ҚАЗ РУС

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:
Версия для слабовидящих
|

Астана тойына – қос Азия чемпионаты

Маусымның 1-2 күндері Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында елорда төрінде аударыспақ пен теңге ілуден Азия чемпионаты өтеді. Осы жарыс қарсаңында республикалық «Ұлттық және ат спорты орталығының» директоры Нұрсұлтан Ибрагимовпен арнайы сұхбат құрған едік.

- Астанадағы «Қазанат» атшабарында болатын аударыспақ пен теңге ілуден Азия чемпионатын тиісті деңгейде атқаруға орталықтың үлесі қандай болмақ?

- Республикалық «Ұлттық және ат спорты орталығы»   2016 жылы желтоқсан айында үкімет қаулысымен құрылды. Ұлттық мұрасы бай қазақ жұртына осындай орталық өте қажет еді. Аллаға шүкір, ұлттық спорттың барын түгендеп, жоғын жоқтайтын арнайы ұжымның болғаны бізді осы бағытта талмай ізденуге, ерінбей еңбек етуге үндейді. Бұрын ұлттық спорттың қарашаңырағы болса, деп талай ағаларымыз армандаған шығар. Енді міне, біз сондай шаңырақта еңбек етіп жүрміз. Халқымыздың ұлттық ойындарын дамытуға шама жеткенше үлес қоссақ, осы саланың жыртығына жамау бола алсақ, соның өзі ер мойнындағы бір міндет, абыройлы тірлік екені дау туғызбайтын шындық.

Ал сұрағыңызға келсек, теңге ілу мен аударыспақтан Азия чемпионатының дайындық жұмыстарына, насихат ісіне барынша атсалысып жатырмыз. Жақын күндері Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, осы екі жарысқа байланысты біраз тапсырма берді. Ол кісі бәрімізден 9 елдің спортшылары қатысатын құрылық чемпионатының жоғары деңгейде өткенін қалап отыр.

- Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей басшылығымен былтыр ЭКСПО көрмесі аясында «Қазанат» атшабарының жанынан тамаша этноауыл бой көтеріп еді…

- Иә, ЭКСПО-ға сырттан келген мыңдаған қонақ этноауылға  тамсанып кетті десек, артық айтқандық емес. Этноауылға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келді. Өзіміздің жанкүйерлерден неше мың адам арнайы барғанын санау мүмкін емес. Биылда этноауыл жұмысын жалғастырады. 1 маусымнан бастап ашылып, өз көрермендерін қуантпақ.

- Бәрекелді, енді осы екі чемпионатқа ЮНЕСКО өкілдерінің не себепті  келе жатқанын айтып өтсеңіз.

- Иә, биылғы Азия чемпионатының бұрынғылардан басты ерекшелігі де осы ЮНЕСКО-ға байланысты болып отыр. ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің төрағасы Халил Ахмед Хан, осы комитеттің үйлестірушісі  Марселлин Дэлли және комитет хатшысы Шамми Рана Азия чемпионаттарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысады, әрі екі жарысты бастан-аяқ тамашалайды. Неге дейсіз ғой, бұл кісілер Астанаға тек жарыс көру үшін ғана келе жатқан жоқ. ЮНЕСКО мамандары осы сапарында Қазақ елінде  ұлттық спорттың даму, өсу-өркендеу барысына баса мән береді. Қос чемпионаттың насихаты мен ұйымдастырылуы өз алдына, үкіметтің осы салаға көзқарасы қандай, ұлттық спорттың бұқаралық сипат алуы қай деңгейде, ұлттық спортпен республика бойынша неше мың адам шұғылданады, спорт базалары қандай жағдайда, менің білуімше, ол кісілерді  толғандырған сұрақтар аз емес тәрізді.

- ЮНЕСКО өкілдерінің біздің елдегі ұлттық спортқа осынша мән беруі тегін болмаса керек…

- Дұрыс айтасыз. ЮНЕСКО 2021 жылы ұлттық спорт түрлерінен тұңғыш Олимпиада ойындарын өткізуді жоспарлап отыр. Сол ойындарды атқаруға қазір төрт мемлекет үміткер, деп естідік. Төртеудің бірі – Қазақстан. Егер теңге ілу мен аударыспақтан болатын Азия чемпионаттарына ЮНЕСКО мамандарының көңілі толса, ұлттық спортқа байланысты басқа мәселелерді дұрыс көрсете алсақ,   2021 жылғы Олимпиада ойындарының астанасы Астана болуы әбден ықтимал.

- Мынауыңыз тамаша жаңалық екен. Қысқы Азия ойындары мен дүниежүзілік қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде атқарып шыққан Қазақ елі ұлттық спорт Олимпиадасын да жақсы дәрежеде өткізетіні күмән туғызбайды.

- Әзір асықпайық. Астанадағы чемпионат жүлдесіне  Түркия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және  Қазақстан құрамалары таласады. Біздің мақсатымыз – екі Азия чемпионатын дұрыстап ұйымдастырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізу.

- Иә, өз жеріміздегі ірі жарыста спортшыларымыздың жеңіске жетуі өте маңызды. Енді теңге ілу мен аударыспақ құрамаларын оқырманға таныстырып өтсеңіз.

- Екі құраманың Азия чемпионатына дайындығына республикалық Спорт комитеті мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы көп еңбек сіңірді. Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан ағамыздың ұлттық спортқа деген ықыласына еріксіз риза боласыз. Команда мүшелеріне келсек, Азия чемпионаты қарсаңында екі спорт түрінен арнайы іріктеу болды. Спортшыларға арнап оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде қос құрама сайдың тасындай жігіттерден жасақталды. Теңге ілуден қазақтың намысын республика чемпионы Мағжан Сапарбек  пен 2015 жылғы  Азия чемпионы, 2017 жылғы «Ақ бидай»    ауыл спорты ойындарының жеңімпазы Ғалымжан Ізжанов қорғайды. Құраманың аға жаттықтырушысы — елімізге танымал маман Нұркен Байбөриев.

Аударыспақшылар  бес салмақ бойынша сынға түседі. Аса ауыр салмақта екі дүркін Азия жеңімпазы, құрылықтың абсолютті чемпионы Біржан Қосалиев, ауыр салмақта Азияның 2016 жылғы абсолютті жеңімпазы, құрылықтың екі мәрте  чемпионы Сырым Ізбасаров, сонымен қатар, 60 келіде «Ақ бидай» ауыл ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатына іріктеу жарысының үздігі  Азамат Серғазин, 70 келіде «Ақ бидай» ауыл ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионы Шыңғысхан Ержанов, 80 келіде «Ұлы Дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы, Қазақстанның екі мәрте чемпионы Есімхан Рахмәтілла сынды саңлақтарға зор сенім артып отырмыз. Бұл жігіттерді  құрылық чемпионатына  Қуанышбек Құрамаев пен Жанбатыр Бекмұсаев баптады.

- Қазір нарық заманы, енді жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйақы жағына тоқталып өтсеңіз.

- Қазақстан  Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы қос чемпионаттың жүлде қорын 14 миллион теңге көлемінде белгілеп отыр.

- Астана мерейтойына арналған екі чемпионатта нағыз күштілер топ жарсын, деген тілектеміз. Естуімізше, Азия чемпионатынан кейін де жанкүйер қауымды ірі ұлттық спорт додалары күтіп тұрған тәрізді…

-  Дұрыс айтасыз. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық спорт түрлерінен тұңғыш «Ұлы дала рухы» фестивалін өткізуді көздеп отыр. Республикалық «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» атқаратын бұл фестиваль 2018  жылғы 13 шілде күні басталып, еліміздің Оңтүстік, Шығыс, Батыс және Солтүстік аймақтарындағы іріктеу жарыстары  31 тамызда мәреге жетеді. Қазақ күресі, көкпар, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілуден байтақ еліміздің бар аймағын қамтитын фестивальдің жартылай финалдық және финалдық бәсекелері 7-16 қыркүйек күндері Астана қаласында өтеді. «Ұлы дала рухы» фестивалі кезінде бүтін қазақ даласы ұлттық спорттың дүрмегіне бөленеді. Бұл аламанға ата-баба мұрасын серік еткен барлық майталмандар атсалысады. Ондаған жылдар бойы тұншығып, өрісін жаза алмай келген ұлттық мұрамыз жаңа белеске беттеді. Ғұмыры ұзақ, тірлігі баянды болсын, деп тілейік.

Short URL: https://kk.sport.gov.kz/?p=27470

Сұхбат

article-2177-1525338088

Ерлан Қожасбай: Күрес тарихындағы ең ауқымды әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Авг 21 2019

Күрес әлеміндегі басты спорттық оқиғаға бір айдан аз уақыт қалды. 2019 жылдың 14-22 қыркүйек аралығында Қазақстан елордасында грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Әлем чемпионаты өтеді. Нұр Сұлтандағы турнир Жапония Далее »