Екінші қолын қарсы­ласының астынан алып үлгермеді. Нені бүлдіргенін секундтарға жет­пейтін уақытта ұғып үлгерген орыс балуаны сұрапыл күшпен аударылып түсті. Санды аямай соқтық. Енді қап тауының жігіті есе бермейтінін ұғып тұрмыз. Екінші кезеңде біз қауіптенгендей болды. Енді Дәулетке үшінші орын үшін кешкі бағдарламада күресу керек. Қарсыласы да белгілі. Солтүстік корея балуаны Ванг. Ол алғашқы кездесуінде әлем чем­­пионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, өзбекстандық Ділшод Мансуровты жарыстан алып тастаған. «Мансуров Олимпиадада да, Азияда да осы балуанға ұтылады. Сезімтал, со­ңына дейін күреседі» деп Мәу­лен Мамыровтың айтқаны есімізде. Атақты балуанның қаупі расқа шықты. Дәулетте бір балуанға ке­ректің бәрі бар болғанымен күші кем­дік қылады. Бұл енді бапкер­лері мен өзінің ойланатын мәселесі.
Боксшылар бәсекесі мұнда жа­рыстың ең соңына қойылған. Сонда да қазақстандық жанкүйер­лерге еш­теңе тоқтам емес. Сарай­дың ішінде еліміздің көк байрағы самсап көрі­неді. Мықтылар кезегі­мен финалға өтіп жатыр. Осы ға­сырдағы ең талантты боксшылар­дың бірегейі украин Василий Ломаченко 60 кило салмақтағы куба­лық мықты Толедоны жолынан алып тастады. Енді оны Олимпиада жеңімпазы деп қазір құт­тықтай беруге болады. Қарсыласы корей боксшысын төре­шілер құла­ғы­нан тартып шығар­ғандай болған. 69 кило салмақтағы үмітіміз Серік Сә­пиевтің қарсыласы сыралғы Алексей Замковой. Серік Миланда өт­кен әлем чемпионатында осы ре­сейлік боксшыға есе жіберге­німен кейінгі жарыста еркін жеңген. Әркімнің көрпені өзіне тартатыны белгілі. Ресейліктер Сәпиев өте мықты боксшы, бірақ, Замковой жас әрі жылдам. Сондықтан Замковой жеңеді деп болжам жасаған. Біздің құра­мамыздың капитаны олардың мы­сық тілеуін теріске шы­ғарды. Ал­ғашқы раундта 6:2 есе­бімен Серік алға шықты. Екінші раундта Замковой ашық шабуылды қолайлы көрген. Көбіне қорға­ныс­ты ойлайтын ре­сейліктің белсен­ділігі абдыратып тастады ма, әлде бірін­ші раундтағы есепті көңілге тоқ санады ма Серік бірнеше соқ­қыны жі­беріп қойды. Екінші раунд 10:8.Үшінші раунда өзіміздің жау­жүрек Серікті таныдық. Екі қолы­на қос семсер ұстап ал­ғандай әсер қалды­ратын Серік Алексейге бұл жерде кім қожайын екен­дігін ұқ­тырған. Қатарынан бірнеше мәрте соққы жау­дыра алатын, бұқ­пан­тайлап ұрыс салу әдетінде жоқ біздің жігіт ашық айқаста кім-кімді де табанында тұрғызбайды. Замковой мен Шелестюк екі әлем чемпионатында Сәпиевті ұтса, оның қос қолды кеуде тұсқа ұстап ашық айқас сала­тындығынан пайда көр­ген. Жабық жүреді, ұрымтал тұста ғана ұрып қалады. Серіктің соқ­қылары дәл тие бастағанын көр­ген­нен кейін ре­сейлік жанкүйер­лердің дабыры басылды. Ал қазақ­тар сарайды мойындарына іліп кетердей ұранға басады. Ағылшын­дар да «Қазақ­стан» деп жақ болуда. Үшінші раунд 18:12 есебімен аяқ­талды. Замковой әдепті жігіт екен. Серіктің жеңгенін мойындап біздің бокс­шыға құрмет көрсе­тіп, керме ар­қанды көтеріп тұрды. Ал Тарас Шелестюк ағыл­шын Эван Фреддимен терезесі тең айқаста 10:11 есе­бімен жол берді. Фредди де ашық айқасты жаны қалайтын бозым екен. Жылдам, аяқпен қар­сыласын жақсы алдайды. Бұлт етіп тура соққыдан жалтарып, қарсы алдынан пайда бола кетеді. Соқ­қылары да таза. Ресейден фи­нал­ға бір ғана боксшы өтті Ол 81 кило салмақ­тағы Егор Мехонцев. Бұрын Егор 91 кило салмақта әлем чемпионатын жеңіп алған. Бірақ, оған ауыр­лық қылған соң оны 81 кило сал­мақтағы ауыр соққылы боксшы Артур Бетербиевпен ауыс­тырған. Бұл боксшыны көптен ба­қылап жүремін. Ешкімнен беті қайт­пай­тын чешен жігіті бапкерлер салмақ салып тұрғаннан ке­йін жарайды деп өзі жоғарыға ке­тіпті. Мехонцев осы салмақта өзіне қарсылас шыдатпайтынын танытты. Әйтпесе, бразилиялық Фалкао Флорентина ширек финалда кубаның талантты боксшысы де Крузды жең­ген. Егор аңдысқан жоқ. Қой көрген қасқыр­дай тарпа бас салды. Егор Фалкаоны екі рет нокдаунға түсірді. Есеп 23:11. Бұл чемпион болмақ жігіттің Олимпиадаға тас түйін дайын кел­генін аңғартады. Әділбек Ниязымбетов украинаның тағы бір талантты боксшысы Олекандр Гвоздикпен қолғап түйістірді. Бірінші раунда екеуі тең түсті. 4:4. Екінші раундта салмағы ауыр, күші де басымдау Гвоздик ашық айқасқа көбірек шы­ғып, жақсы соққылар жасаған. Әділ­бек те қарызға қалған жоқ. Сол заматта қарымтасын қай­тарып жатты. Гвоздиктің күш­тілеу көріне­тінінің бір себебі, Әділ­­бектің сал­мағы 81 килоға жетпейді. Екін­ші раунд күт­кеніміздей 9:10 есебі­мен Гвоздик­тің пайдасына кетті. Үшінші раунд алма-кезек шабуылмен өтті. Төре­шілер ұзақ ойланды. Есеп 13:13. Кеңесе келе соң­ғы секундтарды шабуылмен өткіз­ген Ниязымбетов­ті жеңіске лайық деп тапты. Иван Дычко ағылшын үміті Антони Жошуаға қарсы жақ­сы ұрыс салды. Ал­ғашқы екі раундта біздің бокс­шы қарсы­ласына қара­ған­да күш­тілеу көрін­ген. Есеп 4:4, сосын 8:8. Үшінші раундқа Дыч­ко­ның Лондон рин­гінде ғана емес Қазақ­станда да шаршап шығатын­дығы көрініп қалды. Ашық жүр. Жо­шуаның да оңып жүрген жағ­дайы болмағаны­мен жанкүйерле­рінің де­меуінің арқа­сында күш алып, бірнеше соққы өткізді. Есеп 13:11. Осы Олимпиадада маман­дарға жақсы әсер қал­дырған, талантына шүбәсіз сен­дірген Иван Дычко алтын алу арманын Бразилияда өте­тін олим­пиадаға қалдырды.

Карелин Тінәлиевке жарыс жетпеді дейді

Олимпиаданың 11-і күні. Жеңіл атлеттеріміздің әлемдік рекордтарды судай сапырып жүрген саңлақ­тардың арасынан суырылып шыға алмайтындығы белгілі. Сондықтан таэквондошы, 67 килодан жоғары салмақта татамиге шыққан Феруза Ергешовадан жақсы нәтиже күтіп едік. Феруза – мінезді қыз. Қарсы­ласының атақ-даңқы оны ешқашан сескендірген емес. Бірақ, жетпей тұрған шеберлікті ол қасиет жаба алмайды екен. Словак таэквондошысынан екі кезекте 3:5, 2:4 есебі­мен ұтылғанымен соңғы кезекте жауынгерлігіне басып 11:7 есебі­мен жеңді. Ұпай 16:16. Қосымша уақыт белгіленді. Қарсыластарына қарағанда бойы аласалау қызымыз жақсы соққы жіберіп қойды. Сол 1 ұпай оның үшінші кезектегі жой­қын шабуылының бәрін жуып кетті. Төрешілер тарапынан әділет­сіздік те болмай қалған жоқ. Бірақ, словак қызы алысқа ұзай алмады. Бұл салмақта Олимпия ойындары­ның чемпионы серб қызы Милица Мандич болды. Ол финалда француз Анн Каролин Граффты жеңді. Қола медальға мехсикалық Мариа дел Росарио мен ресейлік Анастация Барышникова ие болған

Жүрегімізді қолымызға алып еркін күреске келдік. Кеше 84 кило салмақтағы балуанымыз бен 60 кило салмақтағы үмітіміз Дәулет Жұмағазиевқа бірінші белдесуінде-ақ ирандық балуандар түскенін көріп шошып кетіп едік. Бұлар еркін күресте қай елдің балуандары болсын жартылай финалдан кейін жолықса дейтін мықтылар. Ермек жанын салды. Алғашқы кезеңде 0:3 есебімен ұтылғанымен екінші кезектегі жеңісті өз атына жазды. Бірақ қайратты Эхсан Насер Лашкари шешуші кезеңде 4:0 есебімен таразының басын өзіне аударып кетті. Осы екі балуан финалға өтсе біздің жігіттерге қола медаль үшін жарысты жалғас­ты­руға жол ашылар еді. Бірақ, олардан да мықты­лар әзербайжан балуаны Шариф Шарифовтің меншігі екен. Ол ақ­тық сында пуэртори­калық Хайме Эспиналдан басым түсті. Қола медаль грузин Дато Марсачишвили мен Ермектің жолын кескен ирандық Насер Лаш­кариға бұйырды. Дәулет күрескен 60 кило салмақтағы алты­нның иесі деп сарапшылар ресейлік балуан Бесик Кудыковты атаған еді. Олим­пиадаға болжам жүрмей­ді екен. Финалға Бесик жақсы шық­­қаны­мен әзербайжанның тағы бір талантты ұлы Тогрул Аскаров­қа қайрат қыла алмады. Осылайша бұл күні көмбеге қойылған екі алтынды әзербайжанның екі жампозы іліп әкетті. 120 кило салмақта кілемге шыққан балуанымыз Дәу­лет Шабанбай ел чемпионатында үздік болғанымен Бейжіңге жолы түспеп еді. Талантты балуан ал­ғаш­қы белдесуін өте сауатты өт­кізді. Румын Хинтонға бірінші кезекте 0:3 есебімен ұтылғанымен соңғы екеуінде 5:2 және 1:0 есебі­мен жеңіп жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Бірақ, Дәулет сол күні финалға өткен грузин Давид Мондзманашвилиден ұтылып үшін­ші орынға күресуге мүмкіндік алған. Олимпиадада жартылай фи­налға кіл мықтылар қалады. «Гру­зинді дұрыс бағаламадым. Есебім оны көп күш шығармай жеңіп, финалға күш сақтау еді. Бұл менің өзіме кешіре алмайтын қатем» деп мигзонада журналистерге ағынан жарылған ресейлік Білал Махов Дәу­леттің талайына тап келді. Ал­ғашқы кезекте Білал жеңгенімен Дәулет те өзінің Лон­донға қой қа­й­ыруға келмегенін танытты. Атақ­ты балуанға екінші кезеңде соқыр ұпай ұстатпай 3:0 есебімен жең­генімен шешуші сәтте Махов қола­ның сауырынан ұстат­пады. Қалай болғанда да, Шабанбай өзінің әлем­­дегі мықтылармен теңдей күресуге күші жететіндігін танытты. Бұл сал­мақтағы алтын иесі деп өзбек­стан­дық, екі дүркін Олимпия ойын­дарының чемпионы Артур Таймазовқа болжам жасал­ған. Осетин жігіті үш қоласымен көңілдері қоңылтақсып жүрген өзбек ағайын­дарға олимпиаданың соңғы күнде­рінің бірінде орасан сый жасады. Ол – үш дүркін Олимпия ойын­да­рының чемпионы. Күміс медальді грузин Мондзманашвили мойнына тақса, Маховтан бөлек екінші қола­ның иесі ирандық Комейл Тасеми. Бұл күні бокстан да финал­дық бә­секе­лер өткен. 49 кило сал­мақта біз­дің Біржан Жа­қып­пен тең түсіп жүр­ген, екі олимпиадада талантты қазақ боксшысын ширек финалдың ауылында аттан түсіріп кеткен қытайл­ық Зоу Ши Мин жеңіске жетті. 64 кило сал­мақтағы алтын иесі куба қабы­ланы Винченцо Сотолонго. Ал 75 кило салмақ­тағы алтынды жапон боксшысы Мурато еліне сыйға тартты.

Жарыс кезінде үш дүркін олимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Карелинге жолығып, ба­луандардың белдесуі туралы пікі­рін білгіміз келген. Бұрын біздің Нұр­махан Тінәлиев туралы жақсы пікір айтқаны бар еді. Біздің айы­рық­ша үміт күткен балуаны­мызға жарысты жалғастыруға не жетпеді.

– Нұрмахан Тінәлиев пен Хасан Бароев екеуі де бабында. Менің бай­қағаным, екеуінде де жарыс тә­жі­­рибесі жетіспейді. Олимпиада ал­дында жақсы турнирлерге салып, дайын күйінде әкелу керек еді.Әйтпесе, осы салмақта кубалық Лопестен басқа мықты балуан көрмедім.

 

Соңғы күн. Алтын. Күміс. Қола.

Олимпиаданың соңғы күнінде қоржын түбінде қалған соңғы 15 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Чемпиондар мен жүлдегер­лерге берілетіні алтын, күміс және қола медальдар болса, соның үшеу­ін де үйрімен үш тоғыз қылып алаштың жігіттері алды. Шойын жұдырық жігіттеріміз Серік Сә­пиев 69 кило салмақта алтын ме­дальды жеңіп алса, оның ізін басып келе жатқан талантты інісі Әділбек Ниязымбетов 81 кило салмақта кү­міс медальға ие болды. Таңер­тең­­гілік кілемге түскен 66 кило сал­мақтағы балуанымыз Ақжүрек Та­ңа­таров украин және армян балуандарын еркін ұтып, жартылай фи­налда күрес­кен. Үнді Суши Кумарды ұтса финалдан бір-ақ шық­қалы тұр. Бі­рінші кезеңде үнді жігіті басымдық танытты 3:0. Содан соң біздің балуан қайратына мінді. Лып етіп артқа өтіп бір ұпай алды. Сосын белден іліп алып бір аунатып тастаған. Соңғы кезең. Үн­­діні кілемге бір аунатып алған біздің ұл 3:0 есебімен алда. Уақыт аз қалған. Ойымызда финал. Сол жерде қыр­сық шалды. Қарсыласын тағы бір үйіріп тас­тағысы келген Ақжү­ректің бұтына үнді мысықтай болып кіріп кетті. Рұқсат етілмеген әрекетті жасаға­нын төреші аңғар­май да қалды. Есеп теңескен соң жеңіс соңғы әрекеттегі балуанға беріледі. Ақжү­рек жан ұшырып алға ұмтыл­ғанымен тағы қате жі­беріп алды. Әп сәтте көз алдымызда қылықты қыздай бұлаңдап тұр­ған жеңіс сынаптай сусыды да кетті.

Енді Ақжүрекке жартылай фи­налға өте алмаған өзбек және түрік балуанының жеңгенін күту керек. Екеуі де оңай емес. Екеуі де бұрын біздің балуанды жеңген. Осыдан аман өтсек қола медаль менікі деп ойлайтындары кәдік. Айтқандай түрік Шахин қарсыласын оңай бү­ріп тастады. Ол – Олимпия ойын­да­рының чемпионы әрі әлем чемпионы. Біздің Ақжүректі елде Олим­пиадаға апарамыз ба, әлде тәжірбиесі бар Семеновті апарамыз ба деген әңгіме жүрген. Енді қорықпай көр. Бірақ, біздің жігіт ешкімнің атақ-даңқынан қорық­пайды екен. Бірінші кезеңде Шахин алымды болды. Ақжүректі бас­тан тұқырта ұстаған күйі аяққа өтіп кетті. Бір бұрап тастады. Сол мүмкіндік Ақжүректе болғанымен аударып тастай алмаған. Есеп 1:4. Екінші кезеңде де аңдысқан екеу шамасы жетсе бірін-бірі түтіп жегісі бар. Алдындағы айқаста біз­дің жігіттің жарақаттап алған құла­ғынан қан тамшылайды. Ақ­жүрек оңтайын тауып артқа өтті де белден алып қайырып тастады. Тегін адам олимпиада жеңімпазы бола ма, Шахин керіліп Ақжүректі кілем шетіне сүйрей құлап өз есебіне бір ұпай жазды. 3:1 Алдамыз. Шешуші кезең. Таңатар баласының қайраты осы кезде көрінді. Түрікті белден іліп алды да диірмен әдісіне салып айналдырып тастады. Есін жидырмай өзі 4 ұпай алды да Шахинға 2 ұпай ұстатты. Қола қолдан кетіп бара жатқан соң түрік әруағын шақы­рып ұмтылған. Финалға өтер тұста ауызы күйіп қалған біздің жігіт бұлталақтатып ұстатар болмады. Шахин өкініштің запыранын жұ­тып кілемге құлады. Қола біздікі. Алтынмен тең қола медаль бұл. Сонау Атлантада Мәулен Мамыров қолымызға әкеліп берген қола медальды малданып жүргені­мізге табаны күректей 12 жыл толыпты. Журналистерді тілдестіре­тін ай­мақ­қа жүгірдік. Бас бапкер, аңқыл­дап қалған жайсаң жігіт Алтай Танабаев алдымен келеді. Бізді көріп жылап жіберді. «Бәке, айтым ғой бұл Олимпиададан олжамен қайта­мыз деп. Сүйекке таңба болып жүр еді. Ақыры алдық қой», дейді көңілі босап. Ақжүректің өзі де келді.  Диірмен және белден алып ай­налдырып тастауды мана индус­қа жасағанмын. Шахин өте тәжі­рибелі балуан. Оған басқа тактика ойластыруға тура келді, дейді ол. Таңертеңгілік күресте кере­мет­тей көңіл күй болмады. Финалға шыға­тын жерден қателікке жол бердім. Кейін ойға салғанда өзім шошып келдім. Үйде әке-шешеме, жұбайы­ма жеңіспен ораламын деп айтып кеткем. Салмаққа тартыл­ғанда бап­керіме де бүгін медаль алатын шығармын дегенімде ол да қуанып қалды. Егер түрікті жеңбе­сем елге масқара болып қайтуға тура келеді. Өзімді тез жинап қайтсем де жеңе­мін деген талап қойдым. Қалай ойлайсыздар қай­дам, елден шыққан­да алтын медаль жеңіп алсам, еліміздің әнұранын ойнатсам, көк туымыз желбіресе деген арман болған. Еркін күресте Мәуленнің қоласынан басқа олжамыз болмады, осы жолы сапалы медаль алсақ деген арманымды келесі Олимпиа­даға сақтауға тура келеді.

 

«Анам «Ұлым, сенің жеңетініңді сездім» деді».

Серіктің жеңіске деген керемет құлшынысы оның шаршы алаңға шыққандағы тұрысынан-ақ аңға­рыл­ған. Бәйге бермес тұлпарлар­дай кеуделеп төрешінің шақыр­ғанын күтпей ринг ортасына алдымен шығып кетті. Аңдысқан, әліп­тің артын бағайын деген жоқ. Жойқын шабуылды өзі бастаған. Екі қолы Еван Фреддидің басында жай оғындай ойнайды. Ағылшын ұлы чемпион болады деп көңілдері сеніп келген жергілікті жанкүйер­лер алғашында сарайды мойындарына іліп кетердей болып отыр­ғанымен ұрандарының оған көмек­теспейтінін бірінші раундта-ақ ұққан. Екінші раундта тыншыды. Қай­ратты қазақтың жойқын соққы­лары Фредди қорғаныстан шықса опырып кетерін біледі. Үшінші раундта қазақтардың ұрандаған дауысы өзге дауыстарды тұншықты­рып тастаған. Серік те жігіттің сойы. Фреддидің бір соққысына екі-үш соққымен жауап береді. Жар­тылай финалда әлем чемпионы Шелестюктің апынын басқан ағыл­шын тасқамал қорғаныста жүр. Ол да жеңіліске көнген сыңайлы. Солай болды. Үш раундтық жекпе-жекте Серік 17:9 есебімен басым түсіп, 6 алтыны бар Қазақстанға қазақ үшін қасиетті сан 7-і алтынды тарту етті. Жайшылықта өте сабырлы Серіктің қуанғанын көрсе­ңіз. Қазақтың байрағын жамылып, шаршы алаңда жанкүйерлерге құр­мет көрсеткен соң, ағылшынның астанасында ұранға басып тұрған бауырларына барып қолдарын алды. Лондонға тілеуін тілеп анасы келген. Еркелеп барып алтын маң­дайынан сүйгізді. Лондонда қазақ боксы өте жақсы жетістікке жетті. Оны ұғу үшін бір ғана мысал келтірейік. Құдай қосқан көршіміз Өзбекстанның Олимпиадада бар жиған медалі 1 алтын, 3 қола. Ал боксшыларымыздың еншісінде 1 алтын 1 күміс, 2 қола бар. Бір боксшыларымыздың өзі ғана жүз­де­ген мемлекеттердің осы Олимпиадада армандап келіп, қолдары жетпей кеткен жүлделерді алып отыр. Оған теңіздей төгілген терден бөлек мемлекеттік көмек, қазаққа болсын дейтін азаматтар­дың аялы алақаны көмектескенін айтпай кетсек арға сын. Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев мырза бастаған жайсаң жігіттеріміз боксшылар жаттығудан басқа жайттарды ойламау үшін бар керекті жасады. Сондық­тан федерация жұмысына да рахмет айту керек. Олимпиадада аккредитациясы бар журналистерді чемпиондармен жүздестіретін бө­лек аймақ бар. Осы жерде батыр ұлымызды күтіп алып, тер саулаған бетінен сүйдік. Сұрақтарымызға жауап алдық.

– Фреддиді жақсы білемін, же­ңе­тініме ешқандай күмәнім болған жоқ, – дейді Серік. – Тек, өз елінде өтіп жатқаннан кейін ағыл­шын жанкүйерлерінің айрық­ша қолдай­ты­ны психологиялық жа­­ғынан қи­ын­дық тудырған. Айқас басталған­нан кейін ол да ұмытыл­ды. Олим­пиаданың алдында Англияда оқу-жаттығу жиынында бол­ғанбыз. Сол кезде екеуміз спаррингте кездесіп жүрдік. Жігіттер оның алдыңғы қолмен көп жұмыс жасайтынын, лапаны оң қолымен көбірек ұратынын айтқан. Оны өзім де байқағам. Сон­дықтан, таң­даған тактикам алдыңғы қолды жұмыс істетпеу үшін ша­буылдың астына алуым керек болған. Қор­ғаныста жүрген ол менің оң қол­мен ұрған соққыларымды көр­мей қалды. Екінші раундта-ақ оның ауыр соққыға көзігіп қалмау үшін қорға­нысты таңдағанын байқап, жеңіске жететінімді білдім.

– Олимпиададағы басты қар­сы­ласың кім болады деп ойлап келіп едің. Қайсысымен жұдырықтасу қиындау болды?

– Ресейлік боксшы Замковой. Замковоймен үш рет кездестік. Миланда ол жеңді. Алматыда өткен турнирде мен оны жақсы есеппен жеңдім. Лондонда да сол Алматы­дағы тактиканы пайдаландым. Фи­налға Фредди екеуінің бірі шығады деген ойым болды.

– Тарас Шелестюк ше? Ол да Лондонға алтын алсам деген ниетпен келген жігіттердің бірі.

– Мен оған қарсы өз тактикамды дайындағанмын. Ол мықты қар­сылас емес. Бакуде жолы болғаны рас. Әдіс-айласы белгілі. Бапкерім екеуміз ойластырған тактика бойынша оны оңай алуға болар еді, бірақ жолымыз тоғыспады.

– Аңқылдап анаңа барғаныңды көріп отырдық. Өзіңе ең жақын адам саған не деді?

– Серік, ұлым, мен сенің жеңе­тініңді сездім. Біз бәрін жеңдік қой, – деді.

– Қазір құттықтап жатқан адамдар қалта телефоныңа маза бермей жатқан шығар. Әлі Лондондасың. Елге қандай сәлем айтқың келер еді?

– Маған сенген барша ағайынға рахмет. Рас, бұл алтынды мен ұзақ күттім. Өзімді жаттығуда аяғам жоқ. Әлем чемпионы болу бір бас­қа, Олимпия ойындарының чемпионы болу бір басқа. Оны қуаныш­тан әлі­ анық ұға алмай тұрмын. Нұрсұлтан Әбішұлы бізді Олимпиада алдында қабылдағанда ел, мемлекет намысы тұрғысында аталы сөздер айтқан. Спорт жарыс дең­гейінен көтеріліп, мемлекеттік сая­сатқа айналды. Елдің абыройы кө­терілетіндей, жеңіске жетіп ке­ліңдер деп тілек айтқан. Мемлекет басшысының спортшы­ларға артқан сенімін ақтауға үлес қосқаныма қуанамын. Әрине, жан­күйерлері­мізге де айырықша рахмет.

Серік Сәпиев, Қазақстанның қолын жетінші алтынға жеткізген, екі жүзден астам мемлекеттердің ішінде 12-і орынға көтерілуіне еңбегі өткен бокс құрамамыздың айбынды капитаны осылай деді.

Юрий Цхайдан бір ауыз пікір сұрадық. Ол жауабын бір ауыз сөзбен түйді. «Серіктің боксы жай ғана бокс емес, ол – көркем өнер».

81 кило салмақтағы Әділбек Ния­­зымбетов 91 кило салмақта әлем чемпионы болып, Лондон Олим­­пиа­дасының алдында Ресей құра­масы жаттықтырушыларының ше­шімімен он салмақ жеңілдеп, орнына Артур Бетербиевті жібер­ген болатын. Әділбек жақсы ұрыс салды. Күшінің сәл кемдік қыла­тындығы болмаса ол шеберлік жа­ғынан, соққының дәл тиюі жа­ғы­нын кей сәтте Егордан асып түсіп жатты. Алғашқы раундта Әділбек бір ұпаймен алға шық­қанымен екіншісінде Егор теңеді. Үшінші раундтың соңында екеуі де аясқан жоқ. Жүремелдете жасалған соқ­қылар кезек тиіп жатты. Сон­дық­тан, төрешілер де бір шешімге келерде ұзақ ойланды. Есеп 15:15. Қазақша қайырғанда итжығыс деп екеуінің де қолын көтеретін жер емес. Төрешілер ойласа келе Мехонцевті жеңіске лайық деп тапты. Олай болатынын ішіміз сезіп те отырған. Ресей бұл алтынды жібе­ріп қойса, құрамасы елге алтынсыз қайтады. Қортынды пікірді Қазақ­стан құрамасының бас жаттық­тырушысы Мырзағали Айтжановтан сұрадық.

– Әу баста бізге алтын, күміс және қола медальді жеңіп алу тапсырмасы қойылған болатын, – дейді ол. – Бірақ, жігіттерімді бес саусағымдай білемін. Көкейімде 5 медаль алсақ деген арман болды. Төрешілер алдымызды орамағанда, лас саясат араласпағанда алғандай едік. Біз жарыс кезінде орын алған кемшіліктермен жұмыс істейтін боламыз. Түйіп айтқанда, боксшыларымыз алға қойған тапсырманы ойдағыдай орындады.

 

«Егеменнің» болжамы дәл келді

Олимпиаданың алдында Лондоннан олжамыз қандай бола­тындығы жөнінде түрлі болжамдар жасаған. Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев 3 алтын, бас-аяғы 13 медаль аламыз деген жорғасынан жаңылмай қойды. Біз де сол кезде өз болжамымызды жасадық. Тура 7 алтын аламыз дедік.

Сенімсіздік білдіргендер болса, «Егеменнің» №426, 27 шілде са­нын­дағы «Алтын алатын кімдер?» деген мақаланы оқыса болады. Сонда айтқан спортшылары­мыз­дың бәрі алды. Бір жерден қате­лесіппіз. Біз балуандарымыз Алмат Кебіс­баев, Максим Раков және Нұрмахан Тінәлиевті қосқанда 1 алтын күт­кен­біз. Өйткені, алдағы екеуі әлем­дік рейтингте өз сал­мақтарында алдыңғы орында. Олар емес, күт­пеген жерден велошабандоз Александр Винокуров алтын әкелді.

Біздің үміт күткен балуанда­ры­­мызға не болды? Осы сауалды Лондонда FILA мүшесі, Күрес түр­лері федерациясының құрметті пре­зиденті Дәулет Тұрлыхановқа қойғанбыз.

«Еркін күрес құрамасы бір­талай жұмыс жасаған, деді ол. Бұл жөнінен бас бапкер болғанына оншақты көп болмаған Алтай Та­набаевқа разымын. Дәулет Ниязбеков пен Дәулет Шабанбай қола медаль үшін айқаста қарсылас­тарын ала алмағанымен, жақсы қайрат көрсетті. Ал, Ақжүрек Та­ңа­таров пен Гүзел Манюрованың күрестері ерлікпен пара-пар. Мені грек-рим балуандары қайран қал­дырды. Екі күрес түрінен 5 медаль аламыз дегенде Алмат пен Нұр­маханға көп үміт артып едік. Же­ңіске ұмтылған спортшының кө­зінде жалын атқан от болады. Сол от, жарқыл осы екі балуанда жоқ болды. Өздеріндей Даниал Гаджиев жеңісті жұлып алды ғой, неге өнеге алмасқа. Сон­дықтан, елге барған соң осы мәсе­лелерге қайта талдау жасайтын боламыз. Дәулет Болатұлы осылай қайырған.

Бас бапкер Мұратбек Қасым­ханов көңілге қонатын біраз әңгіме айтты. «Неге біздің балуандар тез шаршап қалады?» дейміз біз. Шын­дығында, көп мемлекеттерде фармокология қатты дамыған. Еуропа оқу-жаттығу жиынын бірге өткі­зеді. Олар­­­ға жұмыс жасайтын жеке ғы­лыми-зерттеу институттары бар. Азияда да осы тәртіп жолға қо­йылған. Ескі сүрлеумен есек мін­гендей те­пеңдеп келе жатқан біз ғана.

Бізде бәрі әрі жаттықтырушы, әрі психолог, әрі массажшы, әрі фармоколог. Тапқан дәруменін шә­кіртіне береді. Ғылыми негіз жоқ. Осыны ретке келтірмесе болмайды. Екіншіден, ауыл балалары еңбек­пен піскен, қарулы келеді. Ал, ауылда күрес залдары жоқ. Өңірлер жұмысы әлсіз. Мәселен, Нұрма­ханды жарысқа дайындауға сппаринг-партнер болмады. Балуан қалай өседі?!

Мұратбектің айтқаны жөн емес дей алмайсың. Ақыры, несібені күрестен күтеді екенбіз, фармокологияны, ғылыми орталықты қолға алмай іс өнбейтінін агенттік назар­ға алғаны жөн-ау. Олимпиада да көп федерация өз мүмкіндігінен төмен өнер көрсетті. Бас-басына атамай-ақ қоялық. Бірақ, біз алтын күткен дзюдоны сөз етпеске болмайды. Балуандардың психология­лық жағынан әлсіздігі көзге ұрып тұрды. Біз Бейжің Олимпиадасында дзюдоға Ресей маманын кеңесші етіп алдық. Қызығы сол, сол Ресей дзюдо құрамасын Лондонға дайындау үшін италиялық жаттықтыру­шыны таңдады. Қаншама жыл ре­сейлік жаттықтырушылар Олимпиададан алтын жүлде ала алмағанда италиялық Эмба Лондонда 3 алтын, 1 күміс, 2 қола алды. Іс тетігін кадр шешеді деген осындайда айтылса керек. Бізде жаттықтыру­шылар мектебі әлсіз. Энвер Түр­келеридің ауыр атлеттеріміздің әлеуетін кө­тер­гендігі сияқты қазақ дзюдосына да жаңа қан, жаңа леп керек. Шетелден білікті маман шақыруға арлануға болмайды.

Сонымен қатар, қуанатынымыз Рио-де-Жанейроға қазірден дайын жас спортшыларымыз бар. Соның бірі 20-ға енді қадам басқан Зүл­фия Чиншанло. 69 кило салмақта сынға түскен қазақ қызы Анна Нұрмұ­хамбетова. Ол – жұлқа көте­руде өз салмағында 117 килоны көтерген жалғыз атлет. Аяғында нық тұрды. Төрешілер есептеді. Кейіннен Қазақ­станның тағы бір алтынды алып кететінінен қауіп­тен­ген төрешілер алқасы серпе көтерудің алдында өз ойларынан айнып шықты. Сөйтті де жалындап тұрған қыздың арынын басты. Төрешілердің әділетсіздігінен жарыстан алынған боксшы Данияр Елеусінов пен күміс жүлдегер Әділ­­бек Ниязымбетов те 20-дан енді асқан бозымдар. Күресте де Дәулет Ниязбеков сияқты мықты жігіт­теріміз өсіп келеді. Мұның өзі Қа­зақстан спортының даңғыл жолмен келе жатқанын байқатады. Гүзел Манюрова мен Ақжүрек Таңатаров та осы Олимпиадада кеткен есесін Рио-де-Жанейрода қайтармақ. Осы­­ны ойласаң, көңілің жадырайды.

Түйін

 

Қазақстан 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медалімен дүние жүзіндегі ең үлкен спорт жарысында 12-ші орын­ға ие болды. Азуын айға білеген ондаған мемлекеттер Қа­зақ­стан биігіне қызығып қарай­тындай шыңға көтерілді. Лондон Олимпиадасы қа­заққа құт әкелді. Дүние жүзінен жиналған елдердің Қазақстандай қуатты елдің қа­һарман ұл-қыздары жайлы таңды-таңға ұрса таусылмайтын хиссаны жаттап, көкей­леріне түйіп қайт­қаны анық.

Бақтияр ТАЙЖАН,

Егемен Қазақстан.

Алматы – Лондон – Алматы.

 

Бөлісу:
  • Добавить ВКонтакте заметку об этой странице
  • Мой Мир
  • Facebook
  • Twitter
  • LiveJournal
  • LinkedIn
  • Одноклассники

Short URL: http://kk.sport.gov.kz/?p=3067

Сұхбат

20180705173502

Фируза Шарипованың 4 тамызға жоспарланған кездесуі кейінге шегерілді

Июл 27 2018

Екі салмақ дәрежесінде кәсіби бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипованың Мириам Гутьерасспен межелеген кездесуі өтпейтін болды. Бұл туралы қазақстандық спортшының баспасөз-қызметі хабарлайды. Бокс кеші Санкт-Петербургтегі М-1 Аренда 4 тамызда  өтуі тиіс Далее »