ҚАЗ РУС

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:

Ерекше мүмкіндік

+ 100% -
Версия для слабовидящих
|

Жасыл алаңда – «жасылдар» жасағы

 

Дүйім дүниені дүрілдеткен Еуропа чемпионатының аяқталғаны күні кеше ғана сияқты еді, міне, енді кезекті дүбірлі дода – 2014 жылы Бразилияда өтетін жаһандық жарыстың іріктеу ойындары басталатын шақ та келіп жетті. Осы екі аралықта Лондон Олимпиадасы болып өтіп, өз жүлдегерлерін анықтап алды. Ал қатарында Қазақстан құрамасы да бар УЕФА шеңберіндегі квалификациялық кездесулер бүгін, қыркүйектің 7-сі күні басталады. Осы күні еліміздің бас командасы Ирландия құрамасын қабылдайды.
Біздің бүгінгі әңгімеміз де осы жасақ туралы болмақ.

Британия архипелагына жататын Ирландия аралының бір мү­йісіндегі арал аттас ел фут­бо­лы­ның тарихы аяқдоптың отаны саналатын Англиямен бір мезгілде керуен түзгенімен, оның жаһан­дық жарыстардағы жорығы салыс­тырмалы түрде өте кеш жалғасты. Бұл үшін ел құрамасының әлем чемпионаттарына қатысуы 1962 жылдан, ал Еуропа біріншілігіне атсалысуы 1972 жылдан бері ғана басталғанын айтсақ та жеткілікті.


Батыс Еуропаның барлық мем­лекеттеріндегі тәрізді бұл елде де жанкүйер жұрт өз құрамасын әс­пет­теп, оған өздерінше лақап ат қойып алған. Және сол дәу­лет­тер­дегідей мұнда да ондай атаудың өзі де біреу емес, бірнешеу. Со­лар­дың арасында «Жасыл жейделі жігіт­тер» және «Айриштер» (яғни ирландтар) деген атаулар жиі қол­да­нылады. Шынында ирланд елі терме жамағаты кіл шымқай жасыл формамен жасыл алаңға жарқ етіп шыға келгенінде, оларды басқа ко­мандалардан айыра алмау мүм­кін емес. Бірақ қанша жер­ден жар­қылдап көрініп жүр­гендерімен, айриштер алқасы осы кезге дейін әлем­дік додада да, құр­лықтық бә­се­кеде де пәлендей жо­ғары та­быс­қа жеткен жоқ. Мәсе­лен, құрама команда өзі бірінші рет қатысқан 1962 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу турнирінде топтан шыға алмады. Ол бұдан кейін мұндай турнирге тек 1990 жылы ғана қатысты. Бұл жолы құ­раманың айы оңынан туып, фи­нал­дық бәсекеге дейін барды. Онда ширек финалға дейін жетті. Бі­рақ осындағы 5 ойынның 4-ін тең аяқтап, 1-інде жеңіліс тапқан ирландтар осы кезеңде жарыс жолынан шығып қалды. Міне, күні бү­гінге дейін құраманың әлем чем­пионатындағы ең ірі жетістігі осы көрсеткіші болып отыр. Ол 1994 жылғы доданың да финалдық бө­лігіне жолдама ала білді. Бұл жылы да, кейінгі 2002 жылы да «жасыл жейделі жігіттер» 1/8 финалда өнер көрсету құқығына ие болды. Мұның есесіне, 1998, 2006 және 2010 жылдары іріктеу жарыс­та­ры­ның шеңберінен аса алмады.
Ирландия құрамасына 1972 жы­лы бірінші рет қатысқан Еуропа чемпионаты да бірден құ­ша­ғын аша салған жоқ. Команда квали­фи­ка­циялық турнирдің дең­гейінен ұзай алмады. Жалпы, ол 1988 және 2012 жылдары ғана топтық жа­рыстан шығып, құрлық бірін­ші­лігінің финалында күш сынасу мүм­­кіндігіне қол жеткізді. Бұдан бөлек, іріктеудің 2000 жыл­ғы тур­нирінде сәтсіздікке ұшы­рады. Ал жоғарыдағы екі чемпионатта да бірінші раундта қалып қойды. Демек, команданың құр­лық бірін­ші­лі­гіндегі көрсеткіші әлем­дік жа­рыс­тағы нәтижесінен көп төмен болды.
Үстіміздегі жылы Ирландия құ­рамасы әлем біріншілігінің ірік­теу турниріне 7-ші мәрте қатыс­қа­лы отыр. Ол бұл жолы Қазақстан құ­рамасымен бірге іріктеудің С тобына түсті. Осы кезге дейін біздің командалар өзара жасыл алаң үс­тінде жолыққан емес. Ендеше, ал­ғашқы «семсер түйістірудің» қа­лай ақта­латынын бүгін кешке Ас­та­надағы «Астана-Арена» спорт ке­шенінде өтетін сайыс көрсетіп бермек.
Осы жазда ғана Польша мен Украинада өткен Еуропа бірін­ші­лі­гіне қатысқан Ирландия құрама­сының тізгінін 2008 жылдан бері итальян маманы Джованни Трапаттони ұстап келеді. Бір қызығы, бұл елдің құрамасы 1921 жылдан 1969 жылға дейін жат­тықты­ру­шы­ның бақылауынсыз ойнап келген екен. Бұл тізгінді алғаш рет 1969 жылы Мик Миган есімді ағылшын маманы ұстады. Құраманы ең ірі табысқа жеткізген де ағылшын маманы болды. Ол ирландтардың бас командасын 1986-1995 жылдар аралығында баптаған атақты Джек Чарльтон болатын. Ал Дж.Трапаттони жаздағы құрлық бірін­шілі­гі­нен кейін құрамның едәуір өзгеріс­терге ұшырайтынын мәлімдеген еді. Дегенмен, оның өзінің жа­сақ­тың қаңқасын бұзуға батылы бармады. Соның нәтижесінде Джеймс Макклин, Даррон Гибсон және Джеймс Маккарти сынды футболшылар старттық құрамда қала бе­ретін болды. Сонымен қатар Дэмьен Дафф, Ричард Данн, Шй Гивен және Робби Кин секілді тә­жірибелі ойыншылардың құрамда қалуын бас жаттықтырушының өзі өтінді. Бұлардың арасындағы ең атақтысы, әлбетте, Робби Кин. Ол құрама сапында осы кезге дейін 104 ойын өткізді. Мұның өзі құра­ма­ның ең жоғарғы көрсеткіші. Фор­вард гол соғу жағынан да алдына жан салмай тұр. Ол осы матчтарда 45 доптың авторы атанған. Ал екінші орындағы мерген шабуылшы одан тура 24 доппен қалып тұр.
Бізге бір белгілісі, халық­ара­лық аренадағы жетістіктері онша­лықты қомақты болмағанымен, Ир­ландия құрамасымен өтетін ойын біздің жігіттер үшін оншалықты оңай бола қоймайды. Бұл «жасыл жейделілердің» 18-і Англияның пре­мьер-лигасындағы командалар сапында өнер көрсететінін айтсақ та түсінікті бола түсер деп ойлаймыз.
Қазақстан құрамасы бұдан кейін­гі ойынын 11 қыркүйек күні Стокгольмде Швеция құрамасымен өт­кізеді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».

Бөлісу:
  • Добавить ВКонтакте заметку об этой странице
  • Мой Мир
  • Facebook
  • Twitter
  • LiveJournal
  • LinkedIn
  • Одноклассники

Short URL: http://kk.sport.gov.kz/?p=3141

Сұхбат

20180705173502

Фируза Шарипованың 4 тамызға жоспарланған кездесуі кейінге шегерілді

Июл 27 2018

Екі салмақ дәрежесінде кәсіби бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипованың Мириам Гутьерасспен межелеген кездесуі өтпейтін болды. Бұл туралы қазақстандық спортшының баспасөз-қызметі хабарлайды. Бокс кеші Санкт-Петербургтегі М-1 Аренда 4 тамызда  өтуі тиіс Далее »