ҚАЗ РУС

Нормальная версия

Размер шрифта:
Цвета сайта:
Версия для слабовидящих
|

Тау шаңғысының тынысы қалай?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

 

    Наурыз мейрамы қарсаңында қазақстандық журналист-шаңғышылар «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында баспасөз жиынын өткізді.

Жақында Италияның Понти ди Леньо елді мекеніндегі тау шаңғысы курортында «Халықаралық журналист-шаңғышылар клубының» 60-басқосуы өткен. Осы жиында Қазақстан журналис­тері аталмыш клубтың құрамына қабылданды. Сөйтіп, «Халықаралық журналист-шаңғышылар клубы» құрамындағы 38-мемлекет болды.

Жалпы, «Халықаралық журналист-шаң­ғышылар клубы» немесе SCIJ (Ski Club of International Journalists) 1951 жылы құ­рыл­ған. Оның негізін қалаушы – француз журналисі Жиль де Ла Рок. Ол тау шаңғы­сымен үздіксіз айналысқан. Қазір бұл клуб­тың құрамына 38 елдің журналистері кіреді. Клубтың мақсаты – журналистердің кәсіби және спорттық мүдделер негізінде пікір алмасуына ықпал етіп, өзара қарым-қатынастарын нығайту. Клуб мүшелері жыл сайын әлемнің ең үздік тау шаңғысы ку­рорт­тарының бірінде бас қосып, шүйір­келеседі. Шаңғы теуіп, жарысады. Тәжіри­бе алмасады.

Осындай кездесу 2012 жылы Эрзурум­де (Түркия) өткен. Биыл SCIJ мүшелері жо­ғарыда айтқанымыздай, Италияда бас қосты. 2014 жылы Швейцарияда, 2015 жы­лы Испанияда кездеспек.

Қазақстан журналистері алғаш рет был­тыр Түркияда өткен басқосуға қонақ ретінде шақырылған. Онда SCIJ басшы­ла­ры біздің елден барған журналистер деле­гациясына құрама команда жасақтап, осы халықаралық клубқа енуді ұсынды. Сөйтіп, 2012 жылдың желтоқсан айында біздің елде де осындай клуб құрылып, оның құ­ра­мына шаңғы тебе алатын, сондай-ақ ағ­ыл­шын немесе француз тілін білетін кә­сі­би жур­налистер қабылданды. Ал биылғы Италияның Понти ди Леньо тау шаңғысы курортындағы «Халықаралық журналист-шаңғышылар клубының» алпысыншы басқосуында Қазақстан осы ұйымның то­лыққанды мүшесі болып бекітілді.

Италиядағы басқосуға әлемнің 32 мем­лекетінен 210 журналист қатысты. Әдет­тегідей тау шаңғысы индустриясының әлемдегі даму барысы жөнінде пікір ал­мас­қан соң, журналистер шаңғы теуіп жа­рыс­ты (слалом-гигант бәйгесі бойынша).

Қазақстаннан биыл SCIJ басқосуына үш журналист барды. Олар – команда ка­пи­таны Анастасия Наумецкая («Гурман» жә­не HoReCa журналының редакторы), Ирина Баженова («Время» газеті редак­то­рының орынбасары) және Андрей Кукуш­кин («Центр Азии» журналы). Қазақстан жур­налистері жүлделі орындарға ілікпесе де, өздерінің жоғары нәтиже көрсетіп, көптеген елдің журналист-шаңғышыла­рынан озып кеткендерін мақтан тұтуда.

Италия жеріндегі жарысқа Қазақстан журналистері «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында жаттығып, әзірленген. «Шым­бұлақ» тау шаңғысы курортының бас ди­ректоры Ержан Еркінбаев журналист-шаң­ғышылардың жаттығуларына жағдай жа­сап қана қоймай, нұсқаушы бөліп, шебер­лік­терін арттыра түсуге ықпал еткен.

Әрине, SCIJ басшылары мен мүшелері өздерінің жағрафиясы кеңейіп, қатарла­рына жаңа мемлекет қосылғанына қуа­нышты. Өйткені олардың басым көпшілігі­нің табандары әлі қазақ топырағына (ақша қарына) тимеген. Біздің журналистерден Алатаудың әсем табиғаты мен спорттың осы түрінен еліміздің ұлттық құрамасы да­йындалатын тау шаңғысы жолдары жайлы естіп, «естері кетіп», қызығушылық таны­тып отырған да сияқты көрінеді. Өздеріне беймәлім, әсем табиғат аясында шаңғы тебу – олар үшін үлкен жаңалық. Маман­дар «бұл бізге де тиімді» деп отыр. SCIJ мү­шелері «шаңғы басын» «Шымбұлаққа» бұр­са, шетелдік туристер саны да арта түсуі тиіс. Ақ басты Алатау төсіндегі «Шым­бұ­лақ» бірнеше елге кеңінен насихатталып, төрткүл дүниеге таныла береді.

Әз-Наурыз қарсаңында «Шымбұлақ» төрінде өткен баспасөз жиынының со­ңында біз осы тау шаңғысы курортының бас директорын сөзге тартып, көкейдегі са­уа­лымызды қойдық. «Қазақ­стан тау шаң­ғысы спортының бүгінгі таң­да­ғы хал-ахуалы қандай» деген сұрағы­мыз­ға Ержан Еркінбаев былай деп жауап берді:

– Мен сарапшы маман емеспін. Бар болғаны тау шаңғысы курортының бас­қарушысымын. Әйтсе де, мен дәл қазіргі жағдайдың қанағаттанарлық емес екен­дігін көріп отырмын. Бізде әзірше ел намы­сын қорғап жүрген спортшылар бар. Бірақ алдағы уақытта осындай спортшылары­мыз­дың болмай қалуы да кәдік. Қазіргі спортшылар үлкен спорттан кетсе, дәл қазір олардың орындарын басатын жастар жоққа тән. Сол себепті мен тау шаңғысы спортына реформа қажет деп ойлаймын. Тау шаңғысы спортына қазіргіден де ер­екше көңіл бөліп, ден қоймасақ болмайды. Өкінішке қарай, қазір бізде қаржыландыру мәселесі де ойдағыдай емес. Лайықты деңгейде қолдау көрсетіліп отыр деп те айта алмаймын. Десек те, біздің спорт­шы­лар халықаралық додаларға қатысып жүр. Көрсеткіштері де тым нашар емес. Қай­талап айтайын, бүйте берсек, алдағы уа­қытта ел намысын қорғайтын өз спорт­шы­ларымыздың болмай да қалуы мүм­кін.

Осылай «Шымбұлақтан» екіұдай көңіл­мен төмен түстік. Тау шатқалындағы тау шаңғысы курортына шетелдік туристер ағылып жатса жақсы-ау. Бірақ қазақ бала­ларын тау шаңғысына тартып, шаңғы те­бу­ге баулымасақ, оның несі қызық, несі жетістік?!

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Short URL: https://kk.sport.gov.kz/?p=7881

Сұхбат

article-2177-1525338088

Ерлан Қожасбай: Күрес тарихындағы ең ауқымды әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Авг 21 2019

Күрес әлеміндегі басты спорттық оқиғаға бір айдан аз уақыт қалды. 2019 жылдың 14-22 қыркүйек аралығында Қазақстан елордасында грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Әлем чемпионаты өтеді. Нұр Сұлтандағы турнир Жапония Далее »