ҚАЗ РУС

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:

Ерекше мүмкіндік

+ 100% -
Версия для слабовидящих
|

Бекен Қайратұлы. Атақты балуан – Бақыт Однайұлы

Бақыт Однайұлы

 

Еркін күрестен әлем кубогының қола жүлдегері (1981) және әлем біріншілігінің кіші қола медаль иегері (1896), Моңғол елінің төрт дүркін чемпионы Бақыт Однайұлы жайлы сөз-сұхбат

 Бақыт Однайұлы – шетел қазақтары арасынан шыққан дара тұлғалардың бірі. Даңқты балуан. Моңғолия спортына еңбек сіңірген қайраткер (2007 жыл). Өз дәуірінде Олимпиада  және әлем чемпиондары мен жүлдегерлері – Сослан Андиев (КСРО), Б.Баугартнер (АҚШ), Д.Гобеджшили (КСРО), И.Болла (Венгрия), Б.Молла (Канада), А.Сандурски (Польша), А.Шрейдер (Германия), Касимиков (КСРО), Хабелев (КСРО), Роботка (Венгрия) т.б. алып балуандармен иық тірестіріп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүрген азамат.

Сондай-ақ иісі қазақтың тарихында әлем кубогынан медаль бұйырған әрі әлем чемпионатында кіші қола медаль еншіліген тұңғыш тұлға. Бақаңның балуандығын былай қойғанда, аңғалдығы мен әзілқойлығы, үстінен түйелі көш өтіп жатса да былқ етпейтін сабыры, еңбекқорлығы, тиянақтылығы үлгі тұтуға әбден тұрады.

Бақыт балуан өз елінде өте танымал тұлға. Тіпті моңғолдың көптеген  қаламгер-журналистері Бақаңды кейіпкер етіп көлемді очерк, хикаялар жазды. Мысалы, 1997 жылы Ұлан-батыр қаласында шығатын «Өнөөдөр» («Күнделік») атты газеттің қаңтардың 16-күнгі санында Р.Чулуун есімді журналист: «Бақыт Однайұлы таудың қыран құсындай күрес кілеміне жұлқынып шыққанда көрермен қатты сүйсінуші еді. 1970 жылдары монғол балуандары дүниеге таныла бастаған кез. Әсіресе еркін күрес түрінен бәсеке күшті болды. 1974-1975 жылдары Бақыт қиырдағы қазақ ортасынан келіп, жастар арасында чемпион атанды. 1976 жылы ересектер арасында ел біріншілігі Забқын аймағында өтті. Осы додаға тұңғыш қатысқан 22 жасар қазақтың баласы Бақыт 82 келіде күресіп, қола медальға ие болды. Келесі жылы салмағы күрт өсіп 100 келідегі мықтылар арасында әлем чемпионы Х.Баянмукеден ғана жығылып күміс медальды қанжығалады. Осы жетістігін қатарынан төрт жыл қайталады. 1980 жылы аталмыш салмақта топ жарып, 1985 жылға дейін ешкімге дес бермеді. 1986 жылы 130 келі салмаққа ауысып 1988 жылға дейін алдына жан салмады...» деп жазыпты.

Сол сияқты өте танымал «Бөх» («Балуан») газеттің 1999 жылғы кезекті санында Б.Онха атты зерттеуші біздің Бақыт жайлы былай депті: «Бойы – 190 см, салмағы – 125 келі, кеудесінің көлемі – 130 см, қою қара қасты, еңгезердей осы бір қазақ азаматын көргенде көз тояды. Еркін күрес түрінен 1980 жылы Мәскеу олимпиадасына және 1983-86 жылдары қатарынан үш рет әлем чемпионатына қатысты. 1986 жылы әлем біріншілігінің кіші қола медалын алып келді. «Ізгі ниет» ойындарының және халықаралық Интернационал сайысының екі дүркін жеңімпазы. Халықаралық үлкен турнирлерден 4 алтын, 11 күміс, 6 қола, жалпы саны 80-нен астам медаль алған қазақ ұлтынның ұланы»

***

Біздің Бақаң осындай адам. Өз басым бұл ағамызбен көптен дәмдес-сырлас болып жүрген жайым бар. Бір қарағанда тұйықтау сияқты көрінгенімен қазақы әңгімені баптап айтқанда мейірің қанып тыңдайсыз. Бірақ өзінің күресі жайлы әңгімеге тым шорқақ. Қазақшалап, «алып ұрдым», «мыжғылап жеңдім», «сүйретіп жүріп екпетінен түсірдім», «көк желкеден мытып жібердім» т.б. бар айтары осы. Сонымен сөзге сараң Бақаңды суыртпақтап сыр тартып көрелік:

–  Бақа спортқа қай кезден бастап ден қойдыңыз?

–  1971 жылы 10 жылдық орта мектепті бітірген соң ешбір оқуға түсе алмай далада қалып қойдым. Бір бастық ағайым астанадағы ауылшаруашылық институтына мені қабылдауды өтініп ресми хат жазып берді. Ұлан-батырда апа-жездем тұратын. Салып ұрып сонда бардым. Ана  институт мені маңына жолатпады. Апайым: «тіл үйрен, елмен таныс» деп, өзі жұмыс істейтін ұн өндірісіне «электриктің көмекшісі» етіп жылы-жұмсақ орынға жайғастырды. Менің сорайған бойымды көріп өндірістің волейбол командасының жаттықтырушысы шақырып алды да, доп ойнауымды талап етті. Менен волейболшы шығады деп ойласа керек.

–  Сізден волейболшы шықты ма?

– Спорттағы алғашқы медальді осы волейболдан алдым. 1973 жылы жастар арасындағы республикалық біріншілікте біздің команда жүлделі үшінші орынға ие болды.

–   Күресті қашан бастадыңыз?

–  Күресті 20 жасымда бастадым. 1974 жылы ойда жоқта  еркін күреске келіп қатысып, екі айдың ішінде жастар арасындағы біріншілікте 84 келі салмақта топ жардым. Іле Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында өткен «Олимпиада үміттері» атты халықаралық жарысқа қатысып, алғашқы алтын медальға қол жеткіздім. Келесі жылы тағы да жастар арасында чемпион болдым. Осылай менің күрестегі күндерім басталды.

-         1976 жылы ересектер қатарына өттіңіз?

- 1976 жылы ересектерге өттім.  Салмағым 82 келі. Ел біріншілігіне Бай-өлке аймағы атынан қатыстам. Моңғол балуандарында ұнамсыз бір әдет бар. Олар өз елінде басқа ұлттың адамынан жеңілуді құп көрмейді. Егер жеңілген жағдайда өзге замандастары оны ұзақ уақыт келекелеп мазақ етеді. Мен қола медаль үшін Батшулун деген балуанмен кездестім.  Сұмдық намысшыл екен. Тік шапшып, едірең-едірең етеді. Менде қарап қалмадым, тұқыртып тұрып, иттің баласын ары-бері төңкердім. Төреші менің қолымды көтерді. Жеңілген жігіт кілемнен тұрмай жатып алды. Оны командаластары носилкага салып көтеріп кетті.

–  1980 жылы өткен Мәскеу олимпиадасына қатыстыңыз…

– 1980 жылы Мәскеу олимпиадасында күрестім. Мен күресетін салмаққа әлемнің 33 елінің 151 палуаны қатысты. Салмағым 100 келіден жоғары болатын. Осетин жігіті Сослан Андиевтен жеңілдім. Ол Олимпиада чемпионы болды.

– Сіз еркін күрестен  әлем кубогы мен әлем біріншілігінен медаль алған ғаламдағы тұңғыш қазақ екенсіз. Тағдыр сізге осындай ғажайып мүмкіндік сыйлапты. Осы күрестеріңіз жайында тарқатып әңгімелеуге қалайсыз?

– 1981 жылы әлем кубогы жолындағы күрес АҚШ-тың Толеда қаласында наурыз айының 28-29 күндері өтті.  Бұған әр құрлықтағы үздік командалар шақырылды. Азия құрлығы атынан моңғол балуандары бардық. Ол заманда жарыстың  басқаша ерекшелігі бар еді. Бүгінгідей командалар бетпе-бет күресіп, есеп айырыспайтын. Әрбір салмақтағы балуандардың жекелей көрсеткіші бойынша команданың ұпайы түгенделетін.

Содан опыр-топыр күрес басталды.  Бір заманда аңдасақ, біздің команда мен тағы бір  команданың ұпай теңесіпті. Елдің бәрі күресіп біткен. Күреспеген 100 келіден жоғары салмақта жалғыз мен қалыппын. Кім жеңеді, соның командасы әлем кубогының қола жүлдегері атанбақ.

Бұған дейін Моңғолия балуандарына мұндай мүмкіндік тумаған. Командаластарымының бәрі көзі жаудырап маған қарайды. Олардың жанарынан: «Бақыт, бізді жерге қаратпа!» деген жанайқайды оқыдым. Осылай бір сұрапыл шайқас басталды. Ақырында мен жеңдім. Қортынды есеп бойынша Кеңес одағы балуандары бірінші орын, америкалықтар екінші орын, біздің команда үшінші орынға иелік етті. Осылай әлем кубогының қола медалын алған жайым бар.

- Бұл оқиға туарлы сол тұста моңғолия баспасөздерінде көп жазылыпты. Тіпті сізді «ұлт батыры» ретінде сипаттапты…

- Біз жеңіс алып келген соң үкімет адамдары қабылдады. Елдің басшысы қолымды қысып, рахметін айтты. Мемлекеттік награда «Алтын Жұлдыз» орденін кеудеме тақты.

- 1986 жылы сіз әлем чемпионатына қатысып кіші қола медаль алған екенсіз. Осы оқиғаны тарқатып көрсек?

- 1986 жылғы әлем біріншілігі қазан айының 19-22 аралығында Венгрияның астанасы Будапешт қаласында өтті. Мен 120 келіден жоғары салмақта күрестім. Осы салмақ бойынша бас жүлде Америка балуаны Брюс Баугартнерге бұйырды.  Екінші орынға кеңес елінің балуаны Дэвид Гобежишвили ие болды да, үшінші орынға шыққан германиялық балуан Адреас Чордер екеуміздің ұпайымыз теңесіп қалды. Сөйтіп А.Чордер қола медаль алды да, маған кіші қола медаль бұйырды. Осы жетістігім үшін маған «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы берілді.

–  Бақа, спортта қиянат көп болады деп жатады, сондай жағдай басыңыздан өткен жоқ па?

– Талай қиянатты бастан кешірдік. Бір жылы еркін күрестен Азия біріншілігі Үндістанда өтетін болды. Баратын команда құрамына мен де кірдім. Ол заманда дүние капитализм-социализм болып екіге бөлініп алған, саяси теке-тіркесіп тұратын. Үндістан капиталист ел болғандықтан баратын спортшылар құрамы Орталық комитетте қаралып, бекітіледі. Осы тізім бойынша Сыртқы істер министрлігі шетелге шығатын виза береді.

Қазіргі танымал дипломат Сайран Қадырұлы Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқаратын. Үйге Сәкең келді сүйінші сұрап: «Ойбай, Бақыт, сен Азия біріншілігіне баратын болдың, бізге тізім келіп түсті, ішінде сенің аты-жөнің бар». Содан әпке-жездемде ес қалмады. «Үндістан ыстық ел, күн өтіп кетпесін» деп әпкем әдемі ақ сұр костюм сатып алып кигізіп қойды. Ертең аттанады деген күні ағайын-туғандарды шақырып, кішігірім той жасадық.

Таңертең ерте әуежайға келсем, бізді бастап баратын бастықтар: «Бақыт сен бармайтын болдың, орныңа басқа балуан барады. Сен әлі жассың, болашағың алда!» деп, маңырап тұр. Өмірімде осылай құлазып көрмеген шығармын. Сенделіп, көк соққан теке сияқты әуежай да қалып қойдым. Осындай күндер де өткен біздің бастан…

–   Шыныңызды айттыңызшы, спортта қазақы қаныңызға тартып, намысқа басқан кезіңіз болды ма?

– Тағы бір жылы мынадай оқиға болды. Алпыстан астам атақты балуандар жиналып моңғолдың ұлттық күресінен арысқа түстік. Таңертең басталған күрес түс ауғанда барып орталады. Ең соңында екі  балуан қалдық. Содан ары арбастық, бері арбастық, алыстық-жұлыстық, екі сағат дамыл таппай күресіп жығыса алмадық. Көрермен жалыға бастады. Көрерменнің көңілін аулап жақын жерде орналасқан әскери бөлімнің үрмелі аспаптар оркестрі келіп, құйқылжытып музыка ойнады.

Бір кезде құлағыма өте таныс әуен шарықтай жөнелгені. Байыптап тыңдасам, Абайдың «Көзімнің қарасы» екен. Шіркін, сыңсып тұр. Қу медиен дала, құмы көшіп, киігі жүгірген гобидың құба шөлінде Абай атамның әні. Тұла бойыма тылсымнан күш келіп құйылды. Әннің шумағы көтерілген тұсында мен де қарсыласымды тік көтеріп, басымнан асырып лақтырдым. Даланың қайрақ құмын қауып жығылған қарсыласым: «Мына қазақты қарашы, ұлтының әні естіліп еді өзінен-өзі құтырынып кетті» деп күңкілдеп жатты.  Оған қарап тұрған мен жоқ, басынан аттап, тайраңдап жүре бердім. Осындай да қызық болады екен.

–  2000 жылы сіздің ғұмырбаяндық тарихыңыз жазылған  «Нар тұлға» атты кітап жарық көріпті. Осы кітапта қазақтан шыққан танымал режиссер Сұлтан Қожықовпен жолығып дәмдес болғаныңз жайлы деректі көзіміз шалды. Қалай, қайда жүздесіп жүрсіздер?

– 1981 жылы Грузияның астанасы  Тиблиси қаласында еркін күрестен «А» кластық халықаралық турнир өтті. Дәл кілемге шыққалы тұрып  әйгілі режиссер Сұлтан Қожықов ағаман таныстым. Марқұмды бұрында «Қыз Жібек» фильмінің режиссері ретінде білетін едім. Менің қазақ екенімді естіген жерде еңіреп жетті. Аршындап келіп: «Ай, бауырым-ай, арысым-ай, батырым-ай, бар екенсіңдер ғой, қазақтың атын шығарып жүрген сенен айналайын!» деп, бас салды. Күжірейіп тұрған мені шолпылдатып сүйіп жатыр. Қасымдағы моңғол палуандары аң-таң… Екі қазақ сүйісіп жатырмыз. Кілем мен күрес жайында қалған.

–   Содан…

–  Содан есімді жисам бапкерім «кілемге шық» деп ұрсып жатыр екен. Менімен күресетін түрік балуаны баяғыда кілемге келіп алған күтіп тұр. Оның да салмағы 120 келі, көзінің ағы айналып, қызарып кеткен, қаңтардағы жараған бура секілді біреу. Тегі кезінде Кеңес елінен қашқан кавказдықтардың тұқымы болар деп жорамалдадым, басы қазандай, үсті басын жүн басқан таудың жабайы аюы сияқты ыңыранады-ай келіп.

Кілемге беттеп бара жатып, артыма бұрылып қарасам, Сұлтан ағам шөке түсіп отырып қалыпты. Екі алақанымен бетін көлегейлеп алған. Тегі мені анадан жеңіледі-ау деп ойласа керек, тәңірісіне жалбарынып жатыр. Шіркін, қан деген бөлек қой, шиыршық атып шыға келдім.  Төрешінің ысқырығымен қоса қарсыласыма оқша атылдым.  Бейшара бейқамдау адам екен сып етіп аяғына өтіп  кеттім. Аш белінен орай ұстап, өзім шалқая беріп оң қапталға жастап лақтырдым. Топ етіп екі ұпай қоржыныма түсе қалды.  Қайта белдестік, екінші кезең тең аяқталды. Ақырғы белдесуде артына шығып кетіп тағы бір ұпай алдым. Анау шетте тыпыршып тұрған Сұлтан ағама көзімнің қиығын салып қарап қоям. Жарықтық мәз-мәйрам, арқа-жарқа. Менің жеңісіме әйелі ұл тапқандай қуанды. Сол күні Сұлтекең ең үлкен мейрамханаға дастархан жайып бәрімізді қонақ етті.

–  Қазақтың даңқты балуаны Әбілсейіт Айхановты аға әрі ұстаз тұтатын көрінесіз, оның себебі қалай?

– Әбілсейіт Айханов ағаммен алғаш 1983 жылы  ойда жоқта ұшырастым. Осы жылы қыркүйек айының 11-14 аралығында Киев қаласында еркін күрестен әлем біріншілігі өтті. Осыған әлемнің 25 елінен 150 балуан қатысты. Мен бесінші орын иелендім. Әбіл аға келіп  құшағына басты. Ақ батасын берді.

Одан кейін Әбіл ағам 1984 жылы Ауғанстан елінің құрамасын бастап Ұлан-батыр қаласында өткен жарысқа келіп қатысты. Үйіме шақырып дәм татырып жібердім.

Үшінші рет ағамен 1986 жылы Кабул қаласында  ұшырастым. Ауғанстанда «Сәуір» төңкерісінің сегіз жылдығына орай үлкен халықаралық турнир өтті. Мен өз салмағымда 1-орын иелендім. Тағы сол Әбіл ағам айқара құшақтап бауырына басып тұрып көзіне жас алды. Мен де көзімді сулап ишарат жасаған болдым.

Дәл осы күні Кабулда қырғын соғыс басталды.  Бабрак Кармалдың үкіметін құлатып, Нажибулла билікті қолына алды. Қала ішіндегі қырғын атысқа қарамай Әбіл аға мені әуежайға дейін өзі шығарып салып, оқ борап тұрған қойнауда қала берді. Әбілсейіт көкем, осындай батыр адам.

– Бақа, болашақта балуан боламын деген бауырларыңызға арнап не айтар едіңіз?

– Менің спорттағы ұстазым – самбо және еркін күрестен әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері Х. Баянмунке айтатын: «Ей, Бақыт, балуан болам десең ерінбей еңбек ет, төккен тердің бодауы әсте далаға кетпейді,  бүгін болмаса ертең игілігін көресің. Күреске күш емес  ақыл керек. Сабыр мен қайратың теңелгенде нағыз балуан боласың!» дейтін.  Осыған біртуар балуан Александр Медведьтің: «балуан адам – шахматшыдай сүңғыла, штангистей күшті, марафоншыдай төзімді, 100 метрге жүгіретін желаяқтай шапшаң, цирктің акробатындай епті болу керек» дегенін қосар едім.

Мәскеу олимпиадасы. 1980 ж. Кілемде: Сослан Андиев пен Бақыт Однайұлы

Мәскеу олимпиадасы. 1980 ж. Кілемде: Сослан Андиев пен Бақыт Однайұлы

 

 

www.namys.kz

 

Бөлісу:
  • Добавить ВКонтакте заметку об этой странице
  • Мой Мир
  • Facebook
  • Twitter
  • LiveJournal
  • LinkedIn
  • Одноклассники

Short URL: http://kk.sport.gov.kz/?p=6779

Сұхбат

20180705173502

Фируза Шарипованың 4 тамызға жоспарланған кездесуі кейінге шегерілді

Июл 27 2018

Екі салмақ дәрежесінде кәсіби бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипованың Мириам Гутьерасспен межелеген кездесуі өтпейтін болды. Бұл туралы қазақстандық спортшының баспасөз-қызметі хабарлайды. Бокс кеші Санкт-Петербургтегі М-1 Аренда 4 тамызда  өтуі тиіс Далее »